«ЭКСПО – 2017»: ТУРИСТЕРДІҢ КӨЗІМЕН

«ЭКСПО – 2017»: ТУРИСТЕРДІҢ КӨЗІМЕН«ЭКСПО – 2017» көрмесіне маусым айының өзінде 2 миллионға жуық адам келеді деп күтілуде. Бұған күн сайын көрме орталығында туристердің қарасының көбейіп жатқаны дәлел. Одан бөлек, әр павильонның қызметкерлері қолы босай қалса көрші павильондарға барып, «Болашақтың энегриясы» тақырыбына өзге елдердің не көрсетіп жатқанын тамашалап жүр. Көрменің алғашқы күндерінде келген қонақтардың әсерін білгіміз келіп, әңгімеге тартқан едік.

Дэнис ЭНРИКУАЗ, Белиз, Орталық Америка:

– Біз мұнда Кариб павильонында ұлттық близ биін билейміз. Бұл біздің Азиядағы алғашқы өнер көрсетуіміз. Оған дейін Еуропаның, Орталық Америка мен Солтүстік Америкада фестивальдерге қатысқанбыз. «ЭКСПО» халықаралық көрмесіне де алғаш келуіміз. Қазақстанға келмес бұрын, шынымды айтсам, мемлекет туралы ештеңе білмедім. Сонда да интернеттен іздеп, ақпарат алдық және осында келуге асықтық. Қазақ халқы сондай мейірімді екен әрі өте сұлу. Астанада шілденің соңына дейін боламыз. Оған дейін көрмедегі барлық павильондарды аралап шыққымыз келеді. Астанадағы туристерге арналған орындарға баруды жоспарлап отырмыз. Келгенімізге тек 5 күн ғана болды. Африка мен өз еліміздің павильонында болдық. Бүгін Қытай, Сингапур және Оңтүстік Корея елдерінің павильондарын тамашалаймыз. Көрмедегі ең үлкен Қазақстан павильонын ең соңына қалдырып отырмыз. Өйткені біз үшін ол – ең маңызды павильон. Ол жерден Қазақ елінің таңғаларлық салт-дәстүрімен танысамыз деп үміттенемін.

Киара БИОЛО, Италия:

– Алғаш 2015 жылы еліміздегі Милан қаласындағы «ЭКСПО» көрмесіне қатыстым. Екі көрме көтеріп отырған проблемасы мен құрылыс ғимаратына дейін екі түрлі. Мұнда әр ел өзінің энергия саласындағы жетістіктерін интерактивті түрде, видео, аудионың көмегімен таныстырады. Сонымен қатар павильондар шаршыға ұқсас түрде салынған. Миланда көрмелер басынан соңына бір-ақ шығатын ұзынсонар ғимараттарда орналасты. Тайланд пен Грузия елінің павильондарында болдым. Қателеспесем, ортадағы ең үлкен шар – Қазақстандікі. Оны аралауға арнайы уақыт бөлу қажет. Өйткені ол өте үлкен екен әрі өте әдемі. Қазақстанға алғаш келуім. Сіздер туралы бұған дейін көп нәрсе білмесем де осындағы күндерім өзіме ұнап жүр. Әлі үш ай бойы Астанада боламын. Бұл аймақты сары дала дейді екен ғой. Сол шегі көрінбейтін сары даланы жүріп өткім келеді.

Рафей КИАМБАНГ, Малайзия:

– Халықаралық көрмеге бірінші рет қатысуым. Елдеріңізге келмес бұрын сіздерде ылғи қар жауып тұрады және тау көп деп елестеткенмін. Астанаға келгенімде сәулетті ғимараттарды көріп, Еуропаға қатты ұқсайтынын байқадым. Көрменің соңына дейін осында боламыз.
Текдал ЧЕЛИК, Түркия:

– Бүгінгі көрмеге саяхатымды Түркия павильонынан бастайын деп жатырмын. Мұғаліммін. Қазақстанда Павлодар қаласындағы қазақ-түрік лицейінде істеп жатқаныма біраз уақыт болды. Сондықтан бірнеше жеріне саяхаттап үлгердім. Астана, Павлодар, Өскемен, Тараз және Екібастұз қалаларында болдым. Қазақстанның жауапкершілігі зор халықаралық көрмені мойнына алуы өзінің дамыған елдердің қатарына өтуге дайын екенін көрсеткені деп ойлаймын.

Самсон СААЛА, Папуа-Жаңа Гвинея:

– Біз Австралия материгінің солтүстігінде орналасқан Папуа-Жаңа Гвинеядан келдік. Қазақстанмен қашықтығы өте алыс. Алайда жолдың ұзақтығын қиынсынбадық. Өйткені «ЭКСПО»-ны көргіміз келді. Ол біздің арманымыз болатын. Сонымен бірге, жаңа мәдениетпен, жаңа елдермен танысуға және қазақ халқын білуге, өзіміздің көрмеге ұсынар дүниелерімізді танытуға ниеттендік. Астанамен шектелмей Қазақстанның өзге де өңірлеріне саяхаттағымыз келеді. Бірақ ол біздің комитетке байланысты. Үстіміздегі киім – ұлттық киімдеріміздің бірі. Сіздерге және көрмеге келушілерге ескі тайпалардың киіміндей киінуім, жалаңаяқ жүруім өте таңсық көрінеді. Алайда ұлттық костюм – мың түрлі дәстүріміздің біреуі ғана. Көрмеге келушілер менің үстімдегі костюмді көргенде бірден фотоға, селфиге түседі. Сондай-ақ біздің елде 700 тіл бар. Біз өзіміздегіні бар әлемге танытқымыз келеді.

Ким Ие ДЖИ, Оңтүстік Корея:

– Бұған дейін машина, дұрыс тамақтану тақырыбына арналған «ЭКСПО» көрмелерінде болдым. Энергияны үнемді пайдалану мәселелерін шешуге арналған көрмеде бірінші рет болып тұрмын. Қазақстанға да бірінші рет келуім. Маған сіздердің ұлттық тағамдарыңыз бен мәдениетіңіз ұнады. Астана «ЭКСПО – 2017» көрмесінде барлық павильондарды аралап шықсам деймін. Қазақстанға келмес бұрын қазақ асханасында қандай тағам түрлері бар екенін оқып шықтым. Байқағаным, мұндағы тамақтың дәмі біздікіне өте ұқсайды. Әсіресе, ащы тағамдары ұқсайды. Елдің оңтүстігінде орналасқан Алматы қаласына барғым келеді. Өйткені осындағы достарымның айтуынша, алматылықтар өз қалаларына шаң жуытпай мақтайды екен. Астаналықтар өз Астанасын жақтайтын көрінеді. «Алматыда не бар?» деп сұраған адамымның бәрі, «бізде тау бар» деп жауап береді. Соны өз көзіммен көргім келеді. Сонымен қатар танымал тұлғалардың, артистердің басым бөлігі Алматыда тұрады екен.
 
aikyn.kz
 
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 маусым 2017 г. 705 0