Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың жетекшілігімен аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралып, биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында атқарылған шаралар барысы талқыланды.
Аймақ басшысы алдымен өңірдегі мемлекеттік органдарды жобалық басқару жобасына тоқталып өтті. Бұл жобаға байланысты облыстық делегация өткен айда Ресей Федерациясының Волгоград облысында болып, тәжірибе жинақтап қайтқан еді. Ендігі кезекте көрші мемлекеттен келген арнайы топ біздің орган басшыларымен кездесіп, семинарлар өткізуде. Облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким аталған жобаға қатысты хабарлама жасап, атқарылар шараларды пысықтады.
Сонымен бірге, кәсіпкерлік төңіре¬гінде жұмысты жүйелендіру қажеттігі де назарға алынды. Аймақ басшысы ауылда кәсіпкерлікті барынша дамытуға құзыретті мекеме басшылары ықпал жасау керектігіне тоқталды. Әрбір елді мекенде монша мен шаштараз, наубайхана салу үшін мемлекет тарапынан түрлі жеңілдетілген несие қарастырылғанын, оны ұйымдастыруда округ әкімдігі, жауапты мекеме басшылары салғырттық танытатындығын жеткізді.
Мәжілісте облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қоры¬тындылары және 2017 жылға арналған облыс әкімінің іс-қимыл жоспарының орындалуы туралы мәселе қаралды. Бұл жайында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова баяндады.
– Жыл басынан бері жоспарды жүзеге асыру бойынша облыстық мекемелер тарапынан ешқандай салғырттық фактісі болған жоқ. Үстіміздегі жылдың алты айында 71 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланса, оның 51-і толығымен орындалған. Қалған 20 іс-шара жоспарда белгіленген уақытта бітпегенімен, жауаптылар тарапынан жүйелі жұмыс жүргізілуде. Оларды жылдың екінші бөлігінде аяқтау жоспарланып отыр, – деді басқарма басшысы.
Хабарлама барысында Сәуле Ибрагимқызы 2017 жылға арналған меморандум индикаторларының 5 айда орындалу барысына тоқталды.
Сонымен бірге, облыстық қаржы бас¬қар¬масының басшысы Талғат Жақыпбаев күн тәртібіне қойылған бюджет қаражатын игеру мәселесіне қатысты бірқатар деректерді келтірді.
Басқарма басшысының айтуынша, облыс бюджетінің 2017 жылдың 5 ай¬ын¬дағы түсімдері 103,6 пайызға орындалған.
Жалпы, облыстық бюджеттің кіріс¬терінің 673,5 млн теңгесі табыс салы¬ғынан, 630,8 млн теңгесі әлеуметтік салықтан, 291,8 млн теңге меншік салығынан түскен. Ал салықтық емес түсімдерден 97,4 млн теңге, мүлікті және жер учаскелерін сатудан 79,7 млн теңге кіріс кірген. Облыстық бюджеттен бұрын берілген кредиттерді ертерек өтеуден түскен ақша 1,3 млрд теңгені құраған.
Сондай-ақ, облыс тайқазанындағы шығыстар жоспары 96,9 пайызға игерілген. Сонымен қатар, мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бөлінген қаржы да толықтай игеріліп, ел мүддесіне жұмсалған.
Мәжіліс отырысында жануарларды аса қауіпті жұқпалы аурулардан алдын алу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Аймақ басшысы ауыл шаруашылығын алға оздырғысы келетін өңір үшін бұл мәселенің өзекті екенін жеткізді.
– Облыс биыл Париж қаласында өткен Халықаралық Эпизоотиялық Бюроның Бас Ассамблеясының 85-сессиясында вакцина қолданатын аусыл бойынша таза аймақ мәртебесін алды. Бұл үшін қаншама уақыт және ресурс¬тар кетті. Сондықтан, бұл мәртебені ұстап тұру үшін бізге барлық тиісті шараларды қабылдап, уақытылы орындалуын қатаң бақылауға алу қажет, – деді аймақ басшысы.
Облыстық ветеринария басқарма¬сының басшысы Ерсұлтан Апетовтің айтуынша, өңірде эпизоотиялық тұ¬рақ¬тылықты сақтау мақсатында рес¬публикалық бюджет есебінен аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егу, диагностикалық тексеру жұмыстары жылда тұрақты жүргізіліп келеді. Былтыр еліміздің бірнеше аймағында жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауру¬ларының 149 ошағы тіркелсе, биыл мұның саны 23-ті көрсетіп отыр. Осындай жағдайларды болдырмау мақсатында облыста үстіміздегі жылы аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы аурудың алдын алуға ветеринариялық препараттар республикалық бюджет есебінен қаралып отыр.
Жиын соңында облыс әкімі жергілікті жерлерде эпизоотиялық тұрақтылықтың сақталуын қатаң бақылауға алуда, жеткізілген ветеринариялық препараттардың талапқа сай сақталуын, алдын ала егу жұ¬мыстарының сапалы жүргізілуін бақылауда ұстауды ескертті. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар беріп, жұмысты уақытылы жүргізуді тапсырды.
Есет ТАБЫНБАЕВ.