Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінің мәжілісі өтті. Аймақ басшысы орын алған кадрлық өзгерістермен таныстырып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге кезек берді.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік жолының 800 шақырымнан астамы Қызылорда облысының аумағынан өтеді. Жол бойы сервисінің құрылысы үшін 41 нүкте белгіленген. Дәліз бойындағы сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастыру туралы хабарлама жасаған облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Н.Өмірсерікұлы бүгінде 16 нысан пайдалануға берілгенін айтты. Жыл соңына дейін тағы 20 нысан іске қосылады. Ал 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 3 нысан пайдалануға берілмек. Ендігі міндет салынып жатқан сервистік кешендердің стандартқа сәйкестігін, мерзімінде аяқталуын қамтамасыз ету болып отыр. Сонымен бірге сервистік қызмет көрсету нысандарының құрылысына берілген жер учаскелерінің өз мақсатына пайдаланылуына талдау жасап, жоба мерзімінде игерілмеген жағдайда жер учаскелерін заңға сәйкес мемлекет меншігіне қайтару керек.
Өткен аптада елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу өтті. Аймақтағы 9 тестілеу пунктінде 4188 түлек емтихан тапсырды. Облыстық білім басқармасының басшысы Б.Сайлыбаев облыс бойынша қорытынды балл 82,16 болғанын атап өтті. Облыстық «Білім-инновация» лицейінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Айзат Әбдірәсіл және Қармақшы ауданы №250 орта мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Дәурен Отарбай 136 балл жинады. Әзірге Сыр өңірінің түлектері республикадағы алғашқы бестіктің ішінде. 100-ден жоғары балл жинағандар саны – 800. 129 талапкер жоғары оқу орнына түсу үшін төменгі шекті 50 балдан кем жинаған. Үш күннің қорытындысы бойынша 3829 талапкер мемлекеттік білім грантын иелену үшін конкурсқа қатысуға мүмкіндік алды. Ұлттық бірыңғай тестілеу пункттерінде оқыс оқиға, ереже талаптарының бұзылу деректері орын алған жоқ. Апелляцияға арыз берген 64 бітірушінің 6-ның өтініші қанағаттандырылып, қосымша 63 балл алды. Аймақ басшысы тестілеуден өтпеген, шекті балл алмаған оқушылар жайында алаңдаушылығын білдірді. Оларды қоғамнан оқшау қалдырмау керек. Тиісті басшыларға тестілеуден өтпеген түлектердің колледждерде техникалық және кәсіптік білім алуын қамтамасыз етуге тапсырма берді. Жақын күндері «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша солтүстік өңірлердің колледждері мен жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жұмысын бастайды.
Осы жылдың 15 маусымында Тасбөгеттегі Абай мен Сапарбаев көшелерінің қиылысындағы балабақша автокөлігінің жеңіл көлікпен соқтығысқанынан, 21 баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенінен оқырман хабардар. Оқиғадан соң балабақша басшыларына балалар тасымалдайтын көлік құралдарын заңға сәйкестендіру, автобустарды сары түсті жарқылдауық маякпен жабдықтау, көлікке «Балалар тасымалы» деген таным белгісін орнату туралы тапсырма берілді. Балалардың жол қауіпсіздігі және оларды тасымалдайтын автокөліктердің жағдайы туралы айтқан облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы Б.Ыбыраев аталған мәселенің қатаң бақылауға алынғанына тоқталды. – Автокөлікте болған 21 бала – 21 отбасының үміті, сол үйдің қуанышы. Біз әрбір баланың денсаулығына, өміріне тікелей жауаптымыз, – деді облыс басшысы. Қызылорда қаласындағы 232 балабақшаның 206-сы жекенің иелігінде. Жеке балабақшалар балаларды қандай көліктермен тасымалдап жүргеніне ешкім назар аудармайды. Бұл көліктердің көбісі ескі, жарамсыз. Балабақша меңгерушісі мен жүргізуші тек ақша табуды көздемей, балалар қауіпсіздігін бірінші кезекке қоюы керек. Аймақ басшысы бұл мәселеде енжарлық танытқандарды лицензиясынан айыруға дейін жазалауды тапсырды. Балалардың өмірі мен денсаулығы балабақшаның меншік түріне қарамастан, бірінші орында тұруы керек.
Жыл сайын жаз айларында облыстың су айдындарында, әсіресе, Сырдария өзенінде азаматтар қайғылы жағдайға ұшырап жатады. Суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары туралы хабарлама жасаған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы О.Бержанов судағы адам қазасы өзекті мәселе болып отырғанын айтты. Мәселен, жыл басынан бері облыс аумағындағы су айдындарында 9 адам қаза болды, оның 3-і бала. Шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау, өзен, каналдардың ағысы жылдам, терең, тік жар тұстарына суға түсу, спирттік ішімдік ішіп, суға түсу, балалардың ересектердің бақылауынсыз қалуы қайғылы оқиғаларға себеп болып отыр. Қауіпті аймақтарда ескерту тақтайшаларының толық орнатылмағандығы, рұқсат етілмеген жүзу құралдарын қолдану, алғашқы көмек көрсету тәсілдерін білмеу бақытсыз жағдайлардың көбеюіне әкеп соғуда.
Аймақ басшысы бұл мәселе суға түсу маусымы басталмай тұрып талқыланып, алдын алу шаралары қабылдануы керектігін ескертті. Қайғылы оқиға орын алған соң қимылдап, жоқты түгендеу жөн емес. Бұл мәселеге орай өзен-көлдердің жағажайларында ескерту және тыйым салу тақтайшаларын орнату, адам көп шоғырланатын орындар жанына судағы қауіпсіздікті сақтау туралы ақпараттық билбордтар орналастыру, Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарында орналасқан LED экрандардан бейнероликтер көрсету туралы тапсырмалар жүктелді. Өйткені, су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алудың төте жолы – ақпараттық- насихаттық жұмыстарды күшейту. Мәжілісте көтерілген мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлер тыңдалып, тиісті шешім шықты.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА