Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен мәжіліс өтіп, онда бұған дейін облыс әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған Артур Нығметовті әріптестері, актив мүшелері жаңа жұмысымен құттықтап, шығарып салды.
– Қазір облыстың бас ғимаратынан тәлім алған білікті мамандар республиканың түкпір-түкпірінде, сонымен қатар Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр Кеңсесі мен басқа да орталық мемлекеттік органдарда қызмет етіп, біліктіліктерін танытып, аймақ абыройын асқақтатып жүр деп мақтанышпен айта аламыз. Осыған дейін облыс әкімінің кеңесшісі лауазымын атқарып келген Артур Сағидоллаұлы Нығметов еліміздегі ақпараттық саясатты жүзеге асыратын маңызды құрылымдардың бірі – Орталық коммуникациялар қызметінің директоры болып тағайындалды. Артур Сағидоллаұлы жас та болса, өзін іскер де білікті, білімді де парасатты азамат ретінде таныта білді. Сыр өңірінде аз ғана уақыт еңбек еткеніне қарамастан, ол көп іс тындырды десек, артық айтқандық болмас. Ол жергілікті атқарушы органдар мен бұқаралық ақпарат саласы өкілдерінің арасында жаңашыл қарым-қатынас орнатып, аймақтағы атқарылған жұмыстардың жоғары деңгейде ақпараттандырылуына ерекше үлес қосты, – деп атап өткен облыс әкімі жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Артур Нығметов – Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің (2007 ж.), Мәскеу саяси зерттеулер мектебінің (2008 ж.) түлегі. SIPU International - шведтік мемлекеттік және муниципальдық басқармасында тағылымдамадан өткен. Жеке коммерциялық телевидениеде жаңалықтар қызметінің редакторы, авторы, телебағдарлама жүргізушісі болды. Медиалық технология орталығының директоры, «Нұр Отан» қоғамдық-саяси партиясы институтының қолдауымен «SarapTime» сарапшылық клубының басшысы болған. 2015 жылғы тамызда Алматы қаласы әкімінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған.
Мәжілісте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Артур Нығметовті Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасымен марапаттап, естелік сыйлық табыстады.
Жиында Артур Сағидоллаұлы да сөз алып, қызметте қолдау білдіріп, үлкендік қамқорлығын аямаған аймақ басшысына алғысын жеткізді.
Айнұр БАТТАЛОВА.