Киевтен Астанаға қолдан тігілген 30 метрлік орамал әкелінді. Рекордты ұзындықтағы шәліні мамандар арнайы «ЭКСПО» кезінде өтетін Ұлттық күн үшін дайындапты. Сонымен қатар бұл шараға украиналық қонақтардың алғашқы легі де келе бастады.
Украинада әлемдегі ең ұзын орамал жасалды. Оған 20 келі жіп, 30 метр мата пайдаланылған. Шеберлер кестелі орамалды тігуге екі апта уақыт жұмсаған. Алайда олар өз туындыларын рекордтар кітабына енгізіп үлгерген жоқ. Себебі «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өтетін Украина Ұлттық күндерінде ең ұзын оюлы матаны жұртшылық назарына ұсынуға асыққан.
Оксана Дикая мен оның әріптестеріне 20 метрлік кестелі орамалды жасау оңайға соққан жоқ. «ЭКСПО-ға» үлгеру үшін тынымсыз еңбек етті. Әсіресе симметрикалық оюларын тігу біраз уақыт алған.
Оксана Дикая, Богдан Хмельницкий фабрикасының шебері:
- Біздің шеберлер уақытпен санаспай жұмыс істеді. Олар орамалды биіктіктен көрінетіндей ауқымды және дәстүрлі бояу – қызыл, қара түстердің қанықты болуына аса мән берді.
Астанада өтетін «ЭКСПО-2017-де» украиналықтар қолөнер туындыларын ғана емес, ұлттық өнерін де көпшілік назарына ұсынады.
Владимир Джиджора, Украинаның Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі:
- «ЭКСПО-2017» көрмесінде өтетін біздің Ұлттық күніміз естен кетпес сәттерге толы болмақ және қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаймыз.
«Ұлттық күнге қатысу әр украиналық үшін үлкен құрмет», – дейді кәсіпкерлік клубтың басшысы Татьяна Люлька.
Украинадан келген алғашқы делегацияның құрамы 15 адамнан тұрады. Жазғы маусымда кем дегенде тағы екі топты «ЭКСПО-ға» алып келуді мақсат тұтып отыр.
Татьяна Люлька, Community журналының шеф-редакторы:
- Бұл көрмені тамашалайтын жұрт келесі 15-20 жылда баламалы энергия саласын дамытады. Бір-бірімен осы саладағы жетістіктермен бөлісіп, инвестиция салу мүмкіндіктерімен танысуға нағыз таптырмас алаң.
Алдын ала есептер бойынша, «ЭКСПО-2017» көрмесіне екі мыңнан астам украиналық қонаққа келеді. Алайда алғашқы делегация келіп қайтқаннан кейін, олардың қатары еселеп артуы мүмкін.