ЖҰМБАҒЫ СЫРЛЫ ЖАНКЕНТ

ЖҰМБАҒЫ СЫРЛЫ ЖАНКЕНТКүн сәулесі енді төгіле бастаған шақ. Қалыптасқан дағдымен ертелетіп серуендеуге шыққанмын. Таңғы мөлдір ауа ұйқыңды шайдай ашып, бойыңды ғажап сезім кернейді. Самал желмен тербетілген тал жапырақтары кент аумағын  бесіктегі сәбише әлдилеп тұрғандай әсер қалдырады. Мамыражай  тыныштыққа мейірлене түсіп, Жаратушыдан  бейбіт заманның мәңгілік болуын тілейсің.
Пірімов көшесіне бұрылғанда өзгеше көріністі байқадым. Әсем сәнделген көшедегі сұлулықтың, адалдық пен махаббаттың үлгісі Бегім ана мүсінінің дәл алдында екі адам отыр екен. Жандарына бардым. Қос алақанын көкке жайған қартаң  ана  әлденені іштей күбірлеп, жалбарына қайталайды. Үздіксіз сорғалаған мөлдір тамшылар  бетін жуып кеткен. Жанындағы сымбатты өңді, ақ орамалды  жас келіншектің де жанары жасқа толы екен. Анаға ілесе сыбырлайды. Құлағыма «Құдіреті күшті Алла, қасиетті Бегім Ана бір перзентке зар қыла көрме?!» деген аянышты үні шалынғанда денем дір ете түсті. Сыбысымды білдірмеуге тырысып , жайлап жылжып кеттім.
Көз алдыма оғыз қағанатының орталығы болып, тіршілігі отыны  мол жағылған қазандай қайнаған Жанкент шаһары, қатігез Санжар хан, тілегі қабыл Қарабура әулие, періштедей таза Бегім сұлу, жердің бетін жайлаған ордалы жыландар, ойрандалған   жұрт, өрт жайлаған қорған елестегенде жүрегім қысылды. Үйге жетісімен  деректерді ақтарып, түйсінгенімді қағаз бетіне түсіруге кірістім. Артық – кем жері кездессе патша көңілді оқырман, айыпқа бұйырмас. Сонымен өткен кезеңге қайта оралсақ. 
Республикалық санаттағы археологиялық ескерткiштердiң бiрi Жанкент шаһарының орны Сырдария өзенiнiң сол жақ бетiнде, Қазалы қаласынан 15 шақырым жерде жатыр. «Ежелгi  Селжүк (түрiк) мемлекетiнiң көсемi Селжүк 935 жылы өзiнiң дүниежүзiне әйгiлi жорығын сол кездегi оғыз қағанатының орталығы Жанкенттен бастайды.  Белгiлi тюрколог ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың жазуынша, Жакенттi мекендеген  Жайылхан (қыпшақ) мен Сейiлхан (түрiкмен) 1043 жылдан кейiн Сыр бойынан ығысады.  Жанкент ханы шах Мәлiк пен оның баласы Әлидi батыстағы түркмен  тайпалары өлтiредi. Осыдан соң Сырдың төменгi саласын мекендеген оғыз-қыпшақ ұлысының ыдырауы басталады. Оғыздардың көсемi атанған әйгiлi қобызшы Қорқыт та аңыз әңгiмелер мен кейбiр деректерге қарағанда Жанкентте өмiр сүрген.  Шаһар туралы алғашқы жазбаша естелiктер IХ-Х ғасырларда айтылғанымен  ХҮ ғасырда  деректер жоғалады. Тек арада үш жүз жыл өткен соң ғана Жанкенттiң аты қайта жаңғырады. Алайда бұл қираған Жанкент жайлы жазбалар болатын. Жанкент қаласы жөнiнде орыс саяхатшысы П. И. Лерх өзiнiң 1867 жылы жасаған археологиялық экспедициясынан соң құнды мәлiметтер қалдырғаны мәлім. Қираған қаланың орнын қазу үстiнде араб әрiптерiмен жазылған қыш құмыралар, ХҮ ғасырдың күмiс және мыс теңгелерi, адамның бас сүйектерi табылыпты. Аңыз бойынша Жанкенттi билеп тұрған қатыгез Санжар хан Қарабура әулиенiң қаһарына ұшырап қарауындағы халқымен бiрге опат болады» дейді бір деректерде. Жадымызға түсірелікші.     
 Аңызда «Жанкенттің әміршісі Санжар хан нөкерінің ғайбатына сеніп, күнәдан пәк Бегім сұлудың оң қолын шауып, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіліп жазықсыз жазалайды. Бегімнің әкесі атақты Қарабура әулие қанішер ханға «Қызым ақ болса шабылған қолы, кесілген бұрымы, тілінген танауы қалпына түседі» дейді. Әділдік үстем шығып, Бегімнің дене мүшелері қалпына келеді. Қызының нақақ жәбір көргеніне назаланған әулие Санжар ханды қарғапты.Зұлымдық жазасыз кетсін бе?. Құдіреттің күшімен аспаннан іші ордалы жыланға толы мес түсіп хан бағыныштыларымен бірге ажал құшыпты. Бегім сұлу ақ құсқа айналып көкке ұшып кетіпті. Қонған жеріне керемет мұнара  пайда болыпты» демейтін бе еді?.]
Ал өзге деректерде 1219 жылдың күзінде Жанкентке  моңғол әскері шабуыл жасағаны, халқын қырып, қаланы түгелдей өртеп жiбергенi, отқа оранған қаланың үстiмен қаһарлы Жошы ханның шауып өткенi, халықтың арада көптеген  жыл өткен соң есiн жиғаны, сауда мен қолөнер кәсiбі дамығаны, ХIҮ ғасырда бұрынғы қалпына келгенi, жаңа Жанкенттің араб-мұсылман мәдениетiнiң орталығы саналғаны,  тағы бiр ғасыр өткен соң мәңгiлiкке жойылғаны, ХҮ ғасырдан берi қаланың  орны ғана жатқаны баяндалады.
«Аумағы төрт шаршы шақырым жердi алатын  қаланың күншығыс қапталынан қоршап жатқан қалыңдығы екi метрден асатын ескi қорған талай тарихтың куәсі. Ежелгі шаһардың құпиясын білгісі келетіндер жыл  санап арта түсуде.  ҚР ҒА Ә.Марғұлан атындағы археология институты, Қорқыт ата  Қызылорда мемлекеттік университеті Ресейдің ҒА Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институтымен бірлесіп Жанкент қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген еді. Оған қоса облыс әкімдігі жанындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес шешімімен  облыстық бюджеттен қаржы бөлініп,  археологиялық зерттеу шаралары жасалуда. Сондай - ақ қалашықты  ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу үшін облыстық бюджеттен қаржы қаралды. Аймағы белгіленіп, міндеттемесі жасалып, қорғау тақтасы орнатылды. Қазіргі таңда қалашықтың қорғаныс қабырғаларына, ішкі бөлігіндегі тұрғын жайда қазба жүргізіліп, маңызды құрылыс нысандары аршылып, оларды сақтау (консервациялау) атқарылуда. Қазба барысында табылған жәдігерлер облыстық музей қорына тапсырылуда» дейді өзіміз тілдескендер. Жанкенттің толық сыры ашылатын сәт келешектің еншісінде екені анық.
 
ЖҰМБАҒЫ СЫРЛЫ ЖАНКЕНТ
ЖҰМБАҒЫ СЫРЛЫ ЖАНКЕНТ
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 маусым 2017 г. 1 336 0