Нұрлан ӘЛЕКЕ,
Қармақшы аудандық білім бөлімінің бөлім басшысы:
– Әлемдегі ең беделді шараны Қазақстанның өткізіп жатқаны осы елдің азаматы ретінде мені де қуантады. Бұған дейін көрме көбіне Еуропа, АҚШ, Жапония және Қытай мемлекеттерінде ғана өтіп келген. Кезекті таңдаудың Қазақстанға түскені еліміздің әлемдік қауымдастықтағы орнын айқындайды. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімізді паш етудің бірден-бір жолы.
Астанадағы халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін алғашқылардың бірі болып мен де тамашаладым. Алып ғимарат ішіндегі көптеген мемлекеттің павильондарын аралап, ерекше әсерге бөлендім. Қытай, Таиланд, Въетнам, Үндістан, Иран мен Еуропа мемлекеттерінің ұлттық құндылықтарымен танысып, қазіргі заманғы технологияларына қанықтым. Бұл елдер «Болашақтың энергиясы» атты көрме тақырыбына сәйкестендіріп ноу-хауларын ұсынды. Мысалы, Таи жұрты энергияны жүгеріден, қытайлықтар – бамбуктан, немістер судан алу тәсілін жолға қойыпты. Әсіресе, өзіміздің ұлттық павильонда көрер қызық көп. Ауқымды шарадан алған әсерді сөзбен айтып тауыса алмаймын. Оны барып көру керек.
* * *
Гүлжанат ҚАСЫМОВА,
Сырдария аудандық білім бөлімінің әдіскері:
Елімізді әлемге әйгілеп жатқан «ЭКСПО-2017» әрі тамсандырып, әрі таңғалдыруда. Көргенімізден көрмегеніміз көп екенін енді біліп жатырмыз. Сырдария ауданынан көрмені тамашалауға алғашқылардың бірі болып 94 оқушы, 10-нан астам мұғалімдер мен дәрігерлер келдік. «Саят» туристік фирмасы күтіп алып, әсем қаламызды аралатып, ЭКСПО-дағы «Нұр Әлемнің» шуағына шомылдырды. Бірнеше мемлекеттің павильонын көріп, көңілімізге түйдік. ЭКСПО-ның ерекшелігі сол, тек табиғи болмыс, күн көзінен ғана қуат алып, шуағын шашып тұрғандай. Дүниенің төрт бұрышын түгел аралап көру – орындалмайтын армандардың бірі ғой. Бұл жолы біздің армандарымыз орындалды. Өйткені әсем қала Астанаға әлемнің жүздеген елі жиналып, түрлі халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін танытып, ұлттық тағамдарынан дәм татып, сол ел туралы беймәлім болып келген құпияларымен таныстырып жатқан Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне өте разымыз.