Халықаралық көрмеде Өзбекстан павильоны өзгелерден ерекшеленіп тұр. Өйткені, шығыстық бояуы қанық өзбектер сан түрлі оюмен өрнектелген, тігісі жатық, тоқуы келіскен кілемдер мен дәмі тіл үйіретін тәттілерімен-ақ қонақтарын баурап алған. Мұнда заманауи технологиялармен арнайы өсірілген көкөністер көздің жауын алады. Ал ең бастысы – күн сәулесімен және электр қуатымен жүретін көліктері келушілерді таңдай қақтырды.
– Бұл өнімдер – өзбек елін өзгеге таныстыратын басты ерекшеліктер. Біздің көрмеміздің бірінші қабатында Өзбекстанның болашағын танытатын нанотехнологиялар орналасқан. Ал, екінші қабатты өз еліміздің бір бөлшегіндей етіп жасадық. Себебі, мұнда келген әрбір көрермен өзін Өзбекстанда жүргендей сезінуі тиіс, – деген көрме жетекшісі Азиза Момынова, EXPО-да үлкен танымалдылыққа ие боламыз дейді.