Ауыл шаруашылығына беріліп отырған бүгінгідей қолдауға біркісідей атсалысып, мал шаруашылығын дамыту – әрбір азаматтың міндеті. Осылай ой түйген Қартбай Ахметжанов Сыр мен Қырдың ортасы малға толғандай күй кешіп, терең тыныс алып, сол бір дәурен көз алдында баяу өтіп жатқандай.
...Тас кезеңнің мұнар басқан жоталарын бұлдырықтар бөктерлей, суылдаған қанатымен туған жерін желпи ұшып барады. Етекте жөңкіле жортқан ақбөкендер Айбала мен Бөріойнақтың тақырын бетке алып, лек-лек болып жөңкіле жортып барады. Көктемгі күннің нұрынан ұлпадай ақ жүндері жалт-жұлт етіп, аяғының астынан көтерілген шаңмен шағылысып, даланы әнге бөлеп елітіп, ертіп бара жатқандай. Көкте қанатын қағып бозторғай Нұраның сұлу келбетіне тамсана шырқап, сайрап тұр. Табиғат ана бусанып, мейірін төгіп иіп тұр. Селт етпейтін сезім болсайшы, бәрі де мәз-мәйрам.
Майбұлақтың бұлағынан суын алып, шопандар таңғы асын қамдауда. Төңіректе отар-отар қойлар бүйірімін дем алып, кер даланың кербез желіне үрке қарап, буы бұрқырап мамырлай жайылып барады.
Қалайы мен Майбұлақтың арғы басы, түпкі Нұра бойы қой төлдету науқанына қолайлы құтты қоныс атамекен. Сол кездегі Жалағаш ауданының бірінші хатшысы Қонысбек Қазантаев совхоз директоры Далдабай Жалтыновқа мемлекеттік жоспарға сай төл алуды тапсырған еді. Қой фермасының ферма меңгерушілері Естай, Тұрымбет, Қанатбай, Мүбәрактар Нұра бойының биік қыраттарынан алысқа көз тігіп, қыстан қоңды шыққан қойлардың аяқ алыстарының жақсы екендігіне сұңғыла, көреген көздер аңғарылып-ақ тұр.
...Осынау көрініс Қаракеткенде туып-өскен Қартбайдың тынышын алып, күні бүгінгідей көз алдында көрген түстей елес болып сағымданып, алыстап сағынышына айналып барады. Ол кезде отыздағы жігіт шағы. Қарақұмды машинамен он айналса да, шаршадым демеуші еді. Қой төлдету науқанында Сыр мен Қырдың ортасы дүрілдеген техниканың даусымен, көңіл күйі шалқыған, еңбек ерлерінің мекені еді. Қарақұм мен Мойынқұмның арасында, еңбек жолымен аңызға айналған дала батырлары – Данбай Шаймерденов, Сақып Әбжанов, Сұлтан Нұрбаев шұбар, күрең аттарымен үзеңгілері сартылдап, сағым кезген сар далада күні бүгінгідей көкпарын тартып бара жатқандай.
Енді міне, шау шартқан бүркіттей Қарақұм жақтан ескен желге тұмсығын көтеріп, алыстан сонау сағыныш мекенінен жусан иісін тартқандай.
Балқашбай ЕРТІЛЕУОВ.