КҮРЕ ЖОЛДА КЕДЕРГІ АЗАЯДЫ

Облыс бойынша көлік бақылау инспекциясы және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» жолының бойында «Жолда қабылдау» акциясы өткізілді. Шараның мақсаты – жеке және заңды тұлға¬ларға нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын түсіндіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының басшысы Ибадулла Құттықожаев еліміздегі автомобиль жолдарының халықаралық қатынастағы артықшылықтарын атап өтті. Бұл сауда-саттық дамуының бірден-бір көзі. Сондықтан күре жолда кездесетін кедергілерді мейлінше азайту қажет. Өз кезегінде бұл кәсіпкерліктің дамуына жол ашады. Көлік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасов осыған қатысты жасалып жатқан жобаларды түсіндіріп өтті. 
– Транзиттік автокөліктерді кедергісіз өткізуге арналған жобалардың бірі – «Сәт сапар» бағдарламасы. Мұның артық-шылығы мынада. Мысалы, Ресейден шыққан жүк көлігі діттеген жеріне жетуі үшін бірнеше облыстың үстімен жүруі мүмкін. Әр облыстан кемінде екі жылжымалы көлік бекетінің тоқтатуы тасымалдаушыға кедергі болады. Сондықтан «Сәт сапар» жобасын енгізгенде жолда тоқтатуды азайтып, жылдамдықты арттыру арқылы тауарлардың жеткізілу мерзімін тездетуге қол жеткіземіз. Одан бөлек бұл бағдарламаның мобильді түрі де енгізілуде. Бұрын ауыр салмақты автокөлікке құжат алу үшін 4-5 күн уақыт кететін болса, енді жаңа жобада мұның барлығын үйде отырып атқара беруге мүмкіндік бар. Бұл Елбасының 2020 жылға қарай транзит тасымалын екі есеге дейін көбейту қажет деген тапсырмасына сәйкес жасалуда, – дейді инспекция басшысы. 
Акцияға қатысқан облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Абзал Мұхимов, Қызылорда көлік прокуроры Тимур Шүменбаев жол бойындағы тәртіпке байланысты өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, шара барысында ішкі жүк тасымалдарына қатысты мәселелер қозғалды. Осы орайда автомобиль жолдары желісін сақтауға арналған  шараның бірі – республикалық маңызы бар автомобиль жолдарымен қозғалатын жүк автокөліктеріне жазғы шектеулер енгізу. Яғни, 1 маусым  мен 1 тамыз аралығында ауа температурасы  25 градустан жоғары болғанда жүк автокөлігінің қозғалысына сағат күндізгі 10-нан кешкі 10-ға дейін шектеу қойылады. Бұл жол сапасын сақтау үшін жасалуда. Сондай-ақ, шара барысында жүргізушілер өздерін мазалаған өзге де сұрақтарды жолдап, нақты жауаптар алды.

Мәди ҚҰРМАНӘЛІ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 маусым 2017 г. 527 0