Амангелді БИСЕНБАЕВ,
биология ғылымдарының докторы,
профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:
Академик Қаныш Сәтпаевтың айтқаны бар: «Ғылым майданының қатардағы жауынгері тек үнемі оқу, іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өту арқылы ғана оның ірі қайраткері дәрежесіне көтеріледі» деп. Ғылымның қазанында қайнап, биікке көтерілген Амангелді аға өткенде Ұлттық ғылым академиясының академигі атанды. Жерлесіміздің жетістігіне қуанып, оны әңгімеге тарттық.
– Ұлттық ғылым академиясының академигі болуыңызбен құттықтаймыз, аға! Бұл сізге қандай мін¬дет пен жауапкершілік жүктейді?
– Рахмет. Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы – іргелі ғылымның орталығы, терең тарихы бар еліміздегі ең жоғары ғылыми ұйым. Ұлттық ғылым академиясы 1946 жылы құрылды. Бірінші президенті академик Сәтпаев Қаныш Имантайұлы. Сондықтан іргелі ұйымның академигі болу – үлкен жауапкершілік.
Ғылым – жалпы қоғамның, мем¬ле¬кеттің даму және білім дең¬гейі¬нің негізгі көрсеткіші. Қа¬зіргі кезде әлемде биология, оның ішінде молекулалық биология мен гендік инженерия саласында үлкен революциялық жетістіктер байқалады. Алдымдағы мін¬деттердің бірі – биология ғылымының осы саласында жоғары деңгейдегі мамандар дайын-дау¬¬ды жалғастырып, осы ғылым сала¬сының республикамызда жоғары дең¬гейге көтерілуіне және дамуына атсалысу.
– Ғылым жолына аттай қалап келдіңіз бе? Мектепте қалай оқып едіңіз?
– Мен 1966 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында – қазіргі Әйтеке би кентінде дүниеге келдім. 1983 жылы №216 орта мектепті өте жақсы бағамен бітірдім. Ауылда анам Бибайшаны барлық ғылым саласының докторы деп атайды. Өйткені жанұямызда физика, философия, шығыстану, филология және медицина саласының мамандары бар. Мысалы, үлкен ағам Қуатбай – физика ғылымдарының докторы, профессор. Өз саласындағы белгілі, ірі ғалымдардың бірі. Файзулла – философия ғылымдарының кандидаты, доцент. Қалған ағаларым да – өз салаларында үлкен жетістікке жеткен ғалымдар. Менің биология саласын таңдауыма түрткі болған – осы ағаларым. 80-жыл¬дар¬дың басында ағаларымның біреуі Киев университетінде аспирантурада (Украина), екіншісі Санкт-Петербург (Ленинград) университетінде оқып жүрді. Сол кісілер енді-енді дамып келе жатқан молекулалық биология саласына қызығушылық туғызып, әртүрлі кітаптарды алып беріп, менің осы саланы таңдауыма себеп болды.
– Молекулалық биология, генетика дегеніңіз – күрделі әрі ауқымды сала. Осы бағытта қандай жұмыстар жасап жатырсыз?
– Ген – қарапайым дезоксирибонуклеин қышқылынан тұратын ұзын полимер (ДНҚ). Онда адамның морфологиялық, физиологиялық, био¬хи¬миялық, типті мінез-құлығы туралы ақпарат жазылған. Бір адам денесінде ұзындығы 50 миллиард километрден астам ДНҚ бар. Салыстырыңыз, күн мен жердің ара қашықтығы – бар-жоғы 149 млн километр. Генді келесі ұрпаққа берудің бір ғана жолы бар, ол – көбею. Сондықтан біреудің баласына қарап «әкесінің аузынан түскендей» деп айтады. Сыртқы және ішкі фак¬торлардың әсерінен генде өзгеріс (мутация) болса, ол тұқым қуалайтын аурудың пайда болуына әкеп соғады. Сондықтан гендердің құрылысы, олардың экспрессилану ерекшеліктері және реттелу ме¬ха-низмдерін білу медицина, ауыл шаруашылығы, тіпті энергетика са¬ласындағы маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Менің негізгі ғылыми-зерттеу бағыттарымның бірі – осы гендер экспрес¬сиясының реттелуінің молекулалық механизмдерін зерттеу. Сонымен қатар медицина саласында маңызды саналатын адам белоктарын (гормон, вакцина және тағы басқа) синтездейтін гендерді енгізу арқылы, рекомбинантты, яғни генетикалық модификацияланған бактерия және ашытқы штаммдарын алу.
Екінші бір бағытым – клеткадағы ДНҚ репарациясының, яғни гендердегі мутацияларды жөндеп, қалпына келтіретін арнайы клеткалық жүйелерді зерттеу. Осындай іргелі ғылыми бағыттарымның бірі – клеткалардың программаланған өлімінің молекулалық ме¬ханизмдерін айқындау. Біз биоэнергетика саласында да көптеген жұмыс атқарып келеміз.
Қазақстан органикалық казбалы отын¬ның, кең көлемді жаңар¬тылмалы ресурстардың жеткілікті қорына ие. Қазіргі таңда өсімдік ¬биомассасынан алынатын биоэтанол, биобутанол, биодизельді отын, биогаз сияқты жаңар¬тылмалы энергия көздеріне көп көңіл аударылып отыр. Бензиннің, этанолмен 15 пайыздық қоспасы көмірқышқыл газының бөлінуін 30 пайызға азайтады. Сонымен қатар зиянды газдардың бөлінуін 40 пайызға төмендетеді. Біз целлюлолитикалық фер¬менттер мен целлодекстриндерді мембраналық та¬сымалдағыш ген¬дері негізінде, целлюлозалы субстратты, яғни жапырақ, ағаш және қағаз қалдықтарын биоэтанолға тікелей конвертациялауға қабілетті, өндірістік -рекомбинантты ашытқы (S. сerevisiae) штаммдарын қолдан құ¬рас¬тыру бағытында айтарлықтай жетістікке жеттік.
– Аға, адамға қатысты айтқанда ген дегеніміздің түбі – тектілік қой. Кәдімгі қан тазалығы. Ата-бабамыздың жүзін ажыратып, жеті атасын тү¬гендейтін қасиеті қаншалықты сақталды?
– Жаңа айтып кеттім, генде бойы¬мыздағы барлық ерекшелік туралы ақпарат жазылған деп. Гендердің белгілі бір жинтығы бір ортаға, басқа жиынтығы басқа ортаға бейімделуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар сол ортаға бейім¬деліп, тіршілігін жалғастыруын қамтамасыз ететін дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар қа¬лыптасады. Олай болса, бізге тән салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыпттар өзінен-өзі пайда болған жоқ. Олар күні бүгінге дейін үзілген жоқ. Өйткені олар біздің ұрпағымыздың жалғасуын қамтамасыз етеді.
Егер ешқандай әсері болмаса, ол өзгеріске ұшыраған болар еді. Біздің ата-бабаларымыз көшпенді халық ретінде негізгі кәсібі – мал өсіру болғандықтан генетиканы оқымаса да, тұқым қуалау құбылысын жетік білген. Қазіргі жаппай жаһандану заманында, әрине, салт-дәстүрлерді, қазақ халқының құн¬ды¬лықтарын сақтай отырып, қазіргі заманның талабына сай ғылымды және жаңа технологияларды дамыту керек деп есептеймін.
– Академик Асқар Жұмаділдаев: «Қазақ тілін ғылымға араластыруы¬мыз керек», – депті. Сіздің пікіріңіз қалай?
– Академик Асқар Жұмаділдаевпен толығымен келісемін. Кез келген елде сөйлеу немесе ауызекі, әдеби және ғылыми тілдер қатар жүреді. Әдеби тіл ортақ үлгіге бағынатын болса, ауызекі тіл кішкене көркемдік, дәлдік жағынан өңделмеген болады. Ал ғылыми тіл халықаралық деңгейде көп қолданылатын терминдермен қаныққан. Сондықтан қазақ тілін ғылыми тіл ретінде қалыптастыру өте маңызды. Әрине, биология саласында ағылшын тілін жетік білуге тиіссің. Өйткені әлемдегі осы саланың жаңалықтары осы тілдегі журналдарда жарық көреді және өз еңбегіңнің жоғары дәрежедегі журналдарда жарық көруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар жетік технологиялары бар халықаралық ғы-лыми орталықтармен тәжірибе алмасу үшін де ағыл¬шыншаң жақсы болу керек.
– Қазақстан ғылымындағы плагиат туралы жиі айтылады. Бұған не түрткі болуы мүмкін?
– Басқа aвтордың ғылыми туындысын иемдену мәдениеттің төмендігінен деп ойлаймын. Ғы¬лым¬дағы пла¬гиаттықтың астарында әлеуметтік, мәдени және идеологиялық себептер жатыр. Бұған түрткі болып отырған себептердің бірі – ғылымға кездейсоқ адамдардың келуіне мүмкіндіктің болуы. Ғалымдардың ғылыми жетістіктерін бағалауда сандық емес, сапалық көр¬сеткішке аса көңіл бөлмесе де болмайды.
– Потенциалы жоғары ғалымдар неге шет ел асып кетіп жатады?
– Өйткені әлемде ғылымның мәні жоғарылап келеді. Жоғары ғы¬лыми технологиялар негізгі өндіріс күшіне айналды. Бұл үрдіс жоғары дәрежедегі мамандарға деген қажеттілікті арттырып отыр. Сондықтан жас талантты мамандарға кез келген дамыған мемлекетте жұмыс табылады. Талантты жас мамандардың белгілі бір бағытта ағылуын тоқтата алмайсыз. Өйткені бұл химиялық реакция сияқты, тура да, кері де жүруі мүмкін. Қай бағытта жүретіні әр мемлекеттің саясатына байланысты. Қай мемлекетке қарай ағады, сол мемлекет әрқашан ұтады.
– Жастардың ғылымға қызығушылығын, бетбұрысын қалай баға¬лайсыз, аға?
– Мен 16 жыл бойы республикалық биологиялық олимпиадада қазылар ал¬қа¬сына төрағалық еттім. Сонымен қатар осынша жыл халықаралық олимпиада қазылар алқасының мүшесі және Қазақстан командасының ғылыми координаторы да болдым. Сондықтан елі¬міздің жастарының ғылымға қызы¬ғу¬шылық деңгейін жақсы білемін. Қазіргі кезде халықаралық олимпиаданың жүлдегерлері әлемнің ең мықты деген университеттерінде білім алып жатыр. Біздің республикада талантты жастар өте көп. Осы балалардан Қазақстанды әлемге жария ететін, экономикамызды жоғары дәрежеге жеткізетін ғалымдар шығатынына сенемін.
– Ғылым да, білім де – инемен құдық қазғандай іс. Ісіңіз өнімді болсын, рахмет!
Сұхбаттасқан:
Назерке САНИЯЗОВА.