Сейсенбіде облыстық мәслихаттың мәжіліс залында Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы талқыланған облыс активінің жиыны өтті. Активте аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев Жолдаудан туындайтын міндеттер жайлы сөз сөйледі.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған былтырғы Жолдаумен бірге еліміздің XXІ ғасырдың ортасына дейінгі даму стратегиясы жарияланғаны белгілі. Биыл оны жүзеге асырудың негізгі жолдары жария етілді.
Аталған құжаттың ендігі атқарар жұмысымыздың бағыт-бағдаршамы болуға тиістігіне тоқталған аймақ басшысы ел Президентінің Жолдауында айтылған 7 міндетті айрықша атап өтті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы "Қазақстан жолы 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыруға тиісті көптеген міндеттерді берік тұжырымдармен бекітіп бергенін, ендігі кезекте Елбасы айқындаған осы міндеттерді жүзеге асыру бойынша нақты шаралар қабылдауымыз қажеттігіне тоқталды.
Елбасы экономикадағы ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсімі 4 пайыздан кем болмауы керектігін ескертті. Ол биылғы жылы 6-7 пайызды құрайтын болса, бұл бағытта біздің аймақ одан да қарқынды дамуы қажет. Мақсатты міндеттерді жүзеге асыруды биылдан бастауымыз керек, деп бастады сөзін облыс басшысы.
Сонымен қатар, Елбасы инвестиция көлемін қазіргі 18 пайыздан бүкіл жалпы ішкі өнім көлемінің 30 пайызына дейін ұлғайтуды міндеттеді. Аймақ басшысы бұл мәселеге айрықша мән беріп, әсіресе, металлургия саласына тартылатын инвестицияны арттыру туралы айтты. Жалпы, инвестициялық рейтингке қол жеткізу үшін инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша мақсатты жұмыс жүргізу қажет. "Ғылыми қамтылымды экономиканы дамыту заман талабы. Осы тұста біз металлургиялық технологиялар және күріш шаруашылығындағы зерттеулерді жетілдіруге тиіспіз”, деп атап өтті Қ.Көшербаев.
Бүгінгі таңда Қазақстан бизнес жүргізуге қолайлы елдердің қатарына енді. Дегенмен, шағын кәсіпкерлікті дамыту ісі өңірде кенже қалып отыр. Сондықтан облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреевке шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша жасалған "Жол картасын” 1 ай ішінде толықтырып, әзірлеу тапсырылды.
Ал, аудан және қала әкімдері кәсіпкерлікті дамытуды, жаңа өндіріс көздерін және жұмыс орындарын ашуды күн тәртібінен түсірмеуі тиіс және аталған саланы дамыту үшін қазірден бастап әкімшілік кедергілерге пәрменді тосқауыл ұйымдастыру керек.
Аталған Жолдауында Елбасы ғылыми қамтылымды көп қажет ететін салалар үшін маңызды болып табылатын мұнай және газ, сирек кездесетін металдарды барлауды арттыруды міндет етіп қойғаны белгілі. Бұл тұста біздің өңірдің әлеуеті жоғары. Демек, оны жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстарды тез арада қолға алуымыз қажет. Аймақ басшысы өз орынбасары Ғ.Әміреевке алдағы 10 ақпанға дейін Үкіметке және тиісті министрліктер мен ұлттық компанияларға қажетті ұсыныстарды дайындауды жүктеді.
Тарихи құжатта «Жасыл экономиканы» құру жолында да еліміздің қарқынды дамып келе жатқаны айтылады. "Болашақ энергиясы” "ЭКСПО-2017” бүкіләлемдік көрмесінің тақырыбы болып таңдалғаны мәлім. Баламалы энергетиканы дамыту бойынша Үкімет қабылдаған іс-шараларда қуаттылығы 1000 МВт энергия көздерімен жаңартылған нысандарды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Әкім бұл мәселеге де назар аударды. Яғни, күн мен жел энергетикасын дамыту үшін біздің облыс бұл жоспардан өз үлесін алуы тиіс. Сондықтан бұл саладағы жобаларды жүзеге асыруға дайындық жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Жиында облыс басшысы логистикалық қызмет түрлерін дамыту мәселесіне де мән берді. Елбасының қоғамдық көліктерді отынның экологиялық таза түріне көшіруді тапсырғанын, біздің қалада биылдың өзінде сұйытылған табиғи газбен жүретін 100 автобус алынатынын жеткізді. Осы тұста облыстың көліктік әлеуетін барынша тиімді пайдалануға қатысты ойларын білдірген аймақ жетекшісі өңірді кесіп өтетін күре жолдың алдымыздағы шілде айында, ал 2015 жылы Сексеуіл арқылы өтетін "Жезқазған-Шалқар-Бейнеу” темір жол құрылысының мерзімінен ерте аяқталатынын жеткізді. Сол кезде Қызылорда облысы тоғыз жолдың торабына айналып, транзиттік әлеуеті өседі.
Ал, биылдан бастап халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының бойында сервистік қызмет көрсететін кешендер салына бастайды. Бұл аталған жол құрылысынан босаған адамдарды қайтадан жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Жиында облыстың әр ауданындағы тірек ауылдарды кешенді дамыту жобасы туралы да айтылды. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында жұмыссыздық деңгейін төмендету арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру ісін осы тірек ауылдық елді мекендерін кешенді дамыту арқылы жүзеге асыруды тапсырған болатын. Облыста 24 тірек ауылын жасақтау көзделіп отыр. Нақты кезеңде бұл бағыттағы жұмыстар басталып кетті. Түпкі мақсат осы ауылдарда тұрақты жұмыс орындарын құрып, тұрғындардың әлеуметтік әлеуетін көтеру.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда облыс орталығы мен Байқоңыр қаласын дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аграрлық өндірісті кешенді дамыту мәселесінің маңыздылығын атап өткен өңір жетекшісі бұл бағытта атқарылатын жұмыстар жоспарын дайындауды орынбасары Рзақұл Нұртаевқа тапсырды.
Облысымызда білім беру саласы бойынша да нақты шешімдер қабылдануда. Мұның бәрі қалың елдің көз алдында. Мәселен, көп жылдан бері проблема болып келе жатқан жалпы орта білім беру жүйесіндегі үш ауысымда оқыту мәселесі өткен жылы толықтай шешімін тапты. Сонымен бірге қазіргі таңда аймағымызда балалардың 80,9 пайызы балабақшамен қамтылып отыр. Бұл "Балапан” бағдарламасын жүзеге асыру жоспарға сәйкес 2020 жылға дейін емес, 2015 жылдың аяғына дейін шешуге толық мүмкіндік бар екендігін көрсетеді.
Аймағымыздағы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарында дуальды оқыту технологиясын енгізу бағытында алғышарттар жасалғанын атап өткен орынды. Өңір басшысы орынбасары Ақмарал Әлназароваға 1 наурызға дейін осы мәселе бойынша тиісті шаралар қабылдауды жүктеді.
Осы орайда, өткен жылы жастарды қолдау мақсатында облыс әкімінің 123 гранты тағайындалған, биыл оның саны 300-ге жеткізілетінін айта кетейік. Бұған қоса, мұндай білім гранттары аудандарда да тағайындалуда. Мәселен, Сырдария ауданында аудан әкімінің 70 гранты тағайындалуы талапты ауыл жастарына көрсетілген зор қолдау.
Жиында облыс әкімі денсаулық саласы туралы айтып өтті. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында денсаулық саласына ерекше көңіл бөлінетіндігін атап өткен облыс әкімі ана мен бала өлімі, онкология мен жүрек-қан жүйесі ауруларының төмендеу тенденциясы бар екендігіне тоқталып, медициналық туризмді дамытуда облыстық медицина орталығының әлеуеті жеткілікті екендігін жеткізді.
Елбасы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау және өмір сапасын жақсарту ұлттық тапсырма ретінде жарияланғаны белгілі.
Президент тапсырмасы әр кәсіпорын басшысы тарапынан орындалуы тиіс. Барлық аудандар мен Қызылорда қаласының әкімі қажетті ұйымдастыру шараларын қабылдасын, деді облыс басшысы.
Қазақ елінің бір бөлшегі, ежелден халықтар достығының дәстүрі қалыптасқан Сыр жерінде де ондаған этностардың тағдырлары тоғысып, олардың ата-бабаларының талай ұрпағының өмірі жалғасып келеді.
Біз бір шаңырақтың астындағы мүддесі бір, мақсаты ортақ халықпыз. Қиындық атаулыны жеңетін бір ғана күш бар, ол бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап, баянды ету үшін де осы бірлік ауадай қажет екендігін атап өткен облыс әкімі Қ.Көшербаев Қазақстанның қарқынды серпілісіне әр адам өз үлесін қосу қажеттігіне тоқталып, идеологиялық жиынға қатысушыларды Мәңгілік Ел идеясын қолдауға және осы жолда аянбай еңбек етуге шақырды.
Мәңгілік ел болу өз қолымызда. Осы жолда әрдайым алға ұмтылу біздің негізгі ортақ мақсатымызға айналуы қажет. Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясына "Мәңгілік Ел” патриоттық актісін әзірлеп, қабылдауды ұйымдастыруды тапсыруы осыған дәлел, деді облыс әкімі.
Мұнан соң активте сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмырза Еламанов, Қазақстанның Еңбек Ері, "Абзал және К” толық серіктестігінің директоры Абзал Ералиев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Қылышбай Бисенов, облыс әкімінің кеңесшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Нұрмұрат Ерманов, "Аквалайн” ЖШС басшысы, кәсіпкер Ғалымжан Жақсылықов Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы тарқатып айтып, әр салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жалпы, биылғы Жолдауда тек бір жылғы іс-қимыл мен міндеттер межесі белгіленіп қойған жоқ. Мұнда еліміздің алдағы стратегиялық мақсаттары мен міндеттері айқындалған. "Сондықтан да бұл Жолдау Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын жариялаған аса маңызды құжат болып есептеледі”, дейді идеологиялық жиынға қатысқандар.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.