МЕНІҢ ЕҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДІР ТҮНІМ

МЕНІҢ ЕҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДІР ТҮНІМБіздің ауылдың шалдары әңгіме бұлағын ағызатын еді ғой.
Олардың шалғайына біз, ойын балалары оратыла кетеміз. Күндіз табанына тікен кірген жүгермектердің  енді көзіне ұйқы кіріп, әр жерде домалап қалады. Мен екі алақаныммен иегімді тіреп алам. Ұйқының салмағынан ауырлаған басымды көтере алмаған шығанағым кілт ете қалғанда, көзімді ақшаң еткізіп қайта тіктелем. Ал, шалдар әңгімені ағызып отырады.
– Алла тағаланың мың бір есімі бар екен. Мың біріншісін Алланың өзі ғана біледі. Мыңыншы есімі де құпия. Бірақ оны періштелер біледі. Жануарлардан түйе ғана біледі дейді. Сондықтан түйені әулие деп танимыз, жүнін аяқпен баспа дейтіні сол. Адамдардан Алланың мыңыншы есімін білген сүйікті құлдары болған, оны олар да ешкімге айтпаған. 
Сүлеймен пайғамбар Алланың мыңыншы есімі жазылған жүзікке ие болғаны үшін перілердің, күллі жан-жануардың, құстардың, желдің – табиғаттағы барлық жаратылыстың тілін түсінген, олармен тілдескен. Яғни, хәл тілінде сөйлей алған. Мыңыншы есімді періштелерден үйренген  Зуһра шолпан жұлдызына айналып кеткен. Алланың мыңыншы есімін білудің құдіреті осындай. Мұсылманның ең терең ғұламалары Алланың тоғыз жүз тоқсан тоғыз есімін ғана білген, – деп ақ сақалы кеудесін жапқан атам бір тоқтады. 
– Кәпірлермен мың ай бойы соғысатын Шәмүннің қаруы қылыш емес, басқа емес, түйенің жақ сүйегі болуы қалай деуші едім. Жарықтық түйенің әулиелігінен екен ғой, – деді төмендеу отырған тықыр шал сәл кідірісті суытпай. 
– Шәмүн туралы мен айтып берейін, – деді төрдегі көк тақиялы шал кесесін самаурынға қарай шиіре жөнелтіп, – Шәмүн түйенің жақ сүйегін кәпірлерге алдаспанша сермеп, мың-мыңдап қырған. Шөлдесе жақ сүйектің тістерінің арасынан тәтті су, қарны ашса сол жерден ет шыққан. Оның күнделікті тамағы сол, жұмысы да соғысып қази болу еді. Осылайша мың айды өткізген. Мың айың сексен үш жыл, төрт ай болады. Кәпірлер Шәмүннен қалай құтылуды ойлап, оның әйелін азғырады. 
– Ұйықтап жатқанда қол-аяғын байла, сонда ғана оны өлтіре аламыз. Ал, саған көп мал-дүние береміз, – дейді кәпірлер оған. 
Әйелі түнде күйеуін жуан арқанмен матап тастайды.
– Мені кім байлады? – дейді Шәмүн азанда. 
– Сенің күшіңді сынап көру үшін мен байладым, – дейді әйелі.
Шәмүн бір сілкінгенде білектей жіп қылдай боп қиылып-қиылып түседі.
Келесі күні оны әйелі шын¬жырмен шандиды.
– Сенің қуатыңды тағы бір сынап көрмекші едім, – дейді әйелі азанда.
Шәмүн бір бұлқынғанда шын¬жырды моншақтай қылып морт-морт үзеді.
– Сені немен байласам үзе алмас едің? – деп әйелі еркелей сұрайды.
– Оны өзім білемін, – дейді күйеуі.
– Менен де жасыратын сырың бар екен ғой, – деп сонда әйелі ашуланған кейіппен теріс айналады. 
– Өз шашыммен байласаң шеше алмаймын, – дейді әйелін өкпелеткісі келмеген Шәмүн.
– Ойпырмай, «қойныңдағы қаты¬ныңа сенбе» деген, ә?! – деп осы арада сөзге киліккен оң жақтағы шал жантайып жатқан жастығын мыжғылай түсті. 
– Мәселе қатынның қандайлығында. Абзал қатын – абыройың, алтын қазығың, адал несібең, – деп әңгімеге араласқан насыбайшы шал оң жақтағы шалдың көңілін орнына түсірді.
– Шәмүннің шашы сегіз өрім еді, – деп көк тақиялы шал әңгімені әрі жалғады. – Түнде әйелі күйеуінің қолын төрт өрім, аяғын төрт өрім шашымен байлап, кәпірлерді ша¬қырады. Өз шашын үзуге Шәмүннің шамасы шынымен жетпейді. Кәпірлер болса, атажауын үлкен дараққа ат қылы қосылған арқанмен байлап, көзін ойып, құлағын кесіп, дене мүшелерін пәршелейді. 
Сол сәтте Алла тағала Шәмүнге уахи етеді. 
– Бұларға не істегенімді қалай¬сың?
– Осы дарақ алқабымен аударылып, мыналар астында қалып, жаншылсын. Соның бәрін өзім істегендей күш бере гөр, – дейді Шәмүн. Алла оған сондай күш береді. Дене мүшелерінің бәрін қайтадан өзіне бітіреді. Кәпірлер де, оның әйелі де аспанмен таласқан алып дарақтың астында қалып, көміледі. 
Шәмүн мұнан соң Аллаға мың ай ғибадат қылады. 
Бұл оқиғаны Жәбірейіл алей¬кісалам Алла расулы Мұхаммедке айтып беріп еді. Сонда Пай¬ғам¬ба-рымыз:
– Иа, Раббым, үмметімнің өмірлерін қысқа, амалдарын аз қылдың, – деп Алладан тілек етіпті.
Сол үшін Алла тағалам Мұхаммед үмметіне Қадір түнін сыйлаған.
Ұлы Раббым Қадыр кешінде саламаттан басқа нәрсені тағдыр етпейді. Ол кештен басқа кештерде саламаты да, бәлкім бәлені де тағдыр етер. 
Қасиетті Құранның «Қадір» сүресінде былай жазылған: «Құ¬ран¬ды Қадір түнінде түсірдім. Қадыр түнінің не екенін білесің бе? Қадыр түні мың айдан да қайырлы. Ол түні періштелер, рухтар Раббының рұқсатымен, әртүрлі әмірімен тү¬седі. Таң атқанға дейін ол түн – саламат».
***
Осыны айтып көк тақиялы шал «намазға тұрайық» деді.
Намаздан соң қайта отырып, Әзірет Әлі мен Дариханың күресі жайлы жаңа әңгіме бастады. Олар да ұйықтамады, мен де ұйықтамадым. Бір кезде, таң ата иегім қос алақанымнан тайғанап кетті. 
Бұл менің Қадір түнімен ең алғашқы кездесуім екенін ол кезде білгем жоқ.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 маусым 2017 г. 853 0