ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ПАРИЖ КӨШЕЛЕРІМЕН ЖҮРГЕНДЕЙ ӘСЕРГЕ БӨЛЕНДІ

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ПАРИЖ КӨШЕЛЕРІМЕН ЖҮРГЕНДЕЙ ӘСЕРГЕ БӨЛЕНДІБүгін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде Францияның ұлттық күні аталып өтуде. Le hall de la Chanson музыкалық тобы мен АУЭТ циркінің әртістері қазақстандықтарды өз өнерімен тәнті етті. Көрермендер Парижге саяхат жасағандай әсер алды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Францияның ұлттық күніне арналған мерекелік бағдарлама 2 бөлімнен тұрды. Бірінші бөлім ресми түрде өтті.
«Бүгінгі таңда Қазақстан пен Франция стратегиялық әріптестер. Қос мемлекет қоян-қолтық жұмыс жасап, қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне оның ішінде ғаламдық жылынуға қарсы әрекет етуде. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің тақырыбы – «Болашақ энергиясы». Бұл тақырып ұзақ мерзімге арналған шешімдерді, технологиялық инновацияны ұсынады. Франция бұл тұрғыда экологиялық жауапкершіліктің үлгісі. Жаңартылған энергия көзін пайдалануда француздық ең үздік тәжірибелер - адамзаттың баға жетпес құндылығы. Мен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі Эйфель мұнарасы сияқты танымал болады деген үміттемін», - деді ҚР СІМ Еуропа департаментінің директоры Айгүл Құспан.
Осы орайда Франция павильонының Бас комиссары Паскаль Лоро қос ел арасындағы достықты жоғары бағалады.
«Франция мен Қазақстан – дос мемлекеттер. Біздің еліміз Қазақстанмен 2008 жылы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды. Франция өз кезегінде энергетика саласындағы тәжірибелерімен бөлісе алады. Сондықтан бүгін осы жерде еліміздің ең ірі кәсіпорындарының және энергетика саласында жаңа технологияларды дамытқысы келетін шағын және орта кәсіпорын өкілдері бар», - деді ол.
Сонымен қатар Бас комиссары «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қандай жобаларды алып келгендігін айтты.
«Біздің павильонымызда бірнеше тақырыптағы жобалар қойылған. Бірінші қабат – ақылды қалалар бойынша. Біз өз қаламызда жақсы тұру үшін не істеуіміз керек? Ал екінші жоба экологиялық көлікпен байланысты. Бізде таза энергияны қолданатын қандай транспортты жасап шығаруға болады? Сондықтан Peugeot компаниясы гибридавтомобильді алып келді. Көлік жартылай бензинмен жартылай электроэнергиямен жұмыс істейді», - деді Паскаль Лоро.
Ал кештің 2-ші бөлігінде француздық әртістер өз өнерлерін көрсетті. Әсіресе Le hall de la Chanson музыкалық тобының шырқаған әсем әндері қазақстандықтардың көңілінен шықты.
Ал АУЭТ циркінің әртістері қойған көрініс көрермендерді еріксіз Париж көшелерінде жүргендей әсерге бөледі.
«Біз өз қойылымымызда цирктің техникасын қолданамыз. Бірақ осы нөмірімізде Париж көшелеріндегі көріністерді бейнелегіміз келді. Мысалы, шағын кафе, официант, әншілер. Бұл идеямызды осы жерде жүзеге асыруға тырыстық. Алдағы уақытта әлі 10 қойылым қоямыз», - деді аталмыш цирктің өкілі Оливьер Ландре.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 маусым 2017 г. 648 0