Қызылорда облысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің мүшелерімен Мемлекет басшысының Жолдауындағы жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша алға қойылған міндеттерді іске асыру аясында шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мәселелерін талқылады.
Кәсіпкерлікті дамыту Үкімет қызметінің қаржылай және заңнамалық қолдау шараларынан тұратын басымдықты бағыты болып табылады. Өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша шекті мөлшерлемесінің ең көбі 6% болатын 17 млн теңгеге дейін шағын несиелер берілуде.
Сонымен қатар, бизнес ортаны қайта реттеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр, рұқсаттар саны 3 есеге қысқартылды, мемлекеттік бақылау және қадағалау қызметтеріне тексеріс жүргізілді, салықтық тексерістер саны 40%-ға қысқартылатын болады.
Үкімет бизнестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін жетілдіру мен денсаулық сақтау және білім беру нысандарының құрылысы саласында заңнамалық реттеуді жеңілдету бойынша ұсыныстарын ескерді. Сонымен қатар ескірген нормалар мен ережелер күшін жояды, рұқсат талаптарының саны қысқартылады.
Сатып алулар саласын жетілдіріп, бизнестің квазимемлекеттік секторды сатып алуға қолжетімділігін жеңілдету үшін электронды алаң, категориялық жүйе және біліктілік алдындағы іріктеу, индустриялық сертификат жобасы іске асырылады.
Ауыл шаруашылығында кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатымен АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатыр. Оның аясында қаржы құралдары, жер ресурстарын тиімді пайдалануға жағдай жасау, ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етуді арттыру, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мен АӨК ғылыми-технологиялық қамтамасыз ету көзделген.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бизнес қатысушыларын, соның ішінде аграрлық саладағы мамандарды ұсынылып отырған мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдаланып, ішкі қажеттілікті молықтырып, экспорттық нарыққа шығару үшін жоғары сапалы бәсекеге қабілетті өнімдерді өндіруге шақырды.
Бақытжан Сағынтаев жергілікті қамту үлесін арттыру мен жекешелендіру рәсімдерін жеңілдету арқылы мемлекеттің экономикаға араласуын азайту мәселелеріне тоқталып өтті. Жекешелендіруге қатысу бизнеске жаңа жолдарын ашуға мүмкіндік береді.
Бақытжан Сағынтаев өңірлік бизнестегі түйіткілді мәселелерді талқылау үшін кәсіпкерлерді диалогқа және бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Шағын және орта бизнесті дамыту туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов айтып өтті. Облыстың бизнес қауымдастығының өкілдері, солардың ішінде «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің төрағасы А. Махамбетов, А. Әбдіразақова, С. Имандосов, Н. Ерманов кепілдендірілген шағын несиелер, «ҚазАгро» желісі бойынша несиелендіру, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша қызмет көрсету саласында салық төлеуден босату мәселелерін қозғады. Бұдан өзге, кәсіпкерлер орта арнайы оқу орындарын сенімді басқаруға өткізу мүмкіндігіне қызығушылық танытты.
Көтерілген мәселелерге Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев, ҚР қаржы министрі Б. Сұлтанов, ҚР АШМ бірінші вице-министрі Қ. Айтуғанов, ҚР ұлттық экономика вице-министрі С. Жұманғарин түсінік беріп өтті.
Бұдан өзге, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР білім және ғылым министрі Е. Сағадиевпен колледждерді облыстың шағын бизнес қауымдастығының сенімді басқаруына өткізу тақырыбын телефон арқылы талқылады.
primeminister.kz сайты