Қазақстан Президенті ел халқының 18 миллионға жеткенін ресми жарияламақ

Қазақстан Президенті ел халқының 18 миллионға жеткенін ресми жарияламақАғымдағы жылдың 1 шілдесінде Қазақстан халқының 18 миллионға жеткені ресми жария етіледі. Бұл туралы бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өткен 20 ғасыр қазақ үшін қияметке толы, өте ауыр жылдар болды. 1921, 1930 жылдардағы аштықтың салдарынан қазақтың тең жартысынан айырылдық. Біріншісінде - 30 проценттен, екіншісінде жартысынан айырылып қалдық. Егер де сондай опат болмағанда  қазір еліміздегі қазақтың саны 50-60  миллионнан асып жығылатын еді. Одан кейін, репрессияда 103 мың адам сотталды. Қазақтың 65 мың  бетке ұстар зиялысы тұтқынға түсті, оның 25 мыңы атылды. Қазақты басқаратын білімі бар, қазақ үшін сөз айта алатын адамның барлығының тамырына балта шауып, жойып тастады. Соған қарамастан қазақ өркендеп, қайтадан өсіп келеді", - деді Елбасы.
ҚР Президентінің айтуынша, бүгінде 5 млн. қазақ шетелде  тұрып жатыр. Шетелден 1 миллионға жуық  қандастарымыз, бауырларымыз елге көшіріліп алынды,  оларға қолдан келер барлық көмек көрсетілді. Жыл сайын 30-50 мыңға жуық қандасымыз көшіп келеді. Келген ағайындардың ішінде көптеген танымал ғалымдар, дарынды спортшылар, өнер майталмандары да бар. Мысалы боксшы Қанат Ислам, әнші Майра Мұхамедқызы, ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, Дүкен Мәсімхан сынды көптеген азаматтар келіп, елдің мерейін өсіруде, өзінің өнерін, білімдерін шыңдап жатыр. "Сонымен бірге бұл келген қандастарымыз елдегі демографиялық жағдайға да үлес қосты, халық санының өсуіне ерекше ықпал етті. Егер де 1991  жылы, тәуелсіздік жарияланған кезде қазақтың  үлесі 40 проценттен асар-аспас болатын. Қазір 70 проценттен асты", - деді Мемлекет басшысы.
Елбасы  Тәуелсіздік алған кезде халқымыздың 17 млн болғанын, алайда түрлі тарихи жағдаймен елімізге қоныстанған басқа ұлт өкілдері өздерінің ата мекеніне көшіп кетіп, 14 млн. болып қалғанымызды айтты. "Құдайға шүкір қазір жағдайдың жақсаруына байланысты еліміз көбейіп келеді. Егер де бастапқы кезде 200 мыңнан астам  бала дүниеге келетін болса, қазір жыл сайын 400 мыңнан артық сәби дүние есігін ашады. 1 шілдеде біздің халқымыз 18 млн болды деп жариялаймын", - деді Н.Назарбаев.  

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 маусым 2017 г. 602 0