Жолдамалар сарапқа салынды

Жолдамалар сарапқа салындыҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ұйымдастыруымен елімізде халықаралық «Мен қазақпын» мегажобасының аймақтардағы іріктеу кезеңі басталған болатын. Аталған серпінді жобаның мақсаты – қазақ xалқының төл өнері, соның ішінде жыр-терме мен күйді бүгінгі заман талабына сай жаңартып, өскелең ұрпаққа жеткізу.
Бүгін мегажобаның Қызылорда облысындағы ақтық кезеңі А. Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде өтті. Онда аймақ бойынша бақ сынаған 325 адамнан іріктеліп шыққан 30-ға жуық өнерпаз сайысқа түсті. 
Таңдаулы үздік термешілерден Ерсейіт Әлиев, Қуаныш Алғазиев, Амандық Жаппабергенов, Мұхтар Дәрібаев, Төлебай Жарасқан, Мейрімжан Махамбетжанов көптің көзайымына айналды. Ал дәулескер күйшілерден Асылбек Махамбеталиев, Нариман Серімбетов, Берік Аққалиевтердің өнері тыңдармандарды тәнті етті. 
Сондай-ақ, дәстүрлі әншілер арасында Мақсұт Әбсадықов, Алмат Төралиев, Дәулетхан Ізбасхан, Көкен Өскенбай тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. 
Облыстық іріктеудің нәтижесінде, жыршы-термешілер арасынан Марат Сүгірбай, дәстүрлі ән орындаудан Зүлфия Баймұрзаева, күй жанрынан Сәбит Ділдебаев үздік деп танылды. Сонымен қатар, олар «Мен қазақпын» мегажобасының республикалық кезеңіне жолдама алды. 
Айта кетерлігі, жүзден жүйрік шығып, жолдама иеленгендерге алдағы уақытта ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Гүлмира Сарина жетекшілік ететін болады. 


Есет ТАБЫНБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 маусым 2017 г. 583 0