КӨЗДІҢ ШЫРАҒЫ – НҰР, КӨКІРЕК ШЫРАҒЫ – ТІЛ

КӨЗДІҢ ШЫРАҒЫ – НҰР, КӨКІРЕК ШЫРАҒЫ – ТІЛҚорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасиловпен әңгіме.
– Қазір жетпіс жеті жылдан жетекте келе жатқан кириллицаны латын әліпбиіне ауыстыру жайы өзекті мәселеге айналып отыр. Қарапайым жұртшылықтың кө-кейінде тілге қатысты адамдардың қандай саналы әрекеті, оны өзгертуге бағытталған нендей мақсаты болуы мүмкін, адамдар тілден нені өзгерткісі келеді,  тілдің өзіндік жүйесі мен құрылымына, дамуына қалай әсер ете алады, ол қаншалықты мүмкін, мұндай тіл саясатын кім жоспарлайды және кім жүргізеді деген сұрақтар болуы заңды.
– Көптеген елдерде тіл саясатын жоспарлайтын негізгі субъекті деп әралуан мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар мен институттарды атайды. Ал адамдардың саналы әрекетін қажет ететін тілдің негізгі салалары деп әлеуметтік лингвистикалық әдебиеттерде тілдің нормативті-стилистикалық жүйесі, терминологиясын қалыптастыру мен дамыту және әліпбиі мен емлесін жасау, жетілдіру мәселелері көрсетіледі. Осыларға назар аударсақ, әліпби жазба тілді қатыптастырудағы адамдардың саналы әрекеттерінің бірі, тіл саясатының басты нысаны екендігін көреміз.
Елбасы биылғы жыл басындағы халыққа Жолдау¬ында Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жариялады. Сонымен бірге осы жаңғыру қалай жүзеге асады, онда нені ескеру қажеттігін баяндаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланды.
Елбасы мақаласында қамтылған мәселенің бәрі де қоғамға жаңа леп, жаңа сенім әкеледі, сонымен қатар ұлттық дамудың жаңа міндеттерін жүктейді. Мұнда рухани жаңғырудың бастауы – ұлттық сана, тірегі – ұлттық тіл, арқауы – білім, мекені – туған жер, дербестігі – мәдениет, мақтанышы – азамат болуы керек деген кешенді шаралар сөз болған.
– Елбасы айтқан рухани код пен тілдік сананың жаңғыруын қалай байланыстырасыз?
 – «Тіл – халық рухы, ал халықтың рухы – оның тілінде» деп белгілі ғалым  Гумбольдт айтқандай, Елбасының айтып отырған ұлттың рухани коды да сол тілде жатыр. 
Қазақ тілінің біріктірушілік, ұйымдастыру¬шылық қызметі өзінің табиғатынан да көрінеді. Өзге тілдер өз ішінен бірнеше диалектілерге бөлініп, фонетикалық, лексика-грамматикалық ерекшеліктерге ие болып жатса, қазақ тілі – біртұтастығын сақтай отырып, халықтық тілден ұлттық тіл деңгейіне жеткен таза тілдердің бірі. Сондықтан да қазақ тіліне тек қарым-қатынас немесе шығарма тілі деп қана емес, зор саяси, қоғамдық құрал ретінде қарау керек. Өйткені халықтың тәуелсіздік жолындағы күрескерлердің сөзі мен ісінде ұлт қамы тұрды десек, осы ұлттық идеяны іске асырудың үлкен бір рухани арнасы – ұлттық тілі болды.
Елбасы өзінің айтулы мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры, тарихының тереңнен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай, – дей келе, –  егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды», – деп түйін жасайды.
– Әліпби ауыстыру мәселесіне деген қажеттілік те дәл осы тұрғыдан келіп шықпай ма?
– Елбасы мақаласында көрсеткен таяу жылдардағы міндеттердің біріншісі осы тіл мәселесіне арналған. Бұл өзіңіз айтып отырғандай әліпби ауыстыру мәселесі.
Әліпби жазба тілді қалыптастырудағы адамдардың саналы әрекеттерінің бірі, тіл саясатының басты нысаны екендігін көреміз. 
Қай қоғамда, қай елде болсын, әліпби жасау немесе оны ауыстыру –  жалпыхалықтық, оның ішінде, ұлттық мәселе. Сондықтан, ол – саяси, мәдени, лингвистикалық, әлеуметтік-лингвистикалық, әлеуметтік, экономикалық, т.б. жақтан ойланып-толғанып шешетін маңызды әрі күрделі проблема.
Олай дейтін себебіміз, ол  біріншіден, мемлекеттің тіл саясатының бағытын танытса, екіншіден, төл әліпби, төл жазу қандай да бір ұлттың мәдени құндылығын, бет-бейнесін көрсетеді. Үшіншіден, тілдің табиғатына, даму заңдарына, фонетикалық жүйесі мен грамма¬тикалық құрылысына лайықталып таңдалған, соған сәйкес орфографиялық, орфоэпиялық ережелерін жасауға икемді әліпби жасау лингвистикалық біліктілікті көрсетеді.
Төртіншіден, таңдалып алынған әлібиді қоғам санасы дұрыс қабылдап, тілдің қоғамдағы қызмет етуін толыққанды өтей алуы, тіл тұтынушылардың сол тілді еркін меңгеруіне ықпал етуі, тілдік бөгетті жеңе алуы мәселенің әлеуметтік-лингвистикалық қырын танытады.
Бесіншіден, әліпби ауыстыру – бұл әрі тілдік реформа жүргізу деген сөз. Ал тілдік реформаның басқа реформалардан айырмашылығы – оның сол тілді тұтынушы халықтың әрбір мүшесіне дейін қамтитындығында. Сондықтан әліпби ауыстыру әлеуметтік мәселе болып табылады. Бұл үшін алдымен халық арасында мәселенің мәнін ашып түсіндіру, ұғындыру, насихаттау, т.б. жұмыстар жүргізілуі керек.
Алтыншыдан, әліпби ауыстыру көп қара¬жатты қажет етеді. Демек, ол экономикалық жақтан нақтылы әрі тиімді шешілуі керек. Олай болса, осындай және бұдан да басқа мәселелерді жинақтап қорытындылайтын, бағыт-бағдар көрсететін үкімет тарапынан арнайы тұжырымдама  қабылдануы тиіс.
Сондықтан да Елбасы «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс», – деп атап көрсетті.
– Латын графикасына көшу арқылы біз тіліміздің табиғатын сақтаймыз, даму заң¬ды¬лығының бұзылуына жол бермейміз, фоне¬тикалық жүйесін қалпына келтіреміз, орфографиямызды түзеп аламыз, қысқасы, өз сөзіміз өзіміздікі болады.
Қазіргі қазақ жазуы ұлттық сипатынан ауытқып, басқа жаққа бет алып бара жатыр. Мұны күнделікті газет, журнал, ғылыми кітап, оқулықтардың кез келгенін алып, олардың мәтіндегі сөздерді орфографиясына қарай топтастырып, саралап көрсек, таразының бір басында қазақ тілінің заңдылығымен жазылған, екінші басында бөтен тілдің тәртібіне түскен тілдегі олқылықтарды байқаймыз. Жыл өткен сайын мұндай «импортталған» сөздердің саны еселеп өсіп, көбейіп келеді. Мұның өзі қазақ тілінің ежелден қалыптасқан дәстүрлі нормасының бұзылу қаупін күшейте түседі, ал дәстүрлі нормасынан айырылған тіл қанатынан айырылған құстай дәрменсіз болып, қоғамдық қызметін ойдағыдай атқара алмайды.
Сондықтан тіліміздің төл табиғатын бұзбай сақтап қалу үшін қазіргі қазақ орфографиясын қалай болғанда да өзгертпей, реформаламай болмайды. Ал ол үшін қазақ тілінің фонетикалық жүйесін дәл бейнелеу тұрғысынан келгенде бізге латын алфавиті қолайлы.
– Елбасы мақаласында көрсеткен таяу жылдардағы міндеттердің екіншісі – қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алу болатын.
 – Осы жобаның арқасында тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалады және бұл тез арада, яғни, 2018-2019 оқу жылында жүзеге асады. Бұл – түсінген адамға мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қызметін арттыру, қазақ тілін кең көлемдегі білім алу тіліне, ақпарат тіліне айналдыру деген сөз. 
Бұл іске қазақ тілін ана тілім, мемлекеттік тілім деп санайтын барша қазақстандық шын жүрегімен атсалысады деп санаймын.
– «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ор¬таның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ға¬сырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерек¬шеліктеріне байланысты» деген еді Елбасы. Бұл жолдағы міндеттерде өздеріңіз секілді ғылымға ден қойған отаншыл азаматтардың алар орны бір төбе. Қызметіңізге табыс тілеймін.
– Ел бірлігін, ұлтымыздың рухани коды болып табылатын тілі мен ділін, мәдениетін сақтау мәселесінің салмағында ата басылым «Сыр бойының» да өзіндік үлесі бар. Өздеріңізге де табыс тілеймін.
– Рахмет, сізге!
Сұхбаттасқан Д.АЯШҰЛЫ. 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 маусым 2017 г. 836 0