Сыртқы нарыққа шығарылатын экспорттың негізгі өнім түрлерін күріш пен балық құрайды. Тек соңғы төрт жылдың ішінде күріш экспорты 28%-ға, ал балық 8 еседен жоғары өсті.
Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өндірісінің бәсекелестік артықшылықтарын бағалау үшін кешенді маркетингтік зерттеулер жүргізіліп, «Облыстың 2020 жылға дейінгі агроөнеркәсіп кешенін дамытудың агрокартасы» жасалды. Өндірістік қуаттарды енгізудің 2017-2020 жылдарға арналған жоспары бекітіліп, аграрлық секторды әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
- Бақша дақылдары мен майлы дақылдар, сондай-ақ өнеркәсіптік негіздегі картоп пен көкөніс өсіруді ұлғайту бойынша белсенді жұмыс жасаудамыз. Экспорттық бағыттағы бақша дақылдарын өсіру қарқын алып келеді. Қауын экспортын қайта жандандырдық. Биыл 2 мың тонна өнімді экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Осының нәтижесінеде қауын кластерін құрамыз. Біз қазір күріш экспортын Иран нарығына бағыттау жұмыстарын бастағалы отырмыз. Бұл елде жыл сайын 3 млн тонна күріш импортталады. Жаңа нарыққа көшу барысында Сыр күріші агроөнеркәсіп кешенінің негізгі экспорттық саласы болып саналады. Күріш дақылы АӨК өнімдерінің жалпы экспорт көлемінің 44% құрайтын болады,- деді облыс әкімі ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың жұмыс сапары барысында аймақ экономикасын жаңғырту мәселелері бойынша өткен жиындағы баяндамасында.
Әкімнің айтуынша облыстың аусылға байланысты буферлік аймақтан шығуы тірі мал мен ет экспортына үлкен мүмкіндіктер ашады.
Осыған орай, ағымдағы жылы ет экспортын қамтамасыз ету үшін халықаралық ветеринарлық талаптарға сай келетін ет комбинатын салу жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің негізгі үлесі ұсақ шаруашылықтарға тиесілі. Сондықтан, өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін табысты дамыту үшін сервистік дайындау орталықтарын орналастыру сызбасы жасалды.
Бұдан бөлек, облыста ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда аймақта 60 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Олар 1232 жеке қосалқы шаруашылықтардың басын біріктіріп отыр.
Жалпы алғанда агрокартада белгіленген шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 213 млрд. теңгеге немесе 2,4 есеге (647 млн. АҚШ доллары) артатын болады, бұл ретте 2020 жылға қарай экспорт көлемін 5 еседен жоғары арттырудың әлеуетті мүмкіндігі бар.