ШАБЫТТАН ТУҒАН ТЕРЕҢ ОЙ

ШАБЫТТАН ТУҒАН ТЕРЕҢ ОЙ 1966 жылдың тамыз айында республикамыздың түкпір-түкпірінен бір топ жастар келіп, сол кезде КазГУ атанатын  университеттің журналистика факультетіне оқуға түстік. Бұрынғыларды қайдам, ал бұл жолы журналистикаға  түскендердің бәрі шетінен мықты, бірі бірінен өткен ағып тұрған ақын болатын. Міне, осындай асқақтаған көңілмен университеттің табалдырыған аттап, біраз күн студенттік жаңа өмірге бой үйретіп, жан-жағымызға қарасақ... біз сияқты ақындар, тіпті, бізден де әлдеқайда мықты  ақындар бұл жерде бұрыннан  толып жүр екен. Солардың бірі – бізден бір курс жоғары филология факультетінде оқитын Нұрлан Оразалин еді. Ол кезде университетте поэзия кеші, басқа да шығармашылық басқосулар жиі өткізілетін; және олардың көбі түрлі  қызу пікір таластарына, ой бөлісулерге ұласып жататын. Міне, осылардың бәрінде де студент Нұрлан Оразалин ерекше көзге түсетін. Қазір  ойлап отырсам, Нұрлан сол кезде жиырмаға да жетпеген жап-жас екен, бірақ соған қарамастан, сөзі мірдің оғындай еді, жұрт алдына шықса ештеңеден қысылмай, барынша еркін және қызуқандылықпен көсіле сөйлейтін.
Осылай жүргенде Нұрлан Оразалин және бір қырынан жарқ етіп көрінді.  1976 жылы, яғни әлі отызға да толмаған ақынның Алматыдағы респуб¬ликалық балалар мен жасөспірімдер театрында «Шырақ жанған түн» атты тұңғыш пьесасы сахналанды. Шындығына келгенде, «сахналанды» деп жай ғана айта салу аздық етеді;«жарқырап көрінді» десек, әлдеқайда нақтырақ болатын шығар. Яғни бұл қойылымды көрермен қауым барынша жылы қабылдады, соған орай «Шырақ жанған түн» пьесасы жас қаламгердің тұңғыш туындысы ғана емес, сол кездегі қазақ драматургиясына соны леп, ерекше бір жаңалық әкелген дүние ретінде бағаланды.
Сөйтіп жетпісінші жылдардың ортасынан бас¬¬тап Нұрлан Оразалин атақты ақын ғана емес, республикамыздағы ең белгілі драматургтердің қатарынан орын алды.
Ал сексенінші жылдардан бастап Нұрлан Оразалин   қоғам қайраткері ретінде  көзге түсе бастады. Ең әуелі Театр қайраткерлері одағын басқарды;  ширек ғасырға жуық уақыт ішінде бірнеше рет ең жоғары дәрежедегі депутат  болып сайланды; еліміздің аға газеті «Егемен Қазақстанның»  тізгінін ұстады. Ал қазір Қазақстан Жазушылар одағына ұзақ жылдардан бері жетекшілік етіп келеді.
Студент кезімізден қатар жүріп,  әдебиетке де ілгерілі-кейінді бір заманда келген менің өзім де Нұрланды осы тұрғыдан танып, мойындайтын едім. Ал қаламгердің толық шығармалар жинағына кіретін осы оныншы томның қолжазбасын қолыма алып, танысып шыққаннан кейін бұл пікірім біраз өзгеріп және бір тоқтаммен толықты. Яғни, бұл ¬оныншы том Нұрлан Оразалинның бұрын маған  мүлдем бей¬мәлім (өзгелер үшін де солай деп ойлаймын)жаңа бір әлемін ашып, оның дарын-қабілетінің төртінші бір қырын көрсетіп берді.
Осыған орай, бұл пікіріміз  жөнінде кеңірек сөз етпестен бұрын ең әуелі жинақтағы шығармаларға  қысқаша тоқталайық.
Жинақтың «Тамырлар» атты бірінші бөлімінде  Нұрлан  Оразалин ұлы Абайдан бастап қазақтың әй¬гілі ақындары Махамбет, Сүйінбай, Дулат,  Шәкәрім жөнінде ой қозғайды; «Алашорданың» көсем¬дерінің бірі Әлихан Бөкейханов туралы сыр шер¬теді.
Ал «Арналар»  деген жалпы тақырыппен беріл¬ген екінші бөлімде қаламгер қазақ халқының  рухани тарихында айрықша із қалдырған, бүгінгі ұрпақтың басым көпшілігі көздерін көріп, сөздерін тыңдап, ғибрат-тәрбиелерін алған Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Ілияс Омаров, Қасым Аманжолов, Әбділдә Тәжібаев, Хамит Ерғалиев, Жұбан Молдағалиев, Зейнолла Қабдолов, Әзілхан Нұршайықов, Ғафу Қайырбековтердің шығар-машылық мұрасы мен азаматтық болмыстарын жан-жақты ашып көрсетеді. Сондай-ақ, Қазақстанның өз ішімен ғана шектелмей, Қытай жеріндегі қазақтың дүлділ ақындарының бірі – Таңжарық Жолдыұлын да әңгімеге арқау етеді. Қыр¬ғыздан шығып, бүкіл әлемді мойындатқан атақты Шыңғыс Айтматовқа да байланысты ¬тар¬тымды естелік айтады. Тағдыры өте күрделі, ғұмырын қоғамдық қайраткерліктен бастап, ақын болып аяқтаған Асанбай Асқаров жөнінде де көпшілік бұрын-соңды біле бермейтін тосын да қызықты әңгіме қозғайды.
Жинақтың «Тұлғалар» деп аталатын үшін¬ші бөліміне қаламгер Мұқағали Мақатаев, Тұман¬бай Молдағалиев, Сәкен Жүнісов, Жұмекен Нәжімеденов, Әбіш Кекілбаев, Рымғали Нұрғалиев сынды шығармашылық ортаға сонау алпысыншы жылдардың басында келіп, ұлттық әдебиетімізді бүгінгідей биік деңгейге көтерген тұлғалардың шығармашылық өмір жолын көркем сөз, айшықты оймен шебер баяндайды. Өмірге өзімен қатар келген, әдебиеттің табалдырығын бірге аттап, тартымды туындыларымен қалың көпшіліктің құрметі мен ризашылығына бірге бөленген, бірақ өкінішке қарай бүгінде ортамызда жоқ Сағат Әшімбаев, Кеңшілік Мырзабеков,  Әшірбек Сығай туралы да  сағынышқа толы сыр шертеді.
Жинақтағы аты аталған тұлғалардың тізіміне қарап отырып Нұрлан Оразалинның бұл жаңа кітабы қазақ халқының бүгінгі мәдени-рухани жетіс¬¬тіктері  мен көтерілген деңгейін барынша жан-жақты қамтитын маңызды дүние екендігіне анық көз жеткізуге болады. Міне, осы тұрғыдан келгенде Нұрлан Оразалин негізгі мамандығы филолог, яғни әдебиеттану болғандықтан бұл саланы жетік меңгергені айқын аңғарылады. Бұл біржағынан заңды да; өйткені біз оқыған жылдарда уни¬верситеттің филология факультетінде  Бейсенбай Кенжебаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Зейнолла Қабдолов сынды ұлттық әде¬биеттің арғы-бергі тарихын, жалпы бүкіл адамзатқа ортақ әдебиеттану ғы¬лымының қыр-сырын жетік білетін, бірі бірінен өткен ғұлама ғалымдар ұстаздық ететін. Әдебиет зерттеу саласының бүгінгі таңда біз білетін ең үздік тұлғаларының басым көпшілігі осы ұстаздардың алдын көріп, тәлім-тәрбиесін алып, түлеп ұшқан еді. Нұрлан Оразалин де – сол мектептің, сол ұстаздардың шәкірті.
Бұл жинақтағы Нұрлан Оразалинның сыншы, зерттеуші ретінде сүйсіндіретін екінші ерекшелігі – зерттеу еңбектерінің тілі барынша құнарлы әрі тартымды, көркем екендігі. Бұл ерекшелік те әдебиетке қатысы бар кез-келген зерттеуші мен сыншыға өте қажет. Өйткені, сөз өнері жөніндегі дүние, мейлі ол жұрт алдында  айтылатын баяндама болсын немесе баспасөз бетінде жарияланатын зерттеу мақала болсын, ең алдымен тыңдаған, оқыған кісінің жан дүниесін баурап, әсерлендіруі тиіс. Бұл үшін  автордың өзі сөз зергері,  қазақтың бай да құнарлы тілін қиыннан қиыстырып, айтар ойын әдемі теңеулермен, кедір-бұдыры жоқ сұлу тіркестермен  нақты, қызықты әрі тартымды етіп жеткізе алатын болуы керек. Нұрлан Оразалинның бұл жинақтағы дүниелерінің кез келгені6 міне, осындай сұлу да таңғажайып сұлулығымен, көркемдігімен риза етеді.
Жинақтағы Нұрлан Оразалинның сыншы, әдебиет зерттеушісі ретіндегі үшінші ерекшелігі – қандай ақын, жазушы туралы қалам тербесе де, жеке бір тұлғаның суреткерлік ерекшелігімен, оның туындыларының көркемдік сапа-дәрежесімен ғана шектелмейді; сонымен қатар, айтар ойын қазақ халқының қазіргі және болашақтағы ұлттық жағдайының ең өзекті  мәселелерімен де тығыз байланыстыра  отырып сөз қозғайды. Бұл – бүгінгі таңдағы қазақ әдебиеті, нақтырақ айтқанда,біртұтас мәдени-рухани құндылықтарымыз үшін өте маңызды шарт. Өйткені,  кез-келген шығармашылық тұлғаның туындысы өз ұлтының бүгініне де, ертеңіне де қызмет етуі тиіс; дүниеге келген әрбір жаңа толқын,  жас ұрпақтың санасына, ақыл-ойына, ұғым-түсінігіне, намысы мен патриоттығына қанат бітіруі керек. Соған орай, қаламгер өз ұлтының өсіп-өркендеуіне, өзгелермен терезесі тең ел болуына қандай кемшіліктер, нендей керітартпалық пен бойкүйездіктер кедергі жасап, аяққа тұсау болып отыр – соның бәрін артық айтып үркітіп алмай, кем айтып, бей-жай қалдырмай, намысты оятатындай, сананы сілкіндіріп, жігерлендіретіндей көркем тіл, асыл сөз, салмақты оймен жеткізе білуі керек. Міне, осындай шығармалар ғана өз халқымен бірге мәңгі жасайды; ұрпақтан ұрпаққа ауысып, өз ұлтының нағыз асыл дүниелеріне айналады. Абайдың ұлы ақын болатыны,  оның шығармаларының қай заман, қандай қоғам келсе де, көркемдік құндылығы мен рухани маңызын титтей де жоғалтпай, керісінше бағасының уақыт өткен сайын арта түсетіні де ең алдымен осыған байланысты. Нұрлан Оразалин бұл жинақтағы шығармаларында  ақындар мен  қоғам қайраткерлері туралы сөз қозғағанда айтар ойын, негізінен, осы тұрғыдан түйіндейді. Бұған нақты бір мысал келтірейік. «Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда?!» дейді ұлы Абай... Сонау он тоғызыншы ғасырдың төрінен бүгінгі заманның құйтырқы мінезін көріп-біліп тұрғандай сөйлейді ғұлама жан... Белгілі жырдың әлгіндей өмірдің ащы шындығын қақыратып айтар  тұстарын оқып отырып, бүінгі дәуір, замана ақиқатын аңғарғандай болатынымыз анық...»,–деп жазады қаламгер Нұрлан Оразалин, «Абай биігі – ұлт биігі» атты толғанысында. Бұл – даусыз шындық. Жиырма бірінші ғасырдың төрінде отырған мына біздің қазір данышпан Абай ақынның сонау он тоғызыншы ғасырдағы айтқанын күн сайын  көзімізбен көріп, естіп, біліп отырған  жайымыз бар. Ақынның шығармаларының  мәңгілік құндылығы да осында, яғни, болашақта болатын келеңсіз жағ-дайларды алдын ала  дөп басып сезіп, айта білген көріпкелдігінде. Нұрлан Оразалин Абай туралы сөз қозғағанда оның шығармаларына осы тұрғыдан баға береді; ұлы ақынның әр туындыларының бүгінгі заманға сай келетін тұстарын барынша жарқыратып, ашып көрсетеді. Соған орай жұртшылықты ақын өлеңдерін тағы бір қайталап оқуға ғана емес, сонымен бірге оларды бүгінгі күнде айналамызда болып жатқан уақиғалармен салыстыра, баға бере,  ойланып оқуға ынталандырады.
Нұрлан Оразалинның Махамбет ақын туралы зерттеуіне де қатысты тура осындай тоқтам жасауға болады. Біз әдетте Махамбетті дауылпаз ақын  ретінде көбірек білеміз; бірінші кезекте оның жауһар жырларына назар аударамыз.
Нұрлан Оразалин бұл жинақтағы шығарма¬ларының бәрінде де өз кейіпкерлерін   тура осылай,  бүгінгі заман қайраткерлерімен тең дәрежеде,  жан бітіре бейнелейді. Бұған қаламгердің өзінің де соңғы отыз-қырық жылда алуан түрлі уақиғаларға толы  қоғамдық ортаның бел ортасында жүрген қайраткерлік қызметі де, осы қызметтерде жүріп көрген-білген, көңілге түйген ой-тұжырымдарының да оң ықпалын тигізгені анық.
Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, Нұрлан Оразалинның бұл жинағы тек бүгінгі әде¬биетімізге ғана емес, жалпы бүкіл ұлттық-рухани дүниемізге қосылған жаңа бір жақсы жаңалық; әдебиетіміздің арғы-бергі тарихына қатысты даңқты  тұлғаларымызды өзгеше қырынан көрсететін  айрықша құнды, бағалы дүние екендігі даусыз.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург,    
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 маусым 2017 г. 630 0