EXPO қалашығында бірнеше ел министрлері мен БҰҰ өкілдері бас қосқан келелі кеңес өтіп жатыр

EXPO қалашығында бірнеше ел министрлері мен БҰҰ өкілдері бас қосқан келелі кеңес өтіп жатырБүгін Астанадағы EXPO қалашығында бірнеше елдің министрлері мен БҰҰ-ның өкілдері бас қосқан келелі кеңес өтіп жатыр. Ауқымды шарада тұрақты энергетика тақырыбы талқыға салынып, әлемдік сын-қатерлерді шешу жолдары нақтыланады. Бұл – министрлік конференция және тұрақты даму энергетикасы жөніндегі сегізінші халықаралық форум. Шара 4 күнге жалғасады. 
Бүгін оның ашылу рәсіміне еліміздің Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, сондай-ақ олардың шетелдік әріптестері қатысты. Атап айтқанда, Ресей, Сауд Арабиясы, Түркия сынды мемлекеттердің энергетика саласына жауапты басшылары конференция жұмысына белсенді атсалысып жатыр. Бұдан бөлек БҰҰ-ның өкілдері де арнайы мәлімдеме жасап, қатысушы елдерді қоршаған орта мәселелеріне айрықша назар аударуға шакырды. Айта кеткен жөн, әлем мемлекеттері 2030 жылға дейін энергетика саласын тұрақты дамытуға арналған өзара уағдаластық орнатқан болатын. Келелі келісімдер бойынша ауаға тарайтын зиянды заттар азайтылып, климатты өзгерту міндеті жүктеліп отыр. Мәселен, біздің ел парниктік газдардың атмосфераға таралуын 15 пайызға төмендетуге мүдделі. 
Бұл міндетті Үкімет 2020 жылға дейін жүзеге асырмақ. Жалпы шара кезінде көтерілген осы және өзге де мәселелер «жасыл энергетика» тақырыбымен тікелей байланысты. Сондықтан оған қатысушы мемлекеттер өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, бірқатар маңызды құжатқа қол қоймақ. Нәтижесінде елордада халықаралық «жасыл технологиялар» орталығын құру жөніндегі бірлескен мәлімдеме жасалады.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 маусым 2017 г. 587 0