Егін жинау науқанының қызып жатқан кезі. Облыстық радионың тілшісі Гүлнар Тәуенқызы іссапармен Жалағашқа келді. Мақсат – Сыр маржанын төкпей-шашпай жинап, ел ризығын арттыруға еселі үлес қосып жатқан дала ерлерімен сұхбаттасау, озат звенолар мен бригадаларды жазу.
Аудандық партия комитеті журналистің жанына жол бастап жүру үшін бір қызметкерін қосып, жеңіл көлікке отырғызып жіберді. Бағыттары – жыл сайын күріштен мол өнім беріп, даңқы дүрілдеп тұр¬ған іргелі шаруашылық – Ақсу сов¬хозының егістігі.
Еңбек етумен қатар кісіні де жақ¬сылап күте білетін қазақтың қанғасіңді қонақжайлылығына сай, адам келсе, арқа-жарқа болып қа¬латын бригада жетекшісі бұларды аңқылдай қарсы алды. Жүзі күнге тотыққан жігіт ағасы ә дегеннен бригаданың тыныс-тіршілігін, күріш ору мен бастырудың қар¬қын¬ды жүріп жатқанын, күндік тапсырмаларын әлденеше есеге ар¬тығымен орындайтын меха¬ни¬за¬тор¬лар-дың көп екенін бастыр¬ма¬ла¬тып айта жөнелді.
– Көмекке келіп жатқан студенттер де жаман емес, жұмыс десе, ішкен асын жерге қоятын өңкей бір құлшынып тұрған жастар екен, – деді ол. – Әсіресе, тиянақтылықтарына риза боласың. Масақ тергенде аңыз¬да бір дән қалдырмайды-ау, бір дән қалдыр¬майды. Мұғалімдері де бір жай¬саң жігіт екен. Пединститутта философиядан сабақ берем дейді.
Осы сәтте журналистің жүрегі шым ете қалды. Лып етіп бетіне қан жүгірді. Көңілі қуанды. Бірақ үндемеген қалпы сәл жымиып тұра берді.
Гүлнардың бұл жағдайымен бри¬гадирдің ісі болмады. Оның жүзіндегі құбылысқа назар аудар¬маған күйі әңгімесін әрі қарай жалғай берді:
– Түс те болып қалды, – деді ол. – Анау тұрған киіз үйге барып шәй-пәй ішіп алыңдар. Жұмыстарыңа сосын кірісерсіңдер. Жүріңдер.
Бригада жетекшісі қонақтарды үйге өзі бастап алып кірді. Қарағаштардың жанына тігілгеннен болар, үйдің іші сап-салқын. Ортада беті дәкемен жабылған дастарқан, айналасына жағалай көрпеше төселген.
Бұлар төрге шығып, жайғаса бер¬гендері сол еді, есіктен бойы ортадан жоғары, қараторы жігіт кірді.
– О, о... міне Жарылқасын інім де келді. Бірге отырып шай ішетін дұрыс болды. Ал кәне, танысып қойыңдар. Гүлнар қарындасым, мы¬на жігіт әлгі айтқан студенттердің мұғалімі, өзі өте жақсы азамат, – деді бригадир жайдары сөйлеп.
Танысып қойыңдар дегесін қайтсін. Гүлнар мен Жарылқасын жымиып тұрып, бір-біріне қол беріп «танысты». Аупарткомның қызметкері де сөйтті.
Сонан барлығы шайға отырды. Шай үстінде бүгінге дейін орылған жер көлемінен бастап гектар түсімі, қырманға қанша күріш жөнелтілді, егін озаттары, жан-жақтан келіп жат¬қан көмекшілер, күн райы төңі¬регінде біраз әңгіме айтылды. Қазір кімнің комбайны жақсы жүріп жатыр, кімнің комбайнының қай жері бұзылды, оны жөндеуге қандай бөлшегі жетіспей тұр. – Осыған дейін сөз болды. Бұл әңгімелер тіл¬шінің құлағына майдай жақты, әри¬не. Алыстан ат арылтып келгенде оның іздегені де осы еді. Осылайша қа¬жетті «информацияларға» қанығып, шайды да қанып ішкен Гүлнар дастарқан басында ешнәрсеге алаңдаған жоқ. Бірдеңе деп тіс жарып, сыр бермеді.
Түс ауар-аумастан іске кіріскен тілші кеш батқанша біраз жұмыс істеді. Мол өнімші диқандар мен егін жинаудың екпіндісі атан¬ған механизаторлар, егістік пен қыр¬манның арасын жол қылып тынымсыз дән тасыған шо¬пыр¬лар – бәрі-бәрі журналистің кейіп¬керлеріне айналатын болды. Тілші олардың әрқайсысымен сұх¬бат¬та¬сып, сұрақтар қойып, әңгімелерін таспаға түсірді. Осы шаруа¬лардың бәрін ұйымдастырып, кө¬мектесіп жүрген бригада бас¬шысын жазып алуды да ұмыт қал¬дырған жоқ.
Ауылды жерлерде қонаққа бару, қонақ күту қаладағыдай кешке емес, түнде басталады. Ал әр сағат, әр минуты алтыннан да қымбат орақ науқаны кезінде мұндай шаралар уақыты тіпті кешеуілдей түседі. Түнгі ондардан аса қараторы жігіт, жаңадан танысқан ақсары келіншекті сол маңайдағы бір ағайындарының үйіне қонаққа шақырды. Журналист бұл ұсынысқа қуана-қуана келісті. Ал орталарына келген қадірлі мейманға жұмыс біткесін дұрыстап тамақ беріп, жақсылап күтуді, сөйтіп бір жағынан қаланың жаңалықтарына қанығып, екінші жағынан жүзінен иманы төгіліп тұрған инабатты жанмен жақынырақ танысып-білісе отырып, рахаттана бір демалуды жоспарлаған бригадир сан соғып қалды.
– Қап, мына философтың әдемі келіншекті қағып кеткені-ай, – деп өкінді ол.
Иә, пединституттың оқытушысы Жарылқасын мен радионың тілшісі Гүлнардың балалы-шағалы ерлі-зайыптылар екенін аңғал да ақкөкірек бригадир мен киіз үйде бірге шай ішкен кісілер қайдан білсін?!
Жұбайларда да кінә жоқ. «Танысып қойыңдар, танысып қойыңдар» – деп асықтырғасын екеуі де үндемей-тындамай бір-бірімен қол алысып «танысты». Көптің көзінше «Бізге жақсы көмек көрсетіп жат¬қан студенттердің мұғалімі, өзі өте жақсы жігіт, философ!» – деп мақтауын келістіргесін үлкендердің алдында суырылып сөйлемейтін ұяң мінезді Гүлнар:
– Мен бұл кісіні танимын, бұл менің күйеуім, үйден шыққанына оншақты күн болған, – деп айта алмады.
Сондай-ақ, табиғатынан то¬ма¬ға-тұйық, жер қозғалса да қозғала қой¬майтын Жарылқасын да сабыр-лылық сақтап, тіс жармаған-ды.
Міне, ұяңдық пен тұйықтықтың осындай «супер» түрлері де болады.
Несібелі Рахметова,
жазушы.