Шеберлер шеруі

Шеберлер шеруіАстанада 100-ден астам шебердің бұйымдары қойылған «Шебер-Керуен» қолөнершілер жәрмеңкесі өтіп жатыр. Әншейінде халық көп жүретін «Керуен» сауда орталығы бұл жолы да лықа толды. Осы күні сәнге айналған заманауи ұлттық нақыштағы киім топтамалары мен қыз-келіншектердің алуан түрлі сәндік әшекейлері көздің жауын ала, қаз-қатар тізіліскен.
Көктем келіп, күн жылына басы толатын бақбақты үлбіретіп сән ретінде тағуға да болады екен. Астана­лық Наталья Пономареваның тұмса таби­ғатты сыйдырған кішкентай әшекей­леріне қарап тұрып көктем қайта туғандай әсерде қалдық. Алқа гүлдер тұқымдасына жататын улы итжидек те мөлдір шынының ішіне момақан қалыпта сыйып кетіпті. Одан бөлек бітеугүл,  раушан мен әртүрлі бақша гүлдері де сырға мен сақина болып шыға келген.  
– Ресейлік шеберлердің зергерлік шайырдан жасалған бұйымдарын интернеттен көріп, қатты қызықтым. Отбасымызбен осы салаға әуестеніп кеттік. Табиғат аясына шыға қалсақ болды, ерекше шөптер мен гүлдерді жинап жүретін болдық, – деген шебер бұйымдарын негізінен қалалық жәрмеңкелерге шығару арқылы сататынын айтты.
Мұндай әшекейлерді жасау үшін эпоксидті шайырды белгілі бір формаға келтіріп, құю арқылы жасалады. Сапалы жасалған бұйым бірнеше жылға дейін сақталады.  Жәрмеңкеге арнайы келген БҰҰ-ның «ЭКСПО-2017» бас комиссары Жихан Сұлтаноғлы қолданбалы өнер шеберлерінің жетістіктері мен мүмкіндіктері турасында айта келіп, өнердің баршаға ортақ екенін жеткізді.
– Өз елдеріңіздің тарихы мен сұлулығын түстер алуандығы мен шығармашылықтарыңыз арқылы паш етесіздер. Шын мәнісінде өнер – ортақ, оны жас та, кәрі де түсінеді, – дейді Жи­хан Сұлтаноғлы.
Бас комиссар көп­ші­лік­ті жәрмеңкеге қатысуға шақырып, ше­бер­лердің ісіне сәттілік тіледі.  Қызылордалық Айсұлу Садықова­ның адамдар мен жануарларды, табиғат элементтерін бейнелейтін ойыншықтар жасап келе жатқанына 12 жылдан асқан. Оның қолынан шыққан «Байдың қызы» атты қуыршақтың пошымынан өмірден қиындық көрмеген еркетотай қыздың дүңк етпе мінезі бірден байқалады. Оның айтуынша, кейіпкер бейнесін жасау­да көбіне қазақ халқының аңыз-әңгі­меле­ріне, қиял-ғажайып ертегі­леріне жүгінеді.
– Әкем ағаштан түйін түйетін шебер. Ұл бала жоқ болғандықтан, кішкен­тайымнан әкеме көмектесіп жүріп, қыр-сырына қанығып өстім. Көрмеге қатысып жүргенде киізден ойыншықтар жасауға болатынын көріп, осы салаға ойыса бастадым. Қазір Түркістан қала­сы­нан қолөнер бұйымдары дүкенін ашып жатырмын,  – деген Айсұлу қуыр­шақ жасаудың қиын еместігін айтады.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»
 
Суретті түсірген  
Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 маусым 2017 г. 901 0