ДЕГДАРЛАР (киіз кітаптан)

ДЕГДАРЛАР (киіз кітаптан)Ақын-жазушы дегендер құдай бере салған бір қызық халық. Айналасындағылармен қарым-қа¬тынаста бола жүріп, таныс-бейтаныстармен де, тіпті өзінің ойдан шығарған кейіпкерлерімен де бірде «күліп-ойнап», енді бірде олар¬мен «сұхбаттасып» дегендей, неше түрлі қисапсыз оқиғаларды ойлап тауып, айнала төңірегін суреттеп, көп-көп жайларға патша көңілі көншімей, мазасы болмай, ой кешіп, басы ісіп жүргені. Тіршілігі толастамай тұрған дүние жарықтың күнгейі мен көлеңкесінде өзіндей өзекті пенделермен осылай кездесіп, олармен бірге шаттанып, бірге мұңайып қай¬ғырады; кейде соларға қо¬сы¬лып жылап алатын жазушылар да болған бұл жалғанда. Дауа жоқ бұларға. 
Сағат таңғы бестің шамасында  телефон шырылдап қоя берді. Тұтқасын көтерсем, өзіміздің Адам Мекебаев. Алматыдан звондап тұрған. Бірден айтқаны: «Насос пен канализация дегеннің қазақшасын айтып жіберші», – деді.
Мен қапелімде не дерімді білмей іркіліп қалдым. Сонан соң: Әй, Адам, саған не болды? Сол айдай Алматыдан насос пен канализация¬ның қазақшасын бі¬летін біреуді таба алмадың ба? Бұл не, амандық-саулық жоқ, дегенімше бол¬мады, Ол: «Әй, сен де бір...» деп телефон тұтқасын тастай салды.
Содан келіншегіміз екеуміз кешке дейін күліп жүрдік. Айтамыз да күлеміз, айтамыз да күлеміз. Күн – демалыс еді. Шамасы, ерте тұрып, қаламын жорғалатып отырған болса керек. 
Әне, жазушы деген пенденің осындай да бір қылығы бола береді.
***
Емханаға келіп, дәрігердің қабылдауын күтіп отырған үш арыстың бірі: «Менің инфарктым ғаламат ауыр болды. Глубокий деген түрі екен» дейді. Екінші кісі де: «Глубокийің не, менікі широкий деген түрі екен» деп, одан да асып түскен. Ол екеуінен үшінші құрдас қалсын ба: «Ой, сендер де қайдағы жоқты айтады екенсіңдер. Сол глубокий, широкий деген де инфаркт болып па? Инфаркт деп мына менің инфарктымды айт!» деген екен кәдімгідей қиналған болып.
Содан глубокий мен широкий екеуі қосарлана: «Ей, сенікі қандай инфаркт қаңғып жүрген?» деп аңтарылғанда, анау: «Ойбай, менікі глубокийдің де глубокийінен өткен, широкийдің де широкийінен өткен обширныйдың обширныйы екен» депті. Бұл үшеуі: Сырбай Мәуленов, Тахауи Ахтанов, Садықбек Адам¬беков болатын. Ауырып жүрсе де әзілдері қандай. «Обширныйдың обширныйын алған» шамасы, глу¬бокий мен широкийден де асырып айт¬қан Садықбек Адамбеков ағамыз болар.
***
Көзіқарақты ¬зиялыларымыз ұлы кемеңгер Мұқтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын уақытында қазақ халқы тарихының тұтас бір ғасыр кезеңін (ХІХ ғасыр) көркем суреттеген шығарма деп негіздеген еді. Кейін әдебиетіміздің алтын қорына Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдары қосылды. Бұл жолы зиялы қаламгерлер жазушының осы соқталы туындылары халқымыздың ХХ ғасыр кезеңін тұтас көркем кескіндеген деп бағалады. ( «Жас Алаш» басылымынан).
Советтік дәуірде осындай еңбегі ерен дарындарды диссертация қорғатпай-ақ ұлттық ғылым академиямыздың мүшелігіне қабылдау үрдісі болған. Айталық, Ғ.Мүсірепов пен Ғ.Мұстафин. Кешегі күні Әбіш те сондай құрметке бөленді. Академияның толық мүшелігіне бірден-бір лайықты тұлға Ә. Нұрпейісов еді.
Ал кейінгі буыннан Әбіш Кекілбаев, Қабдеш Жұмаділов, Софы Сматаев, Мұқтар Мағауин әдебиет орбитасында дараланып танылды. Ойпырмай, бұлар неткен сарқылмайтын таланттар еді?! Қандай-қандай өрелі туындылар жазған?! Зерделеп көрсек, осы төрт алып қырық қатпарлы шығар¬ма¬ларында халқымыздың тұтас бес ғасырлық тарихын баяндап берген екен. Академия академиктері Қабдешті, Софыны, Мұқтарды өздерінің қатарына нақ бүгінгі тұста уақыт оздырмай Ғ.Мүсірепов айтқан алыптар тобына қабылдаса, бұл академия тарихында тағы бір айтулы оқиға болып қалар еді. Бұл мар-ғасқалардың өздері бір-бір академия ғой. 
Дәстүрді жалғастыра беру керек еді.
***
Жалпы оқырман қаламгерлер туралы не ойлайды? Әлбетте, біреудің ойындағысын біреу біліп бола ма? Ақиқаты: қаламгерлердің жаратылысы былайғы пенделерге жұмбақ. Мадридке жолы түскен Эрнест Хэмингуэй сондағы бір қонақүйде тұрып жатады. «Қанішер», «Он үндіс», «Бүгін күн жұма» деген үш әңгіме жазады. Содан әрі шаршап, әрі тоңып отырған үстіне даяшы келеді. Ол жазушымен әңгімесі жараса келе одан не жаз¬ғанын қызығып сұрайды. Э.Хэмингуэй шар-шап отырғанын, енді жатып демалғысы келетінін айтқанда, даяшы: «Ерунда! Неужели, Вы, Эрнест Хэмингуэй, устали после каких-то трех жалких рассказов...» деген көрінеді.
Міне, осы гәптің өзінен-ақ жазу¬шы деген кісінің жаратылысы, оның жағдайы туралы көптің не ойлайтынын, көркем шығарма та¬би¬ғатын қалай түйсінетіні жөнінде шамалай беріңіз...
***
Шукшин қалай тауып айтқан?! Және, нағыз эстетке тән астарлап әдемі айтқан: «Бір адам жазушы болуы үшін кемі жүз адам жазып көруі керек» депті сол ойшыл. Демек, жүз адамнан – бір жазушы. Рас, табиғат талантқа сараң. Шукшин соны меңзеген. Оның осы ойы біздің дана бабаларымыздың «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген пәлсапасының дәл төбесінен дөп түскен. Сонда деймін-ау, жүздің тоқсан тоғызы орталарынан тек біреуін ғана оздыратын болғаны ғой. Мысалы деп айтсақ, өткен жүз жылда Сыр бойы қаламгерлері ортасынан дараланып тек Әбдіжәміл Нұрпейісов қана шыққан екен.
***
Бельфастқа жолаушылап барған армян жазушысы Вардгес Петросян қала тұрғын¬дарының омырауынан жарқыраған күміс жетон көрген. Біреуін оның да омырауына қадайды. Сол жетондардың бетіне: «Жергілікті ақындарды аман сақтайық» деп жазылған екен.
Біздің дарынды бір қаламгеріміз Серік Асылбеков: «Қызыл кітапқа енген сирек жануар¬ларды қор¬ға¬ғанымыздай суреткерлерді де қор¬ғауымыз керек. Жан-жануарлар жоғалып кетсе, табиғаттың тепе-теңдігі бұзылады, ал суреткерлер сиреп кетсе, қоғамның адамгершілік ахуалы бұзылады...» деп орынды ескерткен. Расында, біз душар болған қазіргі қоғамның имани-адамгершілік ахуалының бұзылып, жеріне жеткенін көзіміз көріп отыр. Айналдырған ширек ғасырда иманнан безген жемқор елге айналдық.
***
Шыңғыс Айтматов бір сұхбатында: «Өз басым сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттайтын болсам, әрқашан өзіммен бірге қасиет тұтып ала жүретін екі асылым бар. Бірі «Манас» және Мұқтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы» деген екен. 
Осылай деп жан жүрегін жарып айтқан Айтматовты, қоғамдық ситуация өзгерген тұста, мінеп-сынаушылар төбе көрсете бастады. Өздерінше болып-толғандар: «Айтматов – совет идеологтары дайындаған миф» деп ғайбаттады (Тіліңізді кәлимаға келтіріңіз).
Ал біз білерде, олар кезінде Айтматовтың табанын жерге тигізбей көкке көтеріп жабыла мақтаған болатын. Оның «Жәмила» хикая¬сына еліктеп, солықтап, лирикалық шағын повестер жазғандарын да білеміз. ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары «Адамзаттың Айтматовы» деп пір тұтқандар да болды.
Дәуірінің заңғар жазушысы болып жаралған Айтматовты өйтіп бекерге ғай¬бат¬тағанша, олар оның туындыларын көркем әдебиеттің бетін енді-енді ашуға талпына бастаған балауса таланттарға ұғындырып насихаттай берсек, одан ұтпасақ ұтылмас едік-ау.
(Жалғасы бар)
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ



НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 маусым 2017 г. 821 0