Мемлекет басшсы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және Алғысын жариялау туралы» өкімге қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және Алғысын жариялау туралы
1. Елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуын ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету ісіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының елеулі рөлін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және Алғысын жариялау жөніндегі қоғамдық комиссияның ұсынымын қарай келіп:
Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары берілсін: Абдрахманова Майра Қабиқызына - «Хабар» агенттігінің меншікті тілшісіне, Қазақстанның жаһандық бастамаларын жан-жақты жариялап-көрсеткені үшін;
Сембаев Мағауия Сланбекұлына - Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторына, отандық журналистиканың дамуына қосқан елеулі шығармашылық үлесі үшін;
Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы гранттары тапсырылсын: Магер Юлия Дмитриевнаға - «Казахстанская правда» жалпыұлттық газетінің тілшісіне, Мемлекет басшысының сыртқы саясаттағы қызметін кеңінен жариялап-көрсеткені үшін;
Шәріпов Айхан Пішенбайұлына - «Айқын» республикалық газетінің меншікті тілшісіне, елдегі экономикалық, әлеуметтік және саяси реформалар барысын белсенді жариялап-көрсеткені үшін;
Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Алғысы жариялансын: «Астана» телеарнасындағы «Біздің уақыт» телевизиялық бағдарламасының шығармашылық ұжымына, қоғамды дамытудың өзекті мәселелерін жедел жариялап-көрсеткені үшін;
«Мысль» республикалық қоғамдық-саяси журналының шығармашылық ұжымына, қоғамды демократияландыру және саяси мәдениетті жетілдіру үдерістерін жариялап-көрсетуге қосқан үлесі үшін;
Батыс Қазақстан облыстық «Приуралье» газетінің шығармашылық ұжымына, өңірді дамытудың өзекті мәселелерін жариялап-көрсетуге қосқан үлесі үшін;
«Хабар 24» телеарнасының шығармашылық ұжымына, отандық телевизиялық журналистиканы дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін. 2. Осы өкім бұқаралық ақпарат құралдарында жариялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев
Астана, Ақорда, 2017 жылғы «23» маусым № 174