Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы, оның ішінде қазақ жазуын латын графикасына ауыстыру жөніндегі саяси шешімі ел ішінде, зиялы қауым арасында қызу талқыланып жатқаны баршамызға белгілі.
Тәуелсіздік алғалы бұл мәселе талай мәрте көтерілген. Баспасөз беттерінде үздіксіз талқыланып келеді. Қазақ зиялылары, сонымен қатар, қалың бұқара да бұл мәселені талқылаудан ешқашан тыс қалып көрмеген. Кирилл мен Мефодий есімді орыс діндарлары латын графикасы негізінде жасаған «кириллица» ата латын жазудан латын әліпбиіне көшуді сол кезеңде қолдаушылар да, оған қарсы пікір айтқандар да болды, тіпті мәселеге «тұздық» ретінде көне түркі жазуы, ғылымда «орхоненисей жазуы» деген атпен белгілі графикаға ауысу жөнінде де пікірлер болған. Яғни, бұл мәселенің қоғам талқылауында болып келе жатқанына ширек ғасырдан асты, пісіп-жетілген мәселе деп батыл айта аламыз, тіпті кешеуілдеп қалдық па деген ой да жоқ емес. Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында айтқан сөзінде де артқа қарайлайтын кез емес, алға ұмтылуымыз керек, ескі стреотиптерден арылуымыз керек деген сынды пікірлері осыны меңзесе керек. Халық санасында пісіпжетілген шешімге билік бет бұрды, халықпен санасты деп ұғынған дұрыс болар. Шенеуніктер тарапынан болған шешім деу шындыққа жанаспайды. Тіл білімінде соңғы жылдары ерекше дамып өз орнын алған әлеуметтік тіл білімі деген сала бар. Сол ғылым саласының басты мақсаты, міндеті – әлеуметтің, яғни қалың бұқараның арасындағы тілдік ахуалды, жағдаятты зерттеу, зерделеу, сараптау болып табылады. Қазіргі таңда Қазақстандағы 17 млн халықтың 5 млн-ы орыс тілді деген мәлімет ескірген, еліміздегі халықтың 71 пайызы қазақ болғанымен, мектеп табалдырығын аттап жатқан балалардың 86 пайызы қазақ сыныптарына баруда.
Жыл сайын қазақтардың қазақстандықтар арасындағы үлес салмағы 1-1,5 пайызға артып келе жатқанын ескерсек, мемлекеттік тілдің мәртебесі артып келе жатқанын дәлелдеп жатудың қажеттілігі бола қоймас. Қоғам қайраткері Әбіш Кекілбай ағамыз айтқандай, «Адамзат баласының ойлап тапқан құндылықтарының асылы – жазу» десек, жазудың төрт түрі болады: пикто¬ графиялық жазу – тастағы суреттер (мысалы «күн басты адам» бейнесі), идеографиялық – ол да сурет түрінде, тек панорамалық сипатта болады, оқиға бар, буын жазуы – таңба дыбысқа емес, буынға беріледі, 40тан 200-ге дейін таңба болады, әріптік немесе дыбыстық жазу – бұнда «бір дыбыс – бір әріп» принципі негізге алынуы керек, әріптер саны 20-дан басталып, 40-тан аспауы керек. Біз қазақ тілі маманы болғандықтан біршама мәселені білеміз. Айталық, қазақ тілінде 9 дауысты дыбыс (а, ә, ы, і, ұ, ү, о, ө, е), 7 үнді дауыссыз (р, л, м, н, ң, й, у), 5 ұяң дауыссыз (б, г(ғ), д, ж, з), 5 қатаң дауыссыз (п, к (қ), т, ш, с) – барлығы 26 дыбыс бар. Яғни, Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған 26 (28) қағидасы негізінде жасалған ұлттық әліпби жобасы тіліміздегі барлық дыбыстарды қамтиды. Графиканың латын қарпіне ауысу мәселесі тек түркі халықтары, оның ішінде қазақ халқы үшін ғана емес, Ресейде де өзекті болып отырғаны баспасөзде, радио, теледидарда, әлеуметтік желі¬ лерде орыс ғалымдарының, саясаттанушыларының арасында мәселе етіп көтеріліп келеді, тіпті олардың арасында Қазақстан бұл мәселеде бізден озып кетті деген оң пікірлер баршылық. Мәселе әліпбиді ауыстырып қана қою емес, тіліміздің дыбыстық заңдылықтарына негізделген емле мәселесін дұрыстап алу басты мақсат болуы қажет.Жазу мен айту арасындағы алшақтықты қазақ тіл білімінің негізін салушы саналатын, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «ит деп айтып, шошқа деп жазатын тілдер» деп сынаған болатын. Қазақ тілінің қазіргі қолданыстағы емлесінде де осындай олқылықтар толып жатыр. Орыс сөздерін сол тілдегідей өзгеріссіз жазу тәжірибесі қазақтағы әріп санының артуына, соның ыңғайында емлені қиындатуға әкеп соқтырды. Дыбыс табиғатын қазақ тіл білімінде бірден-бір жетік білетін жетекші фонетист ғалым Әлімхан Жүнісбек қазақтардың орыс тілін акцентсіз, армян, грузин, эстон, латыш, литвандардың акцентпен сөйлеуін қазақтардың өзгелерге қарағанда озықтығы емес, ұлттық жазудың, емленің болуынан деп түсіндіреді. Соған қарағанда қазақта тіл иммунитеті нашарлау деуге негіз бар. Ал біз орыс сөздерін жазу үшін ц, щ, ф, х, э, ь, ъ, я, ю, ё әріптерін түгелімен алдық. Бұл тұрғыда орыс әріптерінің толығымен қазақ әліпбиінде болуы тілімізді шұбарлауға да негіз болып тұр. Әрине, орыс тілінің маңызын кем санауға болмас. Тіпті Еуропа елдері де орыс сөздерін қолдануға мәжбүр. Дегенмен олар ол үшін арнайы әріп қолданбайды. Мысалы, фонетика – phonetika, циркуль – tcirkul, т.т. орыстардың өзі де мұны жатсынып отырған жоқ. Латын графикасына көшу мәселесінде саяси шешім қабылданды. Латынға негізделген қазақ жазуы қалай болуы керек? деген сұрақ қалың бұқара талқылайтын мәселе емес. Тіл білімінде тілдің дыбыстық жағын зерттейтін фонетика деген сала бар, сол саланың білгірлері шешетін мәселе бұл. Сонымен қатар информатиктердің, яки компьютер мамандарының да пікірлері маңызды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мамандары ортақ түркі әліпбиін қабылдауды ұсынып отыр. Бұл шешілген мәселе деуге де болар. Бизнес әлемінің бізге бетбұрысы осы графикаға қатысты ма деген емеурінге қаржыгерлер жауап бере жатар, ал тілші ретінде айтарымыз, әріп шартты белгі десек, оның танымалдылығы көп нәрсені көрсетсе керек. Кеңес кезінде Германияда әскерде болған ағаларымыз, замандастарымыз мектепте оқыған неміс, ағылшын, француз тілдерінің арқасында сондағы елді мекендердің атын оқи алатынбыз деп масаттанып отырушы еді. Сондай-ақ, таңбалық сипатта латын қарпі халқымыздың 80-90 пайызына таныс, игерілуі де қиындық келтірмейді. Студенттерге ұлттық жобаны (жаңа әліпбиді) көрсеткенімізде олар бас-аяғы 1520 минуттың ішінде латын қарпімен жазылған мәтінді оқып, тіпті жаза алатынын байқадық, сондай-ақ, біріміз 50-ден, екіншіміз 70-тен асқан біздер үшін де қиындық келтірмейді жаңа жазу.
Елбасымыз айтып кеткен әлемдік интеграцияға ұмтылу жалпы халықтық қолдауға лайық деп ойлаймыз. Жастарымыздың ресейлік ақпарат ағынымен шектелуі дұрыс процесс емес, олардың дүниетанымында жаңғыру болу керек екендігін де Елбасымыз атап кетті. Санамызды отарсыздандыруға да осы әліпби реформасы арқылы қол жеткізуге болады. Түркиеліктер қазақ жерін «ата жұрт» деп атайды, Махмұт Қашқари да біздің ареалды, қазіргі Қазақстанды «ең таза түркі тілі» деп бекер атамаса керек. Түркиеліктер, өзбектер, түркімендер, әзербайжандар графикаға қатысты жіберген қателіктер біздің ғалымдар тарапынан сарапталған, әліпбидің қалай болуы көлденең көк аттының ісі емес, Ә.Жүнісбек сынды осы саланың білгірлері шешетін мәселе деп білеміз.
Болат БОРАНБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты.