Бүгін Астанада басталған халықаралық «EXPO-2017» көрмесі үш ай бойы жалғасады. Жақсыны көрмекке қызылордалықтар да асық. Облыс бойынша ақпараттық ресурстық орталық жетекшісі Жандос Тұсмағамбетовтың айтуынша, күні бүгінге дейін 40 мыңнан астам билет сатылған. Күзге дейін баратындар саны еселенетіні анық.
Әлі де болса, билеттерді Қызылорда қаласындағы «Жібек жолы» сауда үйінен, «Меломан» дүкендер желісінен, «Қазпошта» бөлімшелерінен қолма-қол, көрменің ресми сайтынан онлайн түрде алуға мүмкіндік бар. «Астанаға қалай барам, барған соң қайда қонам?» деген сұрақтардың да шешімін жергілікті билік тауып қойды. «Қызылорда-Көкшетау», «Қызылорда-Петропавл» пойыздарына 36 вагон жалғады. Ал «ТұранТрансСервис» жолаушылар компаниясы облыс орталығы мен Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарынан күнделікті 5 көлік шығарып тұрады. Арал мен Қазалы аудандары Қостанай арқылы жеткізуді қарастырып отыр. Елордада Сырдан барғандарға 48 пәтер бөлінді. Орташа құны – адам басына 8 мың теңгеден.
Көрмеге келгендер тек Астанадан қайтпайды. Біздің өңірдегі «Қорқыт ата» зиярат ету кешені мен «Байқоңыр» кешенін де тамашалай алады. Жұлдызды қалашық пен екі ортаны әуе рейстері жалғайды. Қармақшыға келген қонақтар этноауылға соғып, қазақтың ұлттық құндылықтарымен танысады. Шетелдіктер Қазақстаннан ерекше әсермен қайтады деп сенеміз.
Назерке САНИЯЗОВА.