ҚР Премьер-Министрінің Қызылордаға сапары

    

 Қызылорда облысында жұмыс сапарымен  Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған Үкіметтік делегация болды.  Оның құрамында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы, инвестициялар және даму, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, қаржы, мәдениет және спорт, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлері, сондай-ақ, бірқатар мемлекеттік органдардың және даму институттарының жетекшілері бар.
    Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Үкімет басшысын аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы құлағдар етті. Сонымен бірге үкіметтік делегация өңірдің бірақатар маңызды нысандарын аралады.
    Алдымен Қызылорда  су торабында болған Үкімет мүшелері  Мемлекет басшысының тапсырмасымен  көктемгі тасқын суды жинақтау және суармалы жерлердің аумағын ұлғайту бойынша атқарылып  жатқан жұмыстармен танысты.  
    Аймақтың денсаулық сақтау және білім беру жүйесінің дамуымен  ҚР Премьер-Министрі  300 орынға арналған облыстық көпсалалы балалар ауруханасын және «Нұр-Шұғыла 2»  жекеменшік балабақшасын аралау барысында танысты. Мұнан соң  Үкімет басшысы бүгінде әртүрлі бағыттар бойынша 289 түрлі қызмет түрін ұсынып  отырған  Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болды.
    Жұмыс сапарының аясында     облыс  экономикасын жаңғырту мәселелеріне  арналған  жиын өтті.  Қырымбек Көшербаев аймақта Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық  бәсекеге қабілеттілік» атты  Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген   тапсырмаларды жүзеге асыру үшін барлық күш-жігер жұмылдырылып, негізгі салаларды техникалық қайта жарақтау, еңбек өнімділігінің деңгейін арттыру, бәсекеге қабілетті экспорттық өнімді дамыту шаралары қолға алынып жатқанын атап өтті.
«Өңдеу секторындағы өндіріс көлемі 9,4%-ға өсті, бұл республиканың орташа көрсеткішінен жоғары. Мемлекет басшысының технологиялық дамуды жеделдету жөніндегі тапсырмасы бойынша облыста  индустрияландыру бағдарламасы  аясында 6 кәсіпорын газды пайдаға жарататын, электр энергиясын өндіретін, күкірт қышқылын шығаратын және сүт өңдейтін жаңа технологиялық қондырғыларды іске қосты. Мәселен,  «Арал тұз» АҚ кәсіпорны испандық жаңа технология бойынша жұмыс атқаруда. Бұл  экспорт көлемін 40 есе ұлғайтуға мүмкіндік берді.  Соңғы 2 жылда кәсіпорын Ресейдің ас тұзы нарығының 12%-ына ие болды»,-деді Қырымбек Көшербаев.
  Облыс әкімінің айтуынша биыл аймақта экспортқа бағытталған екі бірдей кәсіпорынды іске қосу жоспарлануда. Олар – молибден үш тотығын өндіретін кәсіпорын және шыны зауыты. Атап өтерлігі, молибден тотығы толықтай Жапонияға экспортқа жөнелтіледі. Ал, шыны зауыты бойынша инвесторлар  қазірдің өзінде жобаның екінші  кезеңін:  күн батареяларына, смартфондар мен планшеттерге арналған ультра жіңішке шыны шығаруды талқылауда.  
   Сонымен қатар,  Бақытжан Сағынтаевқа  Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жақ жағалауындағы  құрылыс жобасы таныстырылды. Бұл жерде 18 көпқабатты (778 пәтер) тұрғын үйден тұратын алғашқы мөлтек ауданның, 320 орындық балабақшаның және басқа да нысандардың құрылысы қарқынды  жүріп жатыр.
  Түстен кейін ҚР Премьер-Министрі Жаңақорған ауданындағы «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнына барып, шахтаға түсіп, кенішті қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен,  оның даму перспективасымен, сондай-ақ, тау-кен байыту комбинаты құрылысының басталуымен танысты. Кен орнында «Тау-Кен Самұрық»  АҚ мен  Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) арасында тау-кен байыту комбинатының құрылысын қаржыландыру  жөніндегі  келісімге  қол қойылды. 1500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін бұл кәсіпорын 2018 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Мұнан бөлек, тау-кен байыту комбинаты 2018 жылдан бастап 2 млн тоннаға дейін, ал 2019 жылы 4 млн тоннаға дейін  кен өңдейді деп күтілуде.
   Сапар барысындағы келесі нысан-Жаңақорған ауданындағы ежелгі Сығанақ (VІ-ХІХ ғ.ғ) қалашығы болды.   Бақытжан Сағынтаев «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2003 жылдан бері жүргізіліп жатқан қазба және қайта қалпына келтіру жұмыстарын көрді. Ал, 2014 жылдан бастап  мұндағы археологиялық зерттеулер облыс бюджеті есебінен жүргізілуде. Осы жерде Үкімет басшысы шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен жүздесті.
   Сапар қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев мұнай өндіру көлемінің азайғанына қарамастан аймақта өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, жаппай орта бизнес белсенді дамып,  әлеуметтік сала мен тұрғын үй құрылысы бәрінен де  көп қаржыландырылып отырғанын атап өтті.

 






НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 маусым 2017 г. 1 592 0