Белгілі қаламгер, кейінгі буын – шәкірттеріне ұстаз бола білген белгілі журналист Елібай Зұлқарнайұлы Жікібаевтың есімі оқырмандарға жақсы таныс. Сыр журналистикасында өзіндік орны бар қаламгер Елекең өткен жылдың күзінде 60 жасында дүниеден озған еді.
Елібай Зұлхарнайұлы 1956 жылы 14 қазанда Қостанай қаласында өмірге келді. Федоров ауданындағы Чапаев колхозында орта мектепті 1973 жылы тәмамдаған. Осы жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түседі. Екінші курста оқып жүргенде әскер қатарына шақырылып, Амур облысындағы Байкал-Амур магистралінде азаматтық борышын өтейді. Әскерден соң Қостанай облысы Наурызым ауданындағы «Восход» аудандық газетінде қызмет атқар¬ды. Сол жылдары аудандық партия ко¬митетінде нұсқаушы қызметінде бол¬ғанымен, кейіннен өзінің сүйікті ісі журналистикаға оралады. 1987 жылы Арқалықтағы педагогикалық институттың филология факультетіне сырттай оқуға түседі. Елібай аға ғұмырын журналис¬тика саласына арнады. Облыстық радио мен аудандық, кейін Қостанай және Торғай облыстық газет¬терінде жемісті еңбек етті.
1991 жылы Сыр өңіріне қоныс аударып, әріптестерімен бірге «Байқоңыр» атты газет ашады. Ол 1995 жылы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінде, қалалық «Новая Кызылорда» газетін, кейін атауы өзгерген «Контакт-К» басылымын 2006 жылға дейін басқарады. Қаламгер 1999 жылдан «Караван» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі болды. 2011 жылдан өмірінің соңына дейін облыстағы алғашқы Kyzylorda-news интернет газетіне басшылық жасады.
Елібай аға, өмірде барынша қара¬пайым еді. Жаны жайсаң, айналасындағы адамдарға қашан да мейірін төгіп жүретін. Кішіге қамқор болып, білгенін үйретуден жалықпайтын. Қазан айында 60 жасқа толғанда әріптестер болып құттықтап, ақ тілектерімізді жаудырғанда, «арнаулы датаны қара¬ша¬ның басында тойлаймыз» деп балаша қуанып едіңіз. Сол сіздің соңғы туған күніңіз боларын білдік пе?!
Соңғы рет сөйлескеніміз есімде... Кешқұрым әріптесіміз Сараның қайтыс болғанын хабарлап қоңырау шалып едіңіз. «Жап-жас, қыршын кетті-ау» деп қатты күрсіндіңіз.. Ертесіне-ақ, өзіңіздің жан сақтау бөліміне түскеніңізді естігенде сенгіміз келмеді. Әлі-ақ, жазылып кетесіз деп күттік. Олай болмады.
Елібай Зұлқарнайұлы өзінің осынау ғұмырында адамгершілікті жоғары қойып, өзінен кейінгі шәкірттеріне өнеге көрсетіп, қамқор болды. Ол үлкенге – кіші, кішіге – одан да кішік қалпын сақтай білді. Ағаймен бес жылға жуық бірге қызметтес болған уақытта қашан да өзінің тәжірибесімен бөлісіп отырушы еді. Біреуге ренжісек, бұлқан-талқан болып ашуланып жатсақ, ағай өзінің байсалдылығымен «несіне шаршайсың» деп қоя салатын.
Сол кезде еңбек демалысына кетуім керек болатын. Бірақ ағай әртүрлі сылтаулармен жібергісі келмеді. Әр күн сайын шақырып алып, «Шынар, өте жауапкершілікпен қарайсың ғой» деп, жұмысын тапсырып кеткенін кейін ағай қайтыс болғаннан кейін білдім. «Кішкене ауырып жүрмін, емделіп келейін. Сосын еңбек демалысына жіберемін» деп едіңіз. «Жаратқан иесі ажалдың тықыры таянғанын ерекше сездіртеді» деуші еді.
Лев Толстой айтпақшы, «Өмір деген – өлім». Өмір дегеніміз – пендешілік тағдырыңа мойынұсыну немесе өзіңнің әлсіздігіңді сезіну ғана. Өмірден өткен кімде-кім көзден кеткен соң көңілден де көмескілене беретіні – өмір заңдылығы. Журналистика саласына салған ізін шәкірт¬терінің санасында жаңғырту мақсатында белгілі қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Елібай Жікібаев пен жас журналист Сара Омарованы еске алуға арналған шахмат және дойбы ойындары бойынша турнир өткізіледі.
Шынар БЕКБАН.