Өліге қоныс, тіріге өріс атамекеннің киелі топырағы – тұнған шежіре. Ғұннан бергі ғұмыр, сақтан, оғыз-қыпшақтан бергі саналуан тағдыр – ғасырлар бойғы тұрмыс тіршілігіміздің тіні. Соқпақты замандардың сақтиян сырларын сақтаған Сырдың бойында қалың жұртына шапағатшы болған, көкірек шырағымен өмір келбетіне шырақ жаққан Қожа Ахмет Ясауи, Әбдіжәлил баб, Түмен баб, Арыстан баб, Қорқыт баба, Қарабура секілді әулиелер өткен.
Шиелі өңіріндегі көне дәуірлердің алтын қазығындай болған Оқшы ата әулиелер кешені де кеше мен бүгіннің арасында асқақ тұлғасын аласартпай тұр.
«Оқшы ата» кесенесі оғыз заманының ескерткіші болып табылады. Ол кісінің азан шақырып қойған есімін аңыз бен шежіренің бір саласы Көгентүп еді десе, екінші бірі Ибраһим екен дейді. Оқшы ата оған халық-анасының қойған аты.
Ол жас кезінде жетім қалып, бір қайырымды шал мен кемпірге өкіл бала болады. Пендешілікке бой ұрмай, пәни дүниеде тура жолмен жүріп, тұрған жерінде имандылық үйін салдырып, айналасындағы жұртты ислам дініне шақырған. Сол заманда қалмақ ханы Сырдың бойындағы ел арасынан салық жинаумен қатар, әр ауылдың бір қызын зорлықпен алып кетіп отырған. Күндердің бір күнінде кемпір-шал ылғи түзде жүретін баласына:
– Сен жоқта қарындасыңды хан алып кетсе, біздің күніміз не болады? – дейді.
– Егер бір жаманшылық төнсе, менің атымды үш мәрте айқайлап айтыңдар, – дейді баласы.
Айтқандай алым-салық жинап беретін межелі күні хан нөкерлері Көгентүп тұратын қонысқа келеді. Кемпір-шалдың қызын әкетпек болып күш қолданады. Әкесі Оқшының атын үш мәрте айқайлап айтады. Осы кезде егіс басында жүрген Көгентүп дұғасын оқып, Алладан медет сұрап, арпаның бір тал қылтығын хан ордасына қарай атады. Елдің үрейін алған нөкерлер аттың үстінен ауып құлап, әбігерге түседі. Артынша хан қайтыс болыпты деген хабар келіп жетеді. Осы оқиғадан соң әркім «ханның көзін мен құрттым» деп даурығып жатады.
– Халайық, егер ханның жүрегіне арпаның қылтығы қадалған болса, онда оны мен өлтірдім, – дейді Көгентүп батыр. Расында да, ханның кеуде тұсында жебеше қадалған арпаның қылшығы тұр екен. Жергілікті жұрт Көгентүптің тегін адам емес екенін ұғынып, оған құрмет көрсетіп, «Оқшы» атап кетіпті.
Фольклортанушы ғалым Әуелбек Қоңыратбаев Оқшының «Қорқыт ата» кітабының басты кейіпкері болуы оның тарихи тұлға екеніне дәлел болады деп атап көрсетеді. Сондай-ақ оны оғыз-қыпшақтың ханы Қазан Салордың батыры әрі қару-жарақ соғатын шебері еді дейді. Қай деректі құптасақ та, Оқшының өз дәуірінде беделді де, діни сауаты мол, кереметтер жасай алатын қасиет иеленген ғажап тұлға екенін пайымдаймыз.
«Оқшы ата» қорымы сырт қарағанда шағын аумақты алып жатқанымен, Орта Азиядағы аса қасиетті орындардың бірі. Мұнымен бірге кезінде қорымның айналасындағы құрылыстардың ізі мен күйдірілген кірпіштердің қалдықтарына назар аударған шығыстанушы археолог В.А.Каллаур бұл жерді үлкен қаланың орны деп болжам жасаған. Жердің қыртысымен сөйлесетін ғалым болжамы зерттеушілерді он ғасыр кейін шегінуге шақырады. Шынында да, бұл жер өткен өркениеттен сыр шертетін қазынаны кеудесіне көміп жатқан шығар, оны рухани жаңғыру жолына түскен білімді ұрпақ дәлелдейтініне сенім мол.
«Оқшы ата» қорымында халқымыздың жүрегінен орын алған талай әулие кісілердің зираты жатыр. Есабыз әулие, Асан ата, Ғайып ата, Қыш ата, Бала би, Досбол би – есімдері әрқайсысы ел жадына өшпестей болып жазылған бір-бір тұлға.
Ен даланы емін-еркін жайлаған қазақтың басына талай зұлматты төндіріп, ұлт тамырын біржола қиып тастағысы келген үстем саясат ата-баба аманатын көз қарашығындай сақтаған Алаш жұртының асқақ рухын төмендете алмады. Коммунистік, атеистік өктемдікке қарамастан, өткен ғасырдың 60-жылдарында діні мен ділін мансұқ етпеген зиялы азаматтар әулиелерге кірпіштен кесене орнатты. Қам кесегі мүжілген кейбірін қайта жаңалады. Ата-баба аруағына деген халық құрметі еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге қайта өрледі. 1997 жылы «Оқшы ата» қорымында әулиелер рухына арналып 20 мың адам қатысқан ас берілді, содан бері игілікті іс жалғасын тауып келеді.
Бұл жәдігерлердің ең әсем әрі көрнектісі – Асан ата мазары. Асан ата деп отырғанымыз – ұлттық әдебиетіміздегі халықтың данышпан батагөйі, күллі түркі қастерлеген Асанқайғы, мұны ғалымдар дәлелдеген. Кейбір зерттеулерде Асанқайғының жамбасы тиген жер туралы түрлі пікірлер бар. Бірақ, оның қазір мемлекет қорғауына алынған мазары Сыр бойында, дәлірек айтқанда, осы «Оқшы ата» қорымында орныққан.
«Дала данышпаны» ретінде танылған Асанқайғының рухани мұралары халық санасында сақталған. Оның саяси іс-әрекеттері төңірегінде қалам тартқан академик Ә.Марғұлан болды. Оның айтуынша, Асанқайғы халықтың қамын ойлап, қайғырған әулие есебінде қадірлі. Әулиенің «Ей, Ақмешіт, жерің тар екен, суың жар екен, әр бұтаңның түбінде бір асым ет бар екен» деген сөзі сақталған. Қазақстан тарихына арналған кейбір еңбектерде Асанқайғы XV-XVI ғасырларда өмір сүрген делінеді. Ендеше ол 1817 жылы іргесі қаланған Ақмешіттің атын қалай атай алады. Тарихшылар бұған назар аударуы тиіс. Біз қазіргі Қызылорданың орнын қоқандықтар қала салмастан бұрын, ежелден-ақ Ақмешіт аталған деп ойлаймыз.
Асан қайғы кесенесі күйдірілген тақта кірпіштен қаланған. Шаршы үлгіде іргеліктен 3 метр жоғары кірпіштерді тігінен өріп, белдеу жасаған. Асан Қайғының баласы Абатқа арналып салынған Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы «Абат байтақ» пен Сыр бойындағы Алпамыс батырдың жары Гүлбаршынға арналған дейтін Көккесене ескерткіші өте ұқсас. Негізі бұлар екі түрлі сәулет үлгісімен бір заманда дүниеге келген болуы да мүмкін.
«Оқшы ата» мазаратындағы ең көне кесене – Ғайып атаныкі. Кейде Қайып ата аталатын бұл кісі ІX ғасырда, оғыз-қыпшақ заманында өмір сүрген, кесенесі де сол тұста салынған деген пікір бар. Кесене кескіні Ғайып атаның көптің бірі емес, халық қамын жеген дана, әулие адам болғанын танытады. Әттең, кесененің құрылысы түгелге жуық бұзылған, тек батыс жақ бетіндегі жартылай кескін қалған. Кесененің құлаған дуалдарымен бірге Ғайып ата шежіресі де көмулі жатыр.
1997 жылы мазараттағы әулиелерге арнап ас беруге дайындық кезінде ғасырлар бойы үйілген қалың топырақ төбе тазартылды. Кесененің ерекшелігі – ол күмбезді мазар емес, қызыл кірпіштен соғылған дуал болып шықты. Қабырғалары мен қыштарының көлемі, қалануы, өрнектері Жамбыл облысын¬дағы Айша бибі кесенесіне ұқсас. Жорамал бойынша, кесе¬ненің жасы мыңжылдық делінеді. Ғайыптың өзі туралы әулие болыпты дегеннен өзге дерек жоқ. Әулиенің Ғайып деген атының өзінде бір жұмбақ жасырулы тұрғандай әсер етеді.
Халық жадына таңбаланған тағы бір кісі – өмір сүрген кезеңі белгісіз болып отырған Қыш ата.
Ел аузында – Сайрам, Сауран, Иассы, Исфиджаб, Фарап, Құмкент, Сүткент, Сығанақ, Өзгент, Жент, Баршыкент, Бестам секілді осы атыраптағы шаһарлар Қыш атаның ұстаханасынан шыққан күйдірме кірпіштермен қаланған деген әңгімелер айтылады. Соған қарағанда, бұл кісінің ұстаханасы бүгінгі зауыттардан кем емес, жүздеген адам жұмыс істеген орын болуы мүмкін. Асқан ұсталығына сай Қыш ата аталған бабамыздың бейіті де 1997 жылы тамыз айындағы ас беру қарсаңында жөнге келтірілген.
Жалпы, бір еске алатын жайт, Оқшының өзінен бастап әулиелердің ешқайсысының да азан шақырып қойған аттары сақталмаған. Атақты адамдарға жанама ат беру де – халықтың бір құрметі.
Қасиетті қорымда ел қадірлеген тағы екі тұлға бар, олар – Кітап ата мен Қабыл ата, екеуі де ХІ ғасырда өмір сүрген. Кітап та, Қабыл да – араб сөзі. Бұған қарағанда бұл екі әулиенің өмірін мұсылман дінінің Сыр бойына келуімен тұспа-тұс қарастыруға болады.
Бұл жердегі әулиелердің ірісі және ел аузында дерегі көп сақталған кісі – Есабыз әулие. Мазараттағы Асан ата мен Оқшы ата кесенелерінен кейінгі елеулі ескерткіш осы әулиенікі. Әулие туралы әңгімелердің осы күнге егжей-тегжейлі жетуі және оның түп-тұқиянына дейін белгілі болуы бергі уақытта өмір сүргендігі болар деп топшылаушылар бар. Бұл дұрыс емес. Ел аузындағы әңгімелер атамыздың қалың елдің қамын жеген ықпалды адам екенін, оған қоса көріпкел, құдірет иесі болғанын баяндайды. Ол кісінің деректерінің бұзылмай сақталуы күшті әулиелігінен әрі елдің жиі еске алғандығынан. Оның өмір сүрген уақыты Кітап ата, Қабал атамен қатар. Себебі араб халифасының қызын алған әкесі Қожамсүгір де дін таратушылардың бірі болған. Бұл бабаның да азан шақырып қойған аты ұмыт қалып, Есабыз аталған. Ел аузында Есабыздың «Кім менің атымды атап, есіне алса, сол менің балам, мен соның жебеушісімін» дейтін дуалы сөзі жиі айтылады.
Әулиелер қорымындағылардың жасы Бала би шешен мен Досбол датқа, олардың өмір сүрген уақыты белгілі.
Бала би мен Досбол датқа есімі халық жадында Қоқан хандығының және Ресейдің отаршылдық саясатына қатысты орныққан.
Бұл екі қадірлі адамның аттары қатар шығып, тіршілігінде бірге жүрген кісілер. Бала бидің Досболға «сенің тілің артық, менің бағым артық» дейтін сөзінен екеуінің де ел арасындағы салмағы сезіледі.
Сондай-ақ, Досболдың «Мен қара ағаштай қатушы едім. Қарайғанды ескермей, қақиғанды хан көрмей, елдің шетінде, жаудың бетінде жатушы едім», – деген бейнелі сөзі оның шын болмысынан хабар береді.
* * *
Қазіргі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» даңғылы бойымен Қызылордадан шығысқа қарай 105 шақырым жол жүрген адам «Оқшы ата» әулиелер кешеніне кез келеді. Әрі-бері өткендер арнайы тоқтап, әулиелерге зиярат етіп жатады. Қорым инфрақұрылымдық жүйеге келтірілген, басына мешіт, асхана, қонақ үй салынған.
Бұл әулиелі топырақ – туған жер тарихынан тағылымды сыр тарқататын киелі орын.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.