Табиғатқа адамзаттың қолымен жасалынған қиянаттың бірі – Арал теңізінің тартылуы болғанын мойындаған жөн. Кеңестік жүйенің сол бір солақай саясатының зардабын ел-халық әлі күнге шегіп келеді. Ол жасырын емес. Жер бетіндегі ең үлкен көлдің жағдайы бар әлемді алаңдатуда. Әрі теңізді оралту үшін қыруар жұмыс жүргізілуде.
Елбасы мен БҰҰ Арал теңізін қалпына келтіруді басты назарға алып отыр. Соңғы жылдары теңіз төскейінде толағай тірліктер тындырылуда. Баршаға аян, «САРАТС» жобасы соның дәлелі. «Мың рет естігеннен, бір мәрте көзбен көрген артық» деген бар. Теңіз ұлтанындағы жұрттың жай-күйіне қанығу үшін қасиетті жұмада БАҚ өкілдерінен құралған топ Арал ауданына іссапармен барған едік.
Бұл күнде Арал десе теңізбен қатар, ас тұзы да көзге елестейтіні айқын. Оның дәмін Алтай мен Атырау арасындағы жұртқа қоса, алыс-жақын мемлекеттердің бәрі татқан десек артық емес. Сапалы өніміне сұраныс та жоғары. Сонымен, бірінші ат басын тіреген жеріміз Жақсықылыш елді мекеніндегі «Аралтұз» зауыты болды.
Тұз қазу мен оны өңдеу бойынша республикада алдыңғы лекте тұрған кәсіпорында еңбек өнімділігі қарбаластығын зауыт жұмысшыларының қызу қимылынан аңғардық. Бір сәтке де тыным таппаған жандарды көргенде Арал халқының еңбекқорлығына тәнті болдық.
Тоқсан жылдан астам тарихы бар «Аралтұз» АҚ-ы еліміздегі йодталған ас тұзын шығарумен қатар, оның негізгі өндірушісі саналады. Жаңа ғасыр басталған тұста зауыт тарихында бірінші рет қайта құру жұмыстары жүргізілген екен. Оған қоса, өндіріске «тұзды екінші рет байыту» технологиясы енгізіліпті. Бұл дегеніміз тұзды жуу, майдалау, йодтау және кептіру жұмыс¬тары заман талабына сай орындалуда деген сөз.
Инвесторлар тарту ұжымға жаңа серпін әкелетіні белгілі жайт. Мұнан бес жыл бұрын «Аралтұз» АҚ-ға жаңа инвестордың келуімен көптеген игілікті іс қолға алыныпты. Нәтижесінде «ас және техникалық тұз өндірісін ұлғайту» жобасы іске қосылған. Аталған жобаға 2,5 миллиард теңгенің үстінде инвестиция салынғанын айта кеткен жөн. Сол қыруар қаражатқа тұз өндіруге арналған соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар алыныпты. Қуаныштысы – жаңа зауытты іске қосу арқылы өнімділіктің көлемі 1,7 есеге ұлғайып, ішкі нарықтағы үлесі тоқсан пайызға жеткен. Баршасы тынымсыз еңбектің жемісі екендігі және рас.
Сапар барысында 1200 адам еңбек ететін ірі кәсіпорынның вице-президенті Нағашыбай Әуесхановпен тілдесудің сәті түсті.
– Алдағы уақытта кәсіпорын химия өнеркәсібін дамыту мақсатында кальцийлендірілген сода және кір жуғыш ұнтақ шығару жобаларын іске қосуды жоспарлап отыр. Жақсықылыш тұрғындарының түгелге жуығын жұмыспен қамтыдық. Тіпті аудан көлеміндегі өзге елді мекеннен де келгендер баршылық. Жалақыларын уақытылы алып тұр. Бүгінгі таңда тұздың сатылу ауқымы да көбейіп жатыр. Өнімдерімізді Ресей мен Қырғызстанға жөнелтудеміз, – дейді «Аралтұз» АҚ-ның вице президенті.
Біздің келесі аялдағанымыз Арал қаласындағы «Керуен» тойханасы болды. Еңселі мейрамхананың келбеті алыстан «мен мұндалайды». Есігінен енген бетте қос барыстың мүсінін жанарымыз шалды. Тойханаға ерекше айбат беріп тұр. Мінсіз салынып жатыр екен. Құны 230 миллионды құрайтын тойхана ғимараты 460 адамға арналыпты. Сондай-ақ, жүз елу адам еркін жайғасатын кіші залы, шақтас қонақ үйі тағы бар. Нақты кезеңде отыз адамды жұмыспен қамтып отырғанын да айта кеткен жөн.
«КАМБАЛА БАЛЫҚТЫҢ» ҚЫЗМЕТІ ҚАРҚЫНДЫ
Айтыскер ақын, марқұм Бекұзақ Тәңірбергенов¬тің «Аралдың табанынан су кеткенмен, халқымның жүрегінен жыр кеткен жоқ» деген жалынды жыр жолдарын білмейтіндер некен-саяқ. Бұл сапарымызда аралдық ағайынның көңіліндегі жырына қоса дастарханынан балықтың да үзілмейтінін аңғардық. Иә, теңіз маржандары тұрғындардың басты күнкөрісіне айналған. Бұл пікірімізді «Камбала-Балық» ЖШС-ның тірлігі де жандандыра түсті.
Зауытта 35 адам жұмыс жасайды. Жылына бір жарым мың тоннаға дейін балық өңдеуге мүмкіндігі бар. Ысталған, тұздалған және балық фаршын, сом етін шығарады. Өнімдеріне сұраныс та жоғары.
Кәсіпорын директоры Ш.Əбдуалиевтен ысталған балықтар Ресей, Әзербайжан, Грузия еліне жөнелтілетінін, зауыттың Кіші Арал теңізінде №2 учаскесі бекітілгенін, жылына 350 мың тоннаға дейін балық ауланатынын, күзгі, көктемгі науқанда 70-80 адамға дейін еңбек ететінін естігенде марқайып қалғандаймыз. Бұл аймақ экономикасының дамуына зауыттың қосып жатқан үлкен үлесі екені сөзсіз.
ТІГІН ЦЕХЫ – ТІРШІЛІК КӨЗІ
Ән мен жырға төрін берген өңір тігіншілік өнерден де кенде емес. Аралда тігінді нәсіп етіп, жұртқа да жұмыс тауып беріп отырған кәсіпкерлер бар. Соның бірі – Индира Жұмашова. Қазіргі таңда он адамды жұмыспен қамтыған іскер жанның қолынан келмейтіні жоқ.
«Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС арқылы үш миллион теңге несие иеленіп, Арал қаласынан жеке кәсіпкерлігін ашқан, өз қаражатына жер алып, ғимарат тұрғызған Индираның еңбегі кім-кімге де үлгі. Осынау тігін цехында перделер, қыздың жасауы, киім-кешек, басқа да әртүрлі тұрмысқа қажетті бұйымдар тігіледі. Тапсырыстар қабылдайды.
«Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, кәсіпкердің басты демеушісі жары – Ғабиден Жұмашев. Әрдайым талабын қолдап, кәсібін жандандыруға қол ұшын созатын отағасына жарының да айтар алғысы шексіз. Индираның тігін цехы алдағы уақытта түйе жүнінен өнімдер шығаруды да жоспарлап отыр екен. Біз тігін цехының жұмысына қарап, отбасылықтық бизнестің болашағы зор екеніне көз жеткіздік.
КӨЛ ЖАҒАСЫ КӨҢІЛДІ
Сапарымызды Қамыстыбас демалыс аймағында тәмамдадық. Ел ішінде «Қамбаш» аталып кеткен көлге келушілердің қарасы мол. Демалушылардың жүздері де жайдары. Тынығушыларға арналған көптеген шағын үйлер де бой көтеріпті.
Соның бірі – жеке кәсіпкер А.Әбенованың соңғы үлгіде салынған үйлері. Ол бір гектар жер теліміне 75 миллион теңге қаржы салып, кәсібін дөңгелентуде. Бой көтерген он үйі де тынығушыларды қабылдауда. Аталған демалыс аумағында заманауи үлгідегі волейбол, футбол, және теннис корды алаңдары орналасқанын көрдік.
Шағын және орта бизнесті қолдау – бүгінгі күннің басты талабы. Арал ауданында мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтарды ұтымды пайдаланып, кәсібін дөңгелентіп отырған іскер жандар аз емес. Қос тәулікті қамтыған сапар кезінде біздің соған көзіміз жетті.
Есет ТАБЫНБАЕВ.