15 жылдың ішінде Еуразия медиа форумы журналистік қоғамдастықтың, жаһандық проблематиканың өзекті мәселелерін конструктивті талқылау орнына айнала отырып, лайықты беделге ие болды. Бүгін елордада XIV Еуразия медиа форумының ашылуына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау сөзінде осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Президентінің құттықтау сөзін Форумда ҚР Мемлекет хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді. "Әлем драмалық өзгерістерді басынан өткеріп жатқан қазіргі заманғы жағдайда осындай диалог алаңдарының қажеттілігі артып келеді. Әлемдік контексте басқа көзқарастарға құрметпен қарайтын тек ашық диалог қана миллиондаған адамдардың өзекті проблемаларын шешу үшін жаһандық сенімді қалпына келтіру бағдары болады. Бұқаралық ақпарат құралдары осы процестің көшбасшысы болуы тиіс және өзінің күш-жігерін жаңа кедергілерді қоюға емес, керісінше, халықтар мен елдерді біріктіруге шоғырландыруы керек. Әлем жаңа ақпараттық ортаны қалыптастыру дәуіріне аяқ басты және осы орайда серіктестік пен білім алмасуды ынталандыруы үшін қолымыздан келгенше әрекет етуіміз қажет", - деп атап өтілген Мемлекет басшысының сөзінде.
Президент 15 жылдың ішінде Еуразия медиа форумы лайықты беделге ие болғанын жеткізді. "Сонымен қатар алдағы әлеуметтік және технологиялық өзгерістерге дайындық тұрақты дамудың айқындаушы факторы болады. Осыған байланысты Форумның күн тәртібіне технологиялық тәртіптің өзгеруінде негізгі бағыты ретінде "жасыл" экономика мәселелерінің енгізілуі символдық мәнге ие. Бұл өз кезегінде, Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбына үндес", - деп тоқталды Н. Назарбаев.
Айта кетейік, ЕАМФ 2002 жылы Дариға Назарбаеваның бастамасымен бейсаяси әрі коммерциялық емес ұйым ретінде құрылды. Форум Батыс пен Шығысты толғандыратын көкейкесті мәселелерді ашық талқылауға бағытталған. Биылғы Форум ЭКСПО-2017 аясында ұйымдастырылып, көрме аумағындағы жаңа Конгресс-орталықта өтіп жатыр. Іс-шара жыл сайын әлемнің 60-тан астам мемлекетінен халықаралық және қазақстандық БАҚ өкілдерін, cаясаткерлерін, сарапшыларды бір алаңға жинап келеді. Шараның күн тәртібінде "Жаңа әлемдік тәртіп:қабырға тұрғызамыз ба әлде көпір саламыз ба?", «Болашақтың энергиясы»: жасыл экономиканың қуаты", "Азия «экономикалық кереметінің» құпиясы", "Сирия дағдарысы: соғыс өрті сөне ме?", "Сандық революция" тақырыптары талқыланады.