Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарында Қызылорда облысынан Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды таңдаушылар – тиісті ауданнан сайланған облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттарымен кездесулері өтті.
Облыстық сайлау комисссиясының төрағасы А.Жүнісов таңдаушыларға үгіт жүргізудің тәртібі бойынша бірқатар түсіндірмелер берді. Сайлауалды үгітті кандидат өздігінше жүргізе алады, сондай-ақ бір кандидатқа әрбір аудан немесе қаладан өзінің сенім білдірген адамын тарта алады. Үгіт бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, кандидаттардың таңдаушылармен сайлауалды кездесулер мен жиналыстар, кандидаттар мен олардың сенім білдірілген адамдарының таңдаушылармен жеке кездесулер, бас¬па және өзге де тыйым салынбаған үгіт материалдарын басып тарату арқылы жүргізілуі мүмкін.
Сайлауалды үгіт жүргізуге сайлау комиссияларының мүшелері, діни бірлестіктер, мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, әскери қызметкерлер, құқық қорғау органдары мен сот органдарының жұмыскерлері қатыса алмайды. Мемлекеттік қызметші – кандидаттарға өздерінің қызметтік немесе лауазымдық жағдайының артықшылықтарын пайдалануға тыйым салынған.
Депутаттыққа кандидаттарға жөнсіз үгіт жүргізуге, соның ішінде таңдаушыларға сайлау науқаны үшін арнайы әзірленген баспа, көрнекілік материалдарын, омыраубелгі, жалаушаларды ақысыз тарату жағдайларын қоспағанда ақысыз немесе жеңілдік шарттарымен тауар, қызмет ұсынуға, лотерея, қайырымдылық шараларын өткізуге, ақша төлеуге және т.б. заңмен тыйым салынған. Сенат депутаттығына кандидаттардың үгіт жұмыстары 26 маусым күнгі сағат 24-00-де аяқталады, сайлау күні және оның алдындағы күні 27, 28 маусымда үгіттің кез келген нысанын жүргізуге болмайды.
Сонымен қатар, облсайлауком төрағасы биылғы сай¬лаудың ерекшелігі – 28 маусымдағы сайлау кезін¬де дауыс берудің алдын ала қорытындыларын көрсете отырып, таңдаушыларды электрондық тіркеу жүргізілетін болатынын айтып өтті. Бұл жаңашылдық таңдаушылардың келуі, өңірлерде дауыстарды санау рәсімі аяқталған соң дауыс берудің алдын ала қорытындылары туралы ақпаратты Ортсайлаукомның ресми сайтында онлайн режимде орналастыруға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында кандидаттар Е.Әжікенов, А.Әлназарова мен М.Бақтиярұлы таңдаушыларды өз сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, сұрақтарына жауап берді. Кандидаттардың таңдаушылармен осындай кездесулері 13 маусымда Арал, Қазалы аудандарында, 14 маусымда Қызылорда қаласында, 15 маусымда Шиелі, Жаңақорған аудандарында өткізіледі.
М.МЕРЕЙ.