«ЖАЙЫЛМА» БАЗАРЫ ҚАЛАҒА ЖАҚЫНДАДЫ

 


Сейсенбі күні «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының бойында қалаға жақын маңнан «Жайылма» базары ашылды. Мұнда енді Жаңақорған ауданының бренді саналатын қарбыз және бақша өнімдері сатылады. Сауда орны облыс орталығынан 4-5 шақырым қашықтықта орналасқан. Енді халықаралық тас жолмен өтетін жолаушылар мен аймақтың сол­ түстік-батыс бөлігіндегі аудандар осы жерге тоқтап сауда жасай алады. Басты мақсат – өз өніміміздің өтімділігін арттыру. Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев базардың ашылуына қатысып, қарбыздың алғашқы сатылымына куә болды. 

– Осы жер Жаңақорған ауданының өнімдерін жан-жаққа жөнелтетін басты орын болмақ. Бүгін Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласына да осы «Жайылма» базарынан көкөністер жіберілді. Биыл аудандағы Жайылма ауылының өзінен 17 мың тоннадай қарбыз алынады деп күтіп отырмыз. Мұнан бөлек Бірлік, Бесарық ау- ылдары да мол өнімге қол жеткізуді көздеп отыр, – деді аудан әкімі. 

Жаз шығысымен жұрт аңсайтын қарбыздың саудасы енді қыза түседі. Базар ашылған күні-ақ жол жиегіндегі сауда орнын көріп, тоқтап жатқан көлікті жолаушылар жетерлік. «Жайылманың» қарбызын алғаш саудалағандардың бірі – Жалағаш ауданының тұрғыны Жанатбек Жақыпов болды. Ол облыс орталығынан қайтып келе жатып, көкөніс ала кетуді көздепті. Бағасы да, сапасы да көңілге қонымды осындай өнімдерді саты­ лымға шығаратын орынның ашылғанына қуанышты екенін жеткізді. 

Биыл жаңақорғандықтар 1627 гектар жерге бақша, 636 гектар жерге көкөніс өнімдерін екті. Енді маңдай тердің өтеуін ысырап етпей жинап, жаңадан ашылып жатқан сауда орындарына жөнелтуді ойластырып отыр. Айта кетейік, осындай базар бұған дейін Жайылма ауылы мен Жаңақорған кенті маңдарынан да ашылды. Енді тұрғындар бағасы қалтаға салмақ салмайтын бақша өнімдерін ешқандай делдалсыз саудалап, тікелей өндірушінің өзінен сатып ала алады.

Мәди ҚҰРМАНӘЛІ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 маусым 2017 г. 1 770 0