Бүгін Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінде Австрия Республикасының ұлттық күні аталып өтті, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
Ұлттық күннің ашылу салтанаты әлемге әйгілі «Әулие Флориан» атты ұлдар хорының орындауындағы екі ел Әнұранымен басталды.
Ұлттық күн қарсаңында көрмені тамашалаушылар мен қала қонақтарына Австрияның павильоны таныстырылды. Австрия көрмесінің ерекшелігі сол, көрмені тамашалауға келген қонақтардың барлығы да, «ЭКСПО-2017» көрмесінің бас тақырыбы – «Болашақтың энергиясын» өздері өндіреді. Мысалы Австрияның әсем табиғатын, көрікті жерлерін, керемет қалаларын тамашалағың келсе LED экранға жалғанған велосипедті тебуің керек. Сол кезде экранды іске қосатындай энергия жиналады. Сол арқылы қалаған бейне материалды тамашалауға болады. Павильонда мұндай «ойнап жүріп» энергия жинайтын, сол арқылы тамашалағың келген дүниені іске асыратын бірнеше құрылғы орнатылған.
Көрменің ерекшелігіне Австрия республикасы делегациясының басшысы, Австрия ғылым, зерттеулер және экономика вице-министрі Бернадетте Гирлингер арнайы тоқталды.
«Қазақстан – Австрияның Орталық Азиядағы маңыздылығы жоғары серіктесі. ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Қазақстан астанасы Астана «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бойынша жаңа идеялармен және шешімдермен алмасу үшін ең қолайлы алаңға айналды. ЭКСПО – ақпараттандыру, шабыттандыру және қарым-қатынас жасау үшін таптырмас орын» - дейді вице-министр.
Павильонда велосипед басқышын айналдырғанда қанша энергияны өндіруге болатынын да білуге болады. Мәселен, жеңіл көлікті бір шақырым жерге энергиямен қамтамасыз ету үшін басқышты 12 сағат бойы айналдыру қажет. Сол сияқты бір үйге қажетті энергияны 5000 сағат өндіруге тура келеді. Ал компьютерде бір клик жасау үшін велосипед басқышын 52 секунд айналдырса да жетеді. Бұдан бөлек, әткеншектерді теуіп, музыканы шығаруға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар, аустриялық павилонның соңы әйгілі «Әулие Флориан» ұлдар қорының концертіне жалғасты.
Қазақстан Әнұранын шырқаған ұлдар хорының тарихына шамалы тоқталар болсақ. Ұлдар хоры Австрияның орталығында орналасқан Әулие Флориан монастырінде 1071 жылы құрылған. 10 ғасырлық тарихы бар хор осы елдің басты бренді болып саналады. Осы уақытқа дейін шығармашылық ұжым әлемнің біраз мемлекетінде болған. Қазақстанға жасаған алғашқы сапары.