Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде ауызашар берді. Ақшам намазына азан оқылған соң дәстүрлі дастарханға ардагерлер мен облыс имамдары, мүмкіндігі шектеулі жандар мен тұрмысы төмен отбасы мүшелері, өңірдің дамуы үшін түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтар келді.
Жиылған жамағатқа ауызашар дұғасын Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өңірдегі өкілі, облыстың бас имамы Талғат қажы Омаров оқыды. Мұнан кейін облыс басшысы ауыз бекіткен жандарды қасиетті аймен, Қадір түнімен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
– Қадірлі жамағат, қасиетті Рамазан айы мүбәрәк болсын! Қадір түнінде Жаратқаннан сұраған тілек-ниеттеріңіз қабыл болсын! Бүгінгі Қадір түнінде мен де өз тілегімді жеткізгім келеді. Ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған ой-толғамдары қазір қоғамда қызу қолдау тауып отыр. Елбасының осы мақаласында ысырапшылдықтан, астамшылықтан сақтанып, масылдыққа, даңғойлыққа жол бермеу керектігі айтылады. Біздің халқымызға ең қажеттісі – ұстамдылық, қанағатшылдық, білімділік, қарапайымдылық деген еді. Тәуелсіз еліміздің тізгінін ұстайтын жастарға бұл керек қасиет. Өйткені, өскелең буын халқымыздың асыл арманы мен үкілі үмітін жалғастырады.
Жастарымыз ата-дәстүріне адалдық танытып, қалыптасқан дәстүрімізді ұштастыра білсе, біз алдымызға қойған мақсат-міндеттерімізге жетеміз. Елбасы «XXI ғасыр – қазақ халқының алтын ғасыры болса екен деп армандаймын» деген болатын. Баршаңыздың ізгі ниет-тілектеріңіз қабыл болсын, – деді облыс әкімі.
Ауызашарда еңбек ардагері Сәнімгүл Желдербаева, ақындар Замаддин Ибадуллаев пен Шәкизада Әбдікәрімов жиналған көпшілікті қасиетті Рамазан айымен құттықтап, Қадір түнінде ниет еткен жандардың тілегі қабыл болуына тілектестік білдірді. Қадір түнінің адамзатты бірлікке, бауырмалдыққа, ата-ананы құрметтеуге, жақсылыққа шақыратын рухани сәт екендігін жеткізіп, ғибратты әңгімелер айтты.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.