Түркі дүниесінің абызы Қорқыт ата мемориалдық кешені – «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің саяхаттық бағыттарына енгені белгілі. Ағымдағы жылдың маусым-қазан айлары аралығында қасиетті жердің топырағына табан тіреген меймандар ұлттық салт-дәстүрге куә болып, зергерлер мен қолөнершілердің таңғажайып туындыларымен таныса алады.
Кеше облыс әкімі Қ.Көшербаев пен Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы К.Бусыгин ауданда болып, түркі әлемінің абызы Қорқыт ата рухына тағзым етті. Мәртебелі меймандар тарихи–мәдени мұражайдағы жәдігерлермен танысып, баба рухына арнап құран бағыштады. Мұнан кейін құрметті қонақтар кешен жанынан халықаралық көрме аясындағы этноауылдың салтанатты ашылуына қатысты. Айтулы шарада қыз қуу, теңге ілу, асық атып, арқан тарту сияқты ұлттық ойындар ойналса, жауырыны жуан жігіттер өзара түйе палуанды сайысы ұйымдастырылды.Сондай ақ, жіп иіру, кілем тоқу сияқты алтын қолды шеберлердің де өнері көрсетілді.