Елорда төрінде өтіп жатқан EXPO – 2017 көрмесіне қатысушы елдер түрлі жаңа технологиясын ұсынып, бір-бірімен бәсекеге түсуде. Шетелдіктер «бізде барлығынан да қызықты» деп павильондарына шақырып, жаңалықтарымен бөлісіп жатыр. Бүгін микроскопты ойлап тапқан нидерландықтар да өз павильонын таныстырды. Baq.kz тілшісінің хабарлауынша, олардың көрмеге ұсынып отырған жаңа технологияларының бірі – көзілдіріксіз 3D әсерін беретін торлы экран.
«Бұл экран үш жұқа тордан жасалған. Экранда ешқандай әйнек жоқ. Соған қарамастан ол көзілдіріксіз 3D әсерін береді. Бұл өте қымбат құрылғылардың бірі. Экранның дәл алдында екі түрлі проектор бар. Олар суреттерді 3D панелінде көруге көмектеседі. Торлар да бейнелердің көз алдына келгендей әсер береді. Бір жақсысы, құрылғы әйнек сияқты сынбайды. Павильондағы экранның ұзындығы 20 метр, ал ені 6 метр. Болашақта, әйнекті теледидар болмайды, осындай сеткалар болады. Соның көмегімен сіздер үйде отырып, 3D фильмдер көре аласыздар», - деді Нидерланд павильонының қызметкері Ербол Жиенбай.
Ал павильон жетекшісі Эвелин Бэлл нидерландық павильон дизайнын жоспарлаған кезде 3D технологиясымен жұмыс істегіміз келді дейді.
«Дегенмен, біз көзілдірікті қолданғымыз келмеді. Өйткені, бұл технология кеңінен қолданылып жүр. Сондықтан, нидерландық ғалымдар мен инженерлер үш қабатты торлы экранды ойлап тапты. Тордың өзі өте жұқа нанобөлшектерден жасалған. Осылайша, азаматтарға 3D әсерін алу үшін көзілдірік киюдің қажеті жоқ. Бұл бірегей технология алғаш рет ЭКСПО көрмесінде халық назарына ұсынылып отыр», - деді Э.Белл.
Атап өтсек, Нидерланд елінде жел диірмені, жылыжай, өнер, оның ішінде бейнелеу өнері, футбол, музыка, су тасқындарын бақылау саласы мен нанотехнологиялар жақсы дамыған. Сол себептен павильонда аталған тақырыптарға аса үлкен мән берілген.