Ерлан Қарин: ЭКСПО - ұлттық арна үшін де үлкен сынақ болды

Ерлан Қарин: ЭКСПО - ұлттық арна үшін де үлкен сынақ болдыАстанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің трансляциясына жауапты болған "Қазақстан" ұлттық арнасы өз жұмысын абыроймен атқарып шығуға тырысты.
 Теле-радио кешеннің журналистері күн-түн демей, еңбек етті. Тікелей эфирден репортаж берді, оқиға орнынан шұғыл ақпарат  таратты. "Қазақстан" РТРК төрағасы Ерлан Қарин де осынау маңызды шараға дайындық жұмыстарын қорытындылап, ұжымына алғысын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Қазақстан" корпорациясы халықаралық көрменің басты таратушысы болғаннан кейін бізге күрделі әрі жауапты миссия жүктелген еді. Негізгі оқиғалар әр түрлі жерлерде - Сферада, Конгресс-холлда, Амфитеатрда өтті. Бұдан бөлек, көрменің өзі қаншалықты ауқымды екенін көрсету керек. Сол себепті қысқа уақыттың ішінде түсіру орындарын анықтап, техникалық жоспарларды әзірлеп, тиісті ресурстарды жұмылдырдық. Сосын ресми шаралардың талаптарын сақтай отырып, көрменің ашылу рәсімін әдемілеп тұрып жеткізуге тырыстық", - дейді Ерлан Тынымбайұлы.
Оның айтуынша, ЭКСПО-ның салтанатты ашылу рәсімінде 7 жылжымалы станция мен 57 камера жұмыс істеді. Соның ішінде тікұшақ пен дроннан түсірген камералар да бар. Бұдан бөлек, трансляция басқа арналар және сайттарға таратылды. "Қазақстан" телеарнасы ондай түсірілімді алғаш рет атқарып отыр.
"Сондықтан да, кәсіби тұрғыдан, біз үшін бұл тағы бір жаңа сынақ болды. Сондықтан осы шараны дайындауға атсалысқан барлық азаматтарды және өз әріптестерімді тағы бір құттықтап, шын жүректен алғыс айтқым келеді!", - деп атап көрсетті Қарин.
"Қазақстан" ұлттық арнасы ақпараттық бағдарламалар дирекциясының басшысы Ерлан Атамбайдың сөзіне қарағанда, журналистер көрменің ашылу салтанатына дейін тікелей эфир арқылы репортаждар берсе, ертесінде тағы сұxбаттар мен шұғыл ақпараттар легін ұйымдастырды. "Көрермен тарапынан біраз жақсы пікір айтылып жатыр. Сын да бар, бәрі орынды шығар. Бірақ, менің айтайын дегенім, осы жұмыстың сәтті шығуы үшін бар күштерін салған әріптестеріме мың алғыс қана", - деп жазды Атамбай өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Көрермен қауымның тарапынан кейбір ескертулер жасалса да, барлығы "Қазақстан" ұжымының жұмысына риза. Сапалы трансляциялар мен репортаждардың арқасында ЭКСПО-ның маңыздылығын жете түсінгендері жайында жиі жазып жатыр. "Сынау оңай. Осы уақытқа дейін ЭКСПО туралы кім не жазбады!? Бірақ, эфирден көріп отырғанда мақтанышыңды жасыру қиын. Бос сөзді қойып, еліміз үшін қуанайық! Ұлттық арна жарады - картинка, дыбыс, видеоряд - бəрі үйлесімді", - дейді журналист Ернұр Бураxан.
"Қазақстан арнасы қазір жарап тұр. Ширақ бола түсуде. Өстіп, xабардың бәрі тікелей эфирде берілсе деген ой бар", - деп жазды тағы бір көрермен.

 

 

 
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 маусым 2017 г. 628 0