Біздің Би апа

 
Күн аралатып жарық көретін облыстық басылымның қат-қабат тіршілігін тілшілермен тең атқарып жүрген қызметкерлерді оқырман қауым тани бермейді. Олар – терушілер, корректорлар, бет жасаушы дизайнерлер. Егер жұмыс барысында осы қызметкерлердің бірі болмай қалса, сол күнгі нөмірді шығаруда әжептәуір қиындықпен бетпе-бет келіп жатамыз. Басылымда 30 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Бисенкүл Қарабөпенің редакциядағы жұмысы корректорлықтан басталды. Ол уақытта корректорлар баспаханадан газет басылып шыққанша уақытпен санаспай жұмыс істейтін. Бізге, яғни редакцияға 2000 жылдары келген буынға газеттің қорғасын дәуірін көзбен көрген, оның барлық бейнетін басынан өткергендердің әңгімесі ертегі сияқты. Кейде қарбалас күннің аяғында  есеп материалды өткізіп жатып шаршағанымызды айтсақ, үлкендер баспаханаға қона жатып жұмыс істеген кездерін еске алады. Газет өндірісінде архаизмге айналған клише, шпон, матрица, гранка деген терминдерді осы кісілерден естиміз. Бисенкүл апа табиғатына біткен байсалдылығы мен сабырлылығынан аспай, өткеннің өнегесін айтып отырады.Өткен ғасырдың соңын ала бере газет басу ісі компьютерленді. Бұл кезде Бисенкүл апа редакцияның машинистер бюросында еңбек ететін. Машбюроның жұмысы үздіксіз астық шайнаған комбайнды елестетін. Күнде¬лікті шығатын газеттің барлық материалы қолжазбадан машинкаға басылады. Сарт-сұрт, тарс-тұрс тірлік бір тоқтамайды. Журналистердің бірі іссапардан келіп, екіншісі кетіп жатады. Диктовкамен мақала жазуға әдеттенген кәнігі журналистер тез әрі сауатты теретін терушілерді таңдайды.– Кейде бір мезетте екі журналист екі терушіге диктовка жасайды. Өйткені, уақыт тығыз. Нөмір күтіп тұрады. Екі жақтан үздіксіз төгіліп жататын тіркестерді шатаспай теруге дағдылану оңай болған жоқ, – дейді ол.Компьютер газет жұмысын бұрынғыдан бірнеше есеге жеңілдетті. Бірақ жаңа үрдісті жатырқамай, жұмыс барысына енгізу үшін көп қажыр-қайрат жұмсалды. Бұрынғы машинисткалар енді компьютерге теруге үйрену керек болды. Мұндайда жаңалыққа жақын жүретіндердің жолы болатыны белгілі. Қазір ғой, бес жасар баламызға дейін ұялы телефондағы клавиатураны зуылдатады. Ал компьютер алғаш келгенде түсініксіз құрылғыға жұғысуға екінің бірінің тәуекелі жеткен жоқ. Ал, Бисенкүл апа да жаңа машинаның тілін тез тапты. Мақалаларды жылдам, сауатты теруге машинистка кезіндегі тәжірибесі көмектесті.Адам мінезінің ұңғыл-шұңғылын зерттеген мамандар өздерінің том-том еңбектерінде қазақтың Бипатыма сипатты әйелдерін атап өтті ме екен? Бисен апамызды таныған 20 шақты жылда ол кісінің біреуге дауыс көтергенін, асып-тасқанын, қамығып түңілгенін көрмедім. Бізге дейінгі аға буын да дәл осылай дейді. Қандай жағдайда да сабырынан жаңылмайды.  Редакцияның үлкені ретінде  бізді де тәрбиелеп келеді. Қандай жағдайда болсын, істің ақырын күтуді, ашуды тізгіндеп ұстауды, ақылға жеңдіруді айтып отырады.Қазір кейінгі толқын – жастар Бисенкүл апаны Би апа деп атап жүр.  Кішінің үлкенге құрметін білдіретін жарасымды дәстүрге бәріміз сүйсінеміз.  Бисенкүл апа да жақсыны жатырқамайтын мінезімен жан-жағына мейірім-шуағын төгіп отырады.  Бүгін де Бисенкүл апа желілік ком¬пьютерін қосып, газет материалдарын жи¬нақтап, қателерін жөндеп беруге кірісті. Редакция поштасына келген хаттар да жиналып қалыпты. Газеттің көнекөз оқырмандары бұрынғы поштамен хат жолдау үрдісінен жаңылмаған. Ескі мен жаңаның алтын тінін жалғаған осындай адамдар жанымызда жүрсе екен.
М.МЕРЕЙ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 маусым 2017 г. 940 0