EXPO ПАВИЛЬОНЫНАН ГРУЗИЯ ЕЛІНЕ САЯХАТТАУҒА БОЛАДЫ

EXPO ПАВИЛЬОНЫНАН ГРУЗИЯ ЕЛІНЕ САЯХАТТАУҒА БОЛАДЫГрузия президенті Георгий Маргвелашвили «EXPO» көрмесін тамашалап, Грузияның жасыл технологиялар саласындағы жетістіктері мен бай тарихынан сыр шертетін павильонды ашты. Baq.kz тілшісінің хабарлауынша, павилонға келушілер 5D форматындағы көзілдірік арқылы Грузияға саяхаттап, нағыз грузин шарабының дәмін татып көре алады.
Ашылу рәсімінде Грузия президенті Георгий Маргвелашвили бүгінгі күннің, жалпы, сапардың аса маңызды екенін айтты.
«Бүгінгі күн Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуден басталды. Одан кейін «EXPO» көрмесіне жиналдық. Барлығы ұнады. Осындай маңызды көрмеге Грузияның үлкен павильонмен қатысып отырғаны қуантады», - деді Грузия басшысы.
Бүгінгі салтанатты шарада Грузия мен Украинаның халық әртісі Гиви Гачечиладзенің жетекшілігімен Тбилиси мемлекеттік оркестрі өнер көрсетті. Сонымен қатар, Грузия халық әртісі Ека Мамаладзе, Грузия мен КСРО-ның халық әртістері Тамара Гвердцители және Нани Брегвадзе ән шырқады.
Шағын концерттен кейін 4 негізгі бөлімнен тұратын Грузия павильоны ашылды. «Бірінші бөлім – «виртуалды әлем» бөлімі. Бұл жерден Грузия қалалары, мысалы Тбилиси немесе Батуми қалаларына саяхат жасауға болады. Ол үшін 5D көзілдірігін киіп, сол арқылы елдің кез келген жерін тамашалай аласыз. Бөлімдегі басқа да интерактивті тақталар мен энергия құрылғыларын пайдалануға болады. Екінші бөлім энергия тақырыбына арналған. Арнайы стендте әлемдегі екінші орындағы Имбури су қоймасының жұмысы көрсетілген. Жалпы, Грузияда тұтынатын қуаттың 80 пайызы гидроэлектр стансаларынан, яғни судан алынады. Ал үшінші бөлім «шарапқа саяхат» деп аталады. Бұл жерде грузиндердің шарап жасау әдістері көрсетілген. Грузияда шарап қонақжайлықтың белгісі саналады. Грузиндер де қазақ халқы сияқты өте қонақжай халық. Оларда да асаба болады, кең тараған тост түрлері де бар. Мысалы, олар «ата-ана үшін, әйелдер үшін және достар үшін» деп тост көтереді. Төртінші бөлім – Грузия қолөнеріне арналған. Бұл жерде табиғи таза материалдардан жасалған қолөнер бұйымдары назарға ұсынылған. Оларды сатып алуға да болады», - дейді Грузия павильонының қызметкері, ерікті Аяна Дәуренқызы.
Атап өтсек, павильонның ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек және екі елдің басқа да лауазымды тұлғалары мен қонақтары қатысты. EXPO ПАВИЛЬОНЫНАН ГРУЗИЯ ЕЛІНЕ САЯХАТТАУҒА БОЛАДЫ EXPO ПАВИЛЬОНЫНАН ГРУЗИЯ ЕЛІНЕ САЯХАТТАУҒА БОЛАДЫ
EXPO ПАВИЛЬОНЫНАН ГРУЗИЯ ЕЛІНЕ САЯХАТТАУҒА БОЛАДЫ

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 маусым 2017 г. 475 0