АСТАНАДАН АРНАУЛЫ ТІЛШІМІЗ ДӘУІРЖАН ЕЛУБАЕВ ХАБАРЛАЙДЫ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде: «ЭКСПО – ғылыми жаңалық қана емес, ол барлық елдер мен өркениеттерді жалғайтын алтын көпір», – деген еді. Бұған көп ұзамай-ақ көз жеткіздік. Көрме ашық деп жариялағаннан кейін кезек қазақстандық ұлттық павильон мен шетелдік павильондарды аралауға тиді.
Аймақтық БАҚ журналистерінің баспасөз саяхаты ЭКСПО қалашығын тамашалауға арналды. Ал салтанатты жиынды қазақстандықтар ғана емес, төрткүл әлемнің түкпір-түкпіріндегі жұрт тікелей трансляция арқылы тамашалағаны өздеріңізге мәлім. Осылайша, Қазақстанды әлемге танытатын «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін алғашқылардың бірі болып аралаудың сәті түсті. 90 күнге созылатын көрменiң барша қызықтары мен оның тиімділігін сарапшылар айта жатар, бiз көрме ресми ашылған, одан кейінгі күні көрген-бiлгенімiздi, естен кетпес әсерімізді бөлісейік.
ЖАҢА ИДЕЯЛАР БЕСІГІ
Көпшілік күткен көрме ресми түрде ашылған күннің ертесіне оған қатысуға өтініш берген 115 мемлекеттің 87-сі өз павильонын ашты. Оның ішінде Қазақстандық ұлттық павильон да бар. Біз 25 гектар аумақты алып жатқан алып қалашықтағы саяхатты халық «шар» атап кеткен осы «Нұрлы Әлем» сферасынан бастадық. Биіктігі 100, ал диаметрі 80 метрді құрайтын қазақ елінің павильоны төңірекке айрықша сән беріп, асқақтап тұр. ЭКСПО аумағындағы өзге павильондардың бәрі осы алып шарды қоршай орналасқан. Күні кеше осы шыны ғимарат алыстан «менмұндалап» көрінген кезде-ақ: «шіркін, көрменің басты нышаны – сфераны түгел аралап, әлемдегі осы тектес ғимараттардың ең үлкені саналатын бірегей нысанның төбесінен көз салсаң, қиялың шартарапты шарлар еді-ау!» деп қиялдаған едік. Енді міне, сая¬¬хатты нақ осы баламалы энергия көздері шоғырланған «Нұрлы Әлем» сферасынан бастағалы тұрмыз.
Қазақстанның ұлттық павильонын «Болашақ энергиясының мұражайы» десеңіз, тіпті де қателеспейсіз. Мұны осында болған сәтте-ақ бағамдап үлгердік. Пішіні шар тәрiздес алып ғимарат 8 қабаттан тұрады. Болашақтың энергиясын табуға күллі адамзатты біріктіруге шақырған, еліміздің әлеуетін таныстыратын «Нұрлы Әлем» сферасын аралап шығуға 4 сағат уақытымызды арнадық. Төменгі қабатта екі шатыр тігілген. «Жақсыны – көрмек үшін» деген, танысуды осы жерден бастадық. Таңданысын жасыра аламай шетелдік қонақтар да жүр. Мұндағы сиқырлы тақтадан көрме қонақтары – туристер ұлтымыздың бай салт-дәстүрімен танысуда. Ұлттық құндылық атаулары жазылған тақтаға қол тигізсеңіз, осы жерде тұрып-ақ сайын дала төсінде еркін ғұмыр кешкен дархан халықтың сан ғасырлық ғұрпы туралы мәліметтерге қанығасыз. Суретті тақта сөйлегенде проек¬ция¬дан берілген көріністер арқылы Ұлы даланың кең¬¬¬дігін сезінесіз. Қазақстанның табиғаты, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі де түгел қамтылған. Бұған қоса, ұлттық павильонда Алтын адамның көшірмесі, жер мен ғарышты байланыстыратын Бәйтерек пен алып самұрық құстың алтын жұмыртқасының декорациясы орнатылған. Ал келесі шатырға енгенде сәт санап көркейіп келе жатқан Елорданы аралағандай күй кештік. Бұған қоса, мұнда ҚР Энергетика министрлігі жанындағы ғылыми-техникалық кеңесте іріктеуден өткен қазақстандық өнертапқыштардың инновациялық жобалары қойылыпты. «Ұлттық павильонға қойылған отандық ғалымдар мен ұйымдардың ғылыми-техникалық жобалары қазірдің өзінде осында келушілердің назарын еріксіз өзіне аударып, қызығушылық тудыруда», – дейді мамандар.
Жұртшылықты таң-тамаша қалдырған жобалардың тақырыбы – энергияның жаңа жаңғыртпалы көздерін дамыту, энергия үнемдеу және энергия тиімділігі, қоршаған ортаға жағымсыз ықпалды төмендету технологияларымен байланысты. Бүгінгі таңда аталған жобалардың басым бөлігі ішкі нарықта сұранысқа ие болса, кейбірі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларында қолданыста жүр. Еске сала кетейік, ел Президенті өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осындай инновациялық жобаларға қолдау көрсетіп, оларды өндіріске жылдам енгізу мәселесіне баса назар аударған болатын.
Ұлттық павильонның әр қабаты тақырыпқа сай безендірілген. Оны өз көзімізбен көргеннен кейін кеудемізге жылылық ұялады. Әсіресе, Астана қаласының болашағына арналған сегізінші қабатпен танысу алабөтен қуаныш сыйлады. Ал осы ең жоғарыдағы шыны көпірмен бойлай жүріп төменге көз салсаңыз, сонау 1 қабатқа дейінгі көрініс көз алдыңызда. Мәселен, жетінші қабат құпия сырын ішіне бүккен, жұмбағы мол ғарыш саласына арналған. Қызығы, өте шебер жасалған декорациялар сізді өзге ғаламшарға саяхатқа апарады. Бір сәт ғарышкер сезініп, олардың өмір-салтымен танысасыз. Алтыншы қабат – Күн энергиясына арналған. Яғни, оның энергиясынан қуат алатын озық технология¬¬лар сізді қайран қалдырады. Тіпті, экспозиция арқылы Күннің ішіне «кіруге» болады. Айта кетерлігі, Тамғалы шатқалындағы тасқа ойылып жазылған петроглифтер ежелгі адамдардың күнге табынғанын көрсетеді. Кейбір ғалымдар Тамғалыдағы күн бейнесіндегі құдай суреті күннің ежелгі адам тәріздес суреттері деп болжайды. Павильонның бесінші қабатында жел энергиясы мен оның тарихы баяндалса, онан төменгі бөлімде биомассадан энергия алудың озық тәжірибесі таныстырылады. Ал «Кинетикалық энергия» тақырыбы үшінші қабаттағы экспозицияға тамызық болыпты. Ұлттық көрменің екінші қабаты толығымен су энергиясына арналған екен. Қысқасы, мұнда келген әр адам баламалы энергияға қатысты қызықты жобалармен, сондай-ақ, қазақтың тарихы және мәдениетiмен, салт-дәстүрiмен, яғни, бұл күнде әлем таныған Қазақстанның өткені және бүгінімен танысып, келешектегі келбетін көз алдына келтіреді.
Мұнан өзге ұлттық павильонда голографиялық дәрістерге арналған мәжіліс залы алдағы күндері жұмысын бастайды деп күтілуде. Онда есімі әлемге әйгілі ғалымдардың дәрістерін ұйымдастыру жоспарланып отыр, – дейді баспасөз турын ұйымдастырушылар. Аудитория ұлттық павильонның төртінші қабатында орналасқан және ол толығымен биомасса энергетикасына арналыпты. «Бұл дәрісханада әлемге танымал биотеxнология мен биология саласының профессорлары голографиялық проекцияда биомассадан энергияны алу мәселелеріне арналған дәріс оқиды. Мұндай дәрістер қазіргі жаңа теxнологиялар – медиа-голографиялық проекция арқылы жүргізіледі. Бұл жағдайда беделді ғалымдарға аудиторияның алдына келудің қажеті жоқ. Бәрі галографиялық бейнені сөйлету нәтижесінде іске асады. Сондай-ақ, кейбір дәрістерді тікелей байланыс арқылы ұйымдастыру жоспарда бар», – дейді гид-стендист Әшір Жанғали. Маманның айтуынша, голографиялық аудиторияны теxникалық жабдықтау жұмысына немістің компаниясы жауапты. Залда амфитеатр іспеттес орындықтар мен төменде орналасқан бір мінбер бар. Мінберге екі микрофон орнатылған. Бірақ сөйлейтін адамның орнына шыны бекітіп қойды. Сол арқылы әлемге әйгілі ғалымдардың голографиялық бейнесін шығару жоспарланған.
КӨРМЕНІ 10 МЫҢ ТУРИСТ ТАМАШАЛАДЫ
ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет елімізде өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесiн тамашалау үшін 3 ай ішінде 100 мың шетелдік турист келеді деп жоспарлануда. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда, биыл елімізге келушілердің саны 5-6 есеге арттады деген сөз. Әрине, ол халықаралық көрменің арқасында мүмкін болғалы отыр.
Айтулы көрме ашылған алғашқы жарты күннің өзінде оны 10 мың турист тамашалап үлгерген. Осы және басқа да маңызды мәселелер туралы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов медиаорталықта өткен баспасөз мәслихатында айтып берді.
– Бүгінде отандастарымыз бен шетел¬діктердің көрмеге деген қызығу¬шылығы жоғары деңгейде. Себебі, қазірдің өзінде 1 миллион 300 мың билет сатылған. Жоспарланғандай, барлық нысан уақытылы пайдалануға берілді. Келушілер үшін 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым өз павильонын ресми түрде ашты, – деп бастады басқарма төрағасы.
– Ерекше атап өтетін жайт, ЭКСПО-ның ресми ашылуына 20-ға жуық мемлекет пен үкімет басшылары қатысты. Бұған дейін өткен басқа мамандандырылған көрмелерде жоғары дәрежелі қонақтар мұншалықты көп болған емес. Олар қалашықты аралап, басты нысан – «Нұр Әлем» сферасын тамашалады. Бәрі де біздің дайындық пен ғимараттардың архитектуралық ерекшелігіне жоғары баға берді. Өздеріңіз білесіздер, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесi 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін күнделікті сағат 9.00-ден 00.30-ға дейін жұмыс істейді. Көрме біткен соң да ЭКСПО қалашығы жұмысын тоқтатпайды. Біз оны туристік орталыққа айналдыруды жоспарлап отырмыз, – деп сөзін түйіндеді басқарма төрағасы А.Есімов.
***
Алып қалашықтың әр жерінде өткізіліп жатқан шаралардың да түрлі тақырыптарды қамтитынын білгенде қызығушылығымыз тіпті арта түсті. Осының алдында ғана мамандар атшаптырым аумақты толық аралап, мұндағы жүзден астам елдің көрме-павильонымен танысып шығу үшін 4 күн уақыт керектігін еске салған-ды. Алғашқы күні 87 мемлекеттік көрмесі келуші қонақтарды қабылдады. Қалған 28 елдің көрмесі маусым айының соңына дейін әр мемлекеттің ұлттық мерекесі күні ашылады.
Қазақстанның 14 аймағы мен 2 қаладан келген БАҚ өкілдері қалашықты аралауды кестеге сай атқарды. Қымбат уақыт¬тың әр сәтін тиімді пайдалануға тырыс¬¬ты. Осы тұста, облыстардан келген тілшілерге кең мүмкіндік жасаған ұйы쬬¬¬-дастырушылардың еңбегін алғыс сезім¬¬мен атап өткен жөн. Себебі, «ЭКСПО-2017» халықаралық маман¬дандырылған көрмесiн ақпарат¬тандыруға жақын және алыс шет елдер мен ТМД аумағындағы ірі-ірі агенттіктерден ұзын саны мыңға жуық, ал республика аймақ¬тарынан 400-ден астам БАҚ өкілдері келіпті.
ЭКСПО қалашығындағы бiрыңғай қызмет көрсету орталығының жұмысын да назарға алдық. Мұнда виза мәселесi мен көшi-қонға қатысты түйткiлдер тарқатылады. Нақтылап айтсақ, осы жерде банк қызметi, салық төлеу, кеден iсiне байланысты 12 қызмет түрi көрсетiледi екен. Орталықта 40-қа жуық маман жұмыс iстейдi. Бәрi де өз iсiнiң шеберлерi. Аталған ғимараттағы аккредитациялық орталықтың жұмысы қашан да қауырт. Себебi, елiмiзбен қатар әлемнiң көптеген мемлекеттерiнен келген журналистер тiркелiп, құжаттарын алып жатыр. Мұндағы қызметкерлер қазақ, ағылшын және орыс тiлiнде қызмет көрсетуге дайын. Тілші қауымы үшін ең басты кеңселердiң бiрi – медиаорталық. Қуантқаны, мұнда ғаламтор жылдамдығы өте жоғары деңгейде. Орталықта аймақтық БАҚ-қа арналған бөлімінде 200-ден астам компьютер бар. Ал шетелдiк әрiптестерiмiз үшін арнайы жасақталған орталықтың қызметi алабөтен ерекше болды. Армения мемлекеттік 1-арнасының редакторы Лилит Даниелян ЭКСПО көрмесi адамзат баласын бiрiктiретiн әрi игi iске жұмылдыратын ерекше жиын екендігін, осы жерден айтулы шара туралы алғашқы ақпарат таратуға ұйымдастырушылар тарапынан зор мүмкін¬дік жасалғанын айтып жатты.
***
Алғашқы күні Америка Құрама Штат¬тарының да павильоны ашылды. Салтанат-ты шарада «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы сөз сөй¬леп, АҚШ-тың көрмеге қатысуы маңыз¬ды екенін жеткіз¬ді. «ЭКСПО-2017» көрмесіне келушілерге АҚШ павильонындағы экспозициямен танысу өте қызықты болатындығына сенімдімін», – деді А.Есімов. АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джордж Крол бірлескен іс-қимыл қос елдің дипломатиялық қатынастарының энергиясын көрсететіндігін, ал АҚШ павильонының президенті Джошуа Уолкер Американың шексіз энергиясының қайнар көзі адамдар екендігін атап өтті. АҚШ экспозициясы 1100 шаршы метр аумақты алып жатыр және ол үш бөліктен тұрады: бірінші зал – «Энергия кеңістігі», екінші зал – «Өмір энергиясы» және пост-шоу аймағы. Павильонның тағы бір ерекшелігі – қонақтарды қазақ немесе орыс тілдерін меңгерген 40 америкалық студент қарсы алады.
Тарык СОНМЕЗ, Түркия ұлттық павильонының комиссары:
– Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Түбі бір түркі халықтары болғандықтан, қазақ бауырларымыз, әсем Астана қаласы туралы естуім бар. Енді бұл ғажап қаланы өз көзіммен көріп, армансыз араладым. Мұндағы ЭКСПО қалашығы, сәулетті ғиамараттар, әсіресе, шар пішіндес ғимарат өте ұнады! Оның әлемдегі осы тектес ғимараттардың ішіндегі ең үлкені екендігін білгенде тіпті таң-тамаша қалдым. Ал мұндағы павильондар бір-бірінен асып түседі. Біз Түркия Республикасының ұлттық павильонының жасақтауға ерекше көңіл бөлдік. Осындай маңызды шараның өтуіне бастамашылық еткен Қазақстан Президентіне алғысым шексіз.
Дина СЕКОРСКАЯ, Ресей Федерациясынан келген саяхатшы:
– Өзім энергетика саласының маманы болғандықтан, Астанадағы «ЭКСПО – 2017» көрмесіне арнайылап келдім. Себебі, бұл тақырып мені көптен қызықтырады. «Болашақ энергиясы» тақырыбымен өткізілетін шараға 100-ден астам мемлекет қатысатынын, олардың қатарында баламалы энергия көздерін өндіру ісінде шарықтап алға кеткен Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ сияқты елдердің келетінін алдын ала естідім де, осында келуге асықтым. Көрмеде көпшілік назарына ұсынылатын озық ғылыми жеткістіктерді тәжірибеге енгізе білсек, ғылым әлдеқайда дамиды деп ойлаймын.
ТҮРКИЯ ТАМАШАЛАРЫ
«Кел және өз қуатыңды тап!» – мың шаршы метр аумаққа жайғасқан Түркия ұлттық павильонының ұраны бұл. Павильон ашылған бойда келушілер ағылды. Түбі бір туыс ел оларды «Жаһандық синергия» тақырыбында әзірленген экспозициялармен қайран қалдыруды мақсат етіпті. Соның ішінде барлық минералды көрсетіп, баламалы энергия саласындағы жаңа технологиялармен таныстырады.
Түркия ұлттық павильонының комиссары Тарык Сонмездің айтуынша, бауырлас ағайын белгіленген аумақты төрт ай ішінде толтырып үлгерген. Мұнда Анадолы табиғаты интерактивті түрде бейнеленген. Оны көрген адам теңіздің үстімен келе жатқандай күй кешеді. Одан кейін су диірменінің есігінен өтеді. Велосипедті қозғау арқылы адамның күші диірменді жылжытуға жетеді. Яғни, қозғалтқыш күші арқылы энергия өндіруге болады. Және мұнда жылу камералары орналасқан. Камераны басқанда адамның жылуы арқылы экранға сұлбасы пайда болады.
– Осындай елеулі шараның өтуіне бастамашы болған Қазақстан Президентіне алғысым шексіз, – дейді Тарык Сонмез.
ТАИ ЕЛІНІҢ ТАҢҒАЖАЙЫБЫ
Ойын-сауық пен білімді ортақ ұстанымға біріктірген Таиланд павильоны үш көрме залынан тұрады. Негізгі тұжырым «Таиландтағы өмір қуанышы» дегенге ойысады.
– Қазақстандықтардың мерекелік атмосфераға қызы¬ғушылығын ескере отырып, дәстүрлі ұлттық-мәдени құн¬дылықтарымызды, оның ішінде тай боксының сиқыры мен тай фермерлерінің жетістіктерін паш етуді жөн көрдік, – дейді Энергетика министрлігінің тұрақты хатшысы, ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Таиланд ұлттық секциясының комиссары Ареепонг Бхоочаоом.
Павильонның мәдени бағдарламасында атақты тай массажы мен асханасы да қамтылған. Мұнда көктеп келе жатқан ағашты көз алдыңызға әкелетін «Т» әрпі орналасқан, Таиланд таңғажайыбы осыдан бастау алады. Көрме залында «Біздің өміріміз бен құндылықтарымыз» атты фотосуреттер бар. Сонымен қатар Таиландтың қазба байлыққа тәуелділіктен арылу бағытында ноу-хауы жұрт назарын аударды.
ЛЕНТА ҚИЮДЫҢ ОРНЫНА...
Ресей павильонының ашылуы әдеттегіден бөлек болды. Лента қию рәсімін мұзды лентаны жарумен алмастырды. Көрші мемлекет «Болашақ энергиясы» атты басты тақырыбын Орыс Арктикасы аймағының бірегей мысалымен ашты. Ресейдің балама энергетикасын дамытуда дәл осы аймақтың келешегі зор әрі пайдалы қазбаларға бай.
«Арктика энергиясы» кіріспе орнатылымы, жанып тұратын арктикалық мұзды фактурасы бар көпқырлы декорациялар, «Полярлық жартышар» мультимедиалық аттракционы, отандық энергетика жетістіктері мен гидроэнергетика, көмірсутек салаларындағы, балама және қайта жаңғыртылатын энергетика секторларындағы болашақ әзірленімдер қонақтарды таңғалдырды. Экспозицияның ең жарқын элементтерінің бірі – нағыз арктикалық мұзды сең.
Павильон Ресей компаниясының энергетика облысындағы жетістіктерін де көрсетеді. Мысалы, «Росатом» мұзжарғыш флотының тарихына «Лидер» келешекті атомдық мұзжарғышын әзірлеу ұғымын енгізді. Ауа райы жағдайларына тәуелсіз түрде Арктикада жыл бойы навигациялау мүмкіндігін ұсынатын мұзжарғыш 4 метрлік мұзды бағындырып, үздік жылдамдықты дамыта алады. Бұл Солтүстік теңіз жолымен жүк тасымалдау ұзақтығын барынша қысқартады.
***
Ал кеше «ЭКСПО-2017» көрмесінде Тәжікстан Республикасының Ұлттық күні аталып өтті. Таңертеңнен бастап «Ұлттық күн сахнасында» «Базморо» би ансамблі, тәжік эстрадасының жұлдыздары, дойра және найа аспаптарында асқан шеберлікпен ойнайтын Дамирбек Олимов пен Фотима Машрабаева өнер көрсетіп, көрермен ықыласына бөленді.