Дүйсенбі күні облыс ардагерлерінің алғашқы легі Елордадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне аттанды. Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен жаңақорғандық және шиелілік 50 ардагер облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар¬масының қоғамдық келісімді нығайту жобасы аясында жолға шықты. Осы жоба бойынша маусым-тамыз айында аймақтың 250 тыл және еңбек ардагерлері Астана қаласының тарихи, көрнекті жерлеріне саяхат жасайды. Оның ішіне «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесін тамашалау да кіреді. Ақсақалдардың жол жүру, қонақ үй, тәулік шығыны аталған жоба аясында қарастырылған.
Алғашқы топты облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов құқық қорғау, ауылшаруашылық, медицина, білім, мәдениет және басқа да салаларда еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагерлерге жылы лебізін білдіріп, бас қалаға аман-есен барып-қайтуларына тілек қосты.
Елордаға жол тартқан топ ішіндегі жаңақорғандық тыл ардагері Зиякүл Әбубәкірова Астанаға алғаш бара жатқанын және Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінен көңіліне көп нәрсе түйіп келетініне қуанышты.
Осы күні Сырдария ауданының 94 оқушысы да ұстаздарымен ¬«ЭКСПО-2017» көрмесіне аттанды. Сырдария аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанна Нұртазаева ауданға қарасты ауыл мектептерінің ЭКСПО-ға бара жатқан 3 және 10-сынып оқушылары жауапты адамдармен қам-тамасыз етілді, – деді.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.