РУХ БОЛМЫСЫНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ – ҰЛТ ТҰҒЫРЫ

 

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламалық мақаласында қоғамымыз мұқтаж болып отырған ойлар мен ұстанымдар орын алған. Соның бірі жаһандану қарқыны үдеген уақытта өзіндік болмысымызды сақтап, жат мәдениеттің жетегінде кетпеу, әлемдік даму үдерісінен қалмау екенін түсініп отырмыз. Бұл жайында белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Баймырза Қожамберлиевпен ой бөліскен едік.

– Елбасы мақаласында көтерілген идеяларды толыққанды жүзеге асыра білсек, еліміздің рухани дамуын жеделдете түсетініміз анық. Рух болмысының жаңғыруы адамның рухани дүниесін байыту мен қоғамды дамытуға келіп тіреледі.

Ұлттың мәдениетін сақтау және онан әрі жетілдіру өмірлік маңызды мәселе. Жастарымыздың бойына ұлт құндылығын сіңіре білсек, рухани жаңғыруымыз мәңгілік болады. Адам мәңгілік болмағанымен оның әлеуметтік ісі мен рухани қуаты ғасырдан ғасырларға жалғасып, мәңгілік жоғалмайтыны ақиқат. Мысалы, Шәкәрім ғұламаның тарих қойнауынан тамыр тартқан ар ілімін зерделеуге болады. Ар ілімін жоғары ұстағандар – рухани жетілген жандар. Ұлтымыздың мәдени мұрасы – ұлт рухының көрінісі. Мәдениет дегеніміз, адамның ақылымен, қолымен жасалған құндылықтардың жиынтығы емес. Мәдениет адамның, ұлттың есеюі, жетілуі, кемелденуі оның танымдық қабілетінің ашылуы және жүзеге асуы. Мәдениет – тарих өрісі, адамның ақыл-ойының жемісі, адамның негізі, тұлғалануы. Рухани жетілген жан ғана рухани құндылықтардың мәнін түсініп, оны қорғаушы ғана емес, кейінгі ұрпаққа жеткізуші.

– Ұлттық код дегеніміз не?

– Халықтың жаратылысын, табиғатын, рухани бітімін, әдет-ғұрпын, тілін, ділін, дінін айқындайтын белгілері – ұлттық код. Қазақ халқының ұлттық болмысы ғасырлар бойы қалыптасып орныққан, сондықтан да ол болмыс қазақ рухын әртүрлі күйзелістерден аман алып келе жатқан айрықша қасиеті. Халқымыздың осы қасиетін танытатын формуласы материалдық байлықтан адами құндылықты биік қоятындығымен ерекшеленеді. Себебі, көне заманнан бастап әділеттілік, адалдық, шыншылдық және адамгершілік материалдық дүниеден әлдеқайда артығырақ бағаланған. Бірақ заман өзгерді, заманның қозғаушы күші адам да өзгерді. Құбылмалы саясат билеген уақыт ыңғайынан туындаған кемшіліктер кейіннен үлкен дертке айналды. Қазақтың өмір сүру ережесі қатты өзгерістерге ұшырады. Бұрын «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» делінетін, барша игіліктен арды, ұятты, адамгершілікті жоғары қоятын қазақтың рухани әлемінде керіағар ұғымдар қалыптасты. Ұлтымыздың этикалық коды бұзыла бастады. Соның бір салдары – бүгінгі қоғамның барлық саласын жайлаған сыбайластық пен жемқорлық. Елбасымыз бағдарламалық мақаласында осы құбылыспен халық болып, ел болып күресуге шақырады, адамгершілік ұстанымымызды нығайтуға меңзейді.

– Ұлттық кодымыздың қасиетін бойына жиған халық мұрасының бірі тіл екенін жаңа өзіңіз де атап өттіңіз. Өркениет өмір салтында өз тілімізбен қатар «өзге тілдің бәрін біл» деп Қадыр ақын айтпақшы, өзге тілді білуге де  біртабан жақын тұруымыз керек деп ойлайсыз ба?

– Мемлекеттік мәртебесіне қарамастан, қазақ тілінің қолданыс аясын тиісті дәрежеде кеңейте алмай келе жатқанымыз да рас. Бірақ, ұшқыр уақыт мойын бұрып қарап тұрмайтын сияқты. Заман өзгерді, қазір бізден қазақ тілімен қатар орыс тілін және ағылшын тілін оқып-үйренуді талап етеді. Бүгінде ағылшын тілін білуге әлем баса назар аударуда, себебі, барлық ғылыми жаңалықтар мен мәдени жетістіктер, технологияның аудармалары, идея мен тың ойлар, ең алдымен ағылшын тілінде жарық көріп жариялануда. Сондықтан да біздің жастарымыз үшін өз ана тілінен басқа орыс, ағылшын тілдерін де үйренудің қажеттілігі айқын. Сонымен қатар Елбасымыз қазақ жазуының латын әліпбиіне көшу мәселесін де көтерді. Латын әліпбиіне ауысу ағылшын тілін оқып-үйренуді жеңілдетеді. Елбасымыз атап өткендей, «Латыншаға көшудің логикасы – бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылым мен білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» болып отыр. Сондықтан да біз қазақ тілінің орыс, ағылшын тілдерінің тасасында қалып қоймай, әдебиет пен өнердің, ғылым мен жаңа технологияның тіліне айналып ұлттық кодымыздың негізгі өзегі болатындығына сенімділікпен қарауымыз қажет.

– Елбасының бағдарламалық мақаласынан туын­дайтын «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақстанның киелі жерлері геогра­фиясы», «Қазіргі Қазақстанның мәдениеті жаһандық әлемде» жобаларының бізге беретін игілігі қандай болмақ? Оларды іске асыру үшін не істеуіміз керек?

– Бұл жобалар өз болашағымызды өзіміз қалып­тастыруымызға мол мүмкіндік береді. Осы тұрғыда «ой түзелмей, бой түзелмейдіні» жадымыздан шығармауымыз керек. Сондықтан да, кітап шығару және әдебиеттерді тарату мәселесі өте маңызды болып табылады. Кітаптың адам жанының рухани бөлігі болып табылатындығы бұрыннан белгілі. Рухани жұтаңдықпен күрестегі басты қаруымыз кітап болуы керек. Осы бір тұрқы қол басындай, салмағы қорғасындай дүние бізді адамгершілікке, отансүйгіштікке, гуманизмге үйреткен. Сондықтан да, баспа қызметін, соның ішінде балалар әдебиетін шығаруға мемлекеттік қолдау қажет. Елбасымыз мақаласында атап өткендей, тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімділер аса қажет. Гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша алдағы уақытта әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, студент жастарға білім алуға мүмкіндік жасалады. Бұл – өте керемет идея. Яғни, біздің жастарымыз әлемдік білімнің брендіне айналған – Гарвард, Оксфорд, Кембридж, Массачутес университеттері үлгілерінің негізінде білім алса, бұл дегеніміз нұр үстіне нұр емес пе?! Шындығын айтсақ, біздің гуманитарлық саладағы біліміміз көп жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектелді. Әлемге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық.  Оқулықтардың заманауи таңдаулы үлгілері қазақ тіліне аударылса, жастарымыздың ой санасына сілкініс тудыратыны анық. Дана халқымызда «жақысының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген керемет сөз бар. Бұл дегеніміз өз еліңнің лайықты азаматы болуы үшін өмір сүріп, ерінбей еңбек етудің керектігі туралы тарихи анықтама.

– «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» мен «Қазақ­стан­ның қасиетті рухани құндылықтары» жобасы аясындағы философиялық көзқарасыңыз қандай?

– Қазақстанның 100 жаңа есім жобасы – тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұра­тын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмір­­баяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады. Тәуелсіздік кезеңінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін, оларға үлгі ұсынуымыз керек дейді. Бұл жерде мәселе адамның өзін өзі тарихта қалдырғысы келетіндігінде емес. Біз өткенді қалай білгіміз келсе, болашақ ұрпақ та біздің өміріміз жайлы білгісі келетін болады. 

«Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасы аясында рухани қастерлі ескерткіштерімізді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде қалыптастыруға меңзейді. Мұның бәрі де халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды. Немістің ұлы философы Гегель айтқандай, дамуда бұрынғыны тек біржақты теріске шығаруға болмайды. Ал диалектиканың заңы бойынша, тек ескірген, жаңа уақыттың талабына сай емес ой түйіндерін ғана принципті түрде бекер деуге болады. Әр халықтың рухани дамуында уақытқа тәуелсіз жаңа ойлар, жаңа принциптермен диалектикалық түрде сабақтас екені еш уақытта ұмтылмайды. Тек бұрынғы жаңа құндылықтар мен жаңа ойлардың, жаңа принциптердің ішкі диалектикалық байланысын дұрыс түсінгенде ғана мағыналы түрде алға жылжу жүзеге асады.

– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет. Рухани болмы­сы­мыздың жаңғыруына қосар үлесіңіз үделі болсын.

Сұхбаттасқан:

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 маусым 2017 г. 1 262 0