ЭКСПО-2017: "Нұр Әлем" ұлттық павильоны қонақтарға ресми түрде таныстырылды

ЭКСПО-2017: "Нұр Әлем" ұлттық павильоны қонақтарға ресми түрде таныстырылдыБүгін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде еліміздің «Нұр Әлем» атты ұлттық павильоны қонақтарға есігін айқара ашты, деп хабарлайды арнаулы тілшіміз Дәуіржан Елубаев.
Қазақстанның павильонын шетелдік журналистер мен қонақтарға «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының Контент және іс-шараларды ұйымдастыру департаментінің директоры Марат Омаров таныстырды.
«Бүгін біз көрменің басты объектісі «Нұр Әлем» павильонын сіздерге таныстырамыз. Павильонның 1-қабатында Ұлттық павильон орналасқан. Мұнда 2 аумақ бар. Біріншісінде, сіздер еліміздің салт-дәстүрі, мәдениеті мен тарихын көре аласыздар. Екінші аумақ «жасампаз энергия» деп аталды. Онда қазақстандық ғалымдардың баламалы энергетика саласындағы ең үздік жобалары қойылған. Жалпы павильон 8 қабаттан тұрады», - деді директор.
Осы орайда департамент басшысы 8 қабаттан тұратын ғимаратта қандай жобалар қойылғандығын айтты.
«Сфераның биіктігі - 90 метр. Павильон әлемдегі сфера пішіндегі жалғыз ғимарат. Келген қонақтар көрмені 8-қабаттан бастап аралайды. Онда сіздер Астаның 2050 жылы қандай болатынын көресіздер. Кейін қонақтар саты арқылы төменгі қабаттарға түседі. 7- қабатта ғарыш энергиясы, 6-қабатта күн, 5-қабатта жел, 4-қабатта биомасса, 3-қабатта кинетикалық, 2-ші қабатта су энергиясына қатысты жобалар қойылған. Бүгін мұның барлығын қонақтар көре алады», - деді М.Омаров.
Айта кетейік, «Нұр Әлем» павильоны - көрменiң орталық объектiсi. Оның диаметрi 80 метр, биiктiгi 100 метрдi құрайды. Қазақстан павильоны сфера пiшiнiндегi әлемдегi жалғыз ғимарат. Оның салмағы - 13 мың тонна. Әр әйнектiң салмағы 600-800 келiге дейiн жетедi. Аталған павильонда «Болашақ энергиясының музейi» орналасқан. Музейде Қазақстанмен таныстыратын аумақ пен негiзгi энергия көздерiн тамашалауға болады. «Нұр Әлемнiң» әр қабатында сан алуан тақырыптағы экспозициялар орын тепкен.
Айта кетсек, «ЭКСПО» көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінен 1200-ге тарта отандық және шетелдік журналист ақпарат таратты. Қазақстанның барлық облысынан ат арылтып тiлшiлер де келген.
Естерiңiзге сала кетсек, «ЭКСПО» көрмесіне 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысуда. Көрме «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналған.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 маусым 2017 г. 917 0