ЭКСПО-2017: ФРАНЦИЯ ПАВИЛЬОНЫНА САЯХАТ

ЭКСПО-2017: ФРАНЦИЯ ПАВИЛЬОНЫНА САЯХАТБүкіл әлемге, ең әуелі, Эйфель мұнарасымен танымал Франция бүгін «ЭКСПО» көрмесіндегі павильонын таныстырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Футуристік Peugeot, электрлі велосипед, сыртқы у-шуды ішке енгізбейтін қабырға мен «жасыл қасбеттер» – Францияның Қазақстанға әкелген инновациялық өнімдері.
Франция павильоны сегіз аймақтан тұрады. Әр аймақ өзара дәліздермен бөлінген. Дәліздердің әрқайсысы адамзаттың игілігі үшін қажетті технологиялардың дамуына зор үлесін қосқан белгілі тұлғаларға арналған. Мәселен, олардың арасында француздың экспериментатор- ғалымы, радиохимияның негізін қалаушы Мария Кюри бар.
Павильонның бірінші аймағында залдың тап ортасында алып «Жер шары» орналасқан. Едендегі шеңберге аяқ басып, болашақ энергиясы туралы төрт тілде (қазақ, орыс, ағылшын және француз) ақпарат алуға болады. Ол үшін белгілі бір елдің туы көрсетілген тұсқа алақаныңызды жайсаңыз, болашақ энергиясы туралы қысқаша көрсетілімді алақаныңызға қарап-ақ тамашалай аласыз.
Енді бір аймақта заманауи бетон өндірісімен айналысатын Vicat компаниясының технологиялары ұсынылған. Екі бөліктен тұратын Vicat стендінің мақсаты – цемент пен бетонды пайдалану түрлерін ұсыну.
Бұл аймақтан көрмеге келген қонақтар жасанды цементті ойлап шығарған Луи Виканың мүсінін, бетон-креслоны, фотовольтаикалық бетон, «жасыл қасбеттерді» тамашлай алады. «Жасыл қасбет» деп аталу себебі кәдімгі бетонның үстіне өсімдіктер өсіп шығады. Бүгінде Франция қалалары үй, ғимарат құрылысында осындай декоративті қасбеттерді пайдаланады.
Бұған қоса, жылу мен дыбысты реттейтін модельдер де ұсынылған. Салауатты әрі жайлы тіршілік ортасын қалыптастыру мақсатында Saint-Gobain компаниясы мен оның Multi comfort жобасы тұрғын үйлер мен ғимараттардың құрылысымен, оларды абаттандырумен айналысады. Көрмеге келгендер бұл залда түрлі температураны сезіне алады, сондай-ақ, сырттан келетін дабысты, у-шуды ішке кіргізбейтін дәлізде бола алады.
Францияның Астанадағы көрмеде көпшілік назарына ұсынатын бірегей технологиясының бірі – бензин және электр энергиясымен жұмыс істейтін Peugeot көлігі. Ең алғаш бұл автокөлік Шанхайда таныстырылған екен. Астанаға әкелінгені гибридті модельдің прототипі. Жаңа буындағы автокөлік ауаға зиянды зарттардың таралуын азайтып, қоршаған ортаға оң әсер етеді. Quartz концепт-кары жоғары технология мен тиімділікке ие.
«Болашақ көлігіне біз жеке-дара секция арнадық. Мұнда электрлі көліктің бірнеше түрі ұсынылған: автокөлік, скутер, самокат және велосипед. Әрине, бұлардың арасында Peugeot көлігі ерекшеленеді. Мұның кузовы мен салоны футуристік дизайнға ие. Бұған дейін бұл өнертабыс Шанхайда көрсетілді», - деп атап өтті Франция павильонының комиссары Паскаль Лоро.
Францияда тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өндірісіне баса мән берілген. Ірі өндіріс ошақтарын айтпағанда, шағын және орта бизнестің бұл салаға қосып жатқан үлесі көп екен. Залдардың бірінде тұрмыстық қалдықтардан энергия алу жолы ойын түрінде көрсетілген. Париж бен қаланың айналасындағы елдімекендер тұрмыстық қалдықтарды өңдеуден өндірілген энергиямен қамтылады. Мұндай жолмен алынған энергия ауруханалар, ірі кәсіпорындар, Лувр, ұлттық ансамблеяға бөлінеді.
Соңғы аймақ инновациялық технологияларға негізделген шағын компанияларға арналған. Бүгінде Францияның шағын кәсіпорындары болашақ энергиясын дамыту бағытында белсенді жұмыс істеп жатқан көрінеді.
1084 шаршы метр аумақты алып жатқан павильонда басты үш тақырып қамтылған: Жаңартылатын энергия көздері, Болашақ қаласы және Экожеделдік.
Павильонның екінші қабатында кеңселер, салтанатты шараларға арналған залдар мен демалыс аймағы бар. Халықаралық сарапшылардың қатысуымен өтетін конференциялар нақ осы жерде ұйымдастырылмақ.
Павильон комиссарының айтуынша, үш ай бойы әр екі күн сайын мәдени, әдеби іс-шаралар өтеді. Көрмеге келген қонақтарға ерекше әсер, керемет көңіл күй сыйлау үшін барлығын ойластырып қойдық, деп сендірді ол.
Ал Франция павильоны үшін қанша қаражат жұмсалғанын сұрағанымызда, Паскаль Лоро мұны құпия қалдыруды жөн көрді. ЭКСПО-2017: ФРАНЦИЯ ПАВИЛЬОНЫНА САЯХАТ
ЭКСПО-2017: ФРАНЦИЯ ПАВИЛЬОНЫНА САЯХАТ
ЭКСПО-2017: ФРАНЦИЯ ПАВИЛЬОНЫНА САЯХАТ


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 маусым 2017 г. 635 0