Қаратаудың ен байлығын кәдеге жарату барысында тәп-тәуір жұмыс бастап, оны оңтайлы ұйыстыра білген кәсіпорынның бірі – Шиелі ауданындағы «Шиелі Тас Оңтүстік» ЖШС.
Осыдан 7-8 жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 2009 жылдың көктемінде бұл қадамға замана тынысын дұрыс сезініп, тура бағыт ұстанған Ермек Хасанаев сынды азамат барды. Рас, алғашында өндірістік қиыншылық та, басқа да кедергі кезікті. Аздап абыржу болғанымен, негізгі мақсаттан жаңылысқан жоқ. Аудан орталықтары мен шеткі елді мекендердің ауылішілік жолдарын жөндеу жұмыстары да осы кезде бас¬талды. Бұл бір жағы еліміздің даму сипатын көрсетсе, екінші жағынан Үкіметтің тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту тұрғысындағы оңды іс-қимылының нәтижесі еді.
Міне, осы тіршілікті жете сезінген кәсіпорын басшылары әуелі қиыршық тастарды шығару және оны тиімді саудалай білу жұмыстарын қолға алды. «Талапты ерге нұр жауар» демекші, алғашқы нәтижесі жаман болған жоқ, өйткені, құрылыс материалы – қиыршық тасқа деген сұраныс расында мол еді. Кәсіпорынның өнімдері облыстың түкпір-түкпіріне автокөліктермен, вагондармен жөнелтіліп жатты. Тиімді әріптестер қатары ай сайын молая түсті. Бертінде еліміздегі маңызды нысан – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің құрылысына, «Бейнеу-Шымкент» газ құбырын салуға қатысты. Сол секілді «Шиелі Тас Оңтүстік» ЖШС Сыр мен Арқаны байланыстырып жатқан «Жезқазған-Сексеуіл» темір жолының жұмысына да әріптес бола білді. Бұл кәсіпорынның қаз-қаз тұрып, сенімді әріптес болу шығар.
«Шиелі Тас Оңтүстік» серіктестігі қиыршық тас өндіріп, құм тасымалдаумен шектелмей, өзге де ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. Оның бірі 2013 жылы жылына 60 мың тонна әк шығаруға мүмкіндігі бар жобаны қолға алуы еді.Жобалық құны 777 млн теңгеге бағаланған кәсіпорынның алғашқы өнімін аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев арнайы келіп көрді. Мұнда науқан кезінде 80-нен астам жұмысшы-қызметкер еңбек етеді.
– Шикізаттық емес индустриалдық саланы ¬дамыту мақ¬сатында кірпіш шығаратын зауыт және цемент өндіруді жоспарлаған едік, сол мақсатта әлі де ұйымдастыру жұмыс¬тарын жалғастырып келеміз. Осы бағытта көптеген жергілікті тұрғын жаңа жұмыс орнымен қамтылатын болады, –дейді серіктестік директоры.
Соңғы технологиялармен жабдықталған өндіріс орнында тәжірибелі мамандар мен еңбекке төселген шеберлер қатары молая түскен. Бұл өнім өндіру арқылы, уақытылы мол жалақы алудың, бастысы – дұрыс жұмыс ұйымдастыра білудің нәти¬жесі екендігі түсінікті.
Әйтсе де, өндіріс орнында дәнекерлеуші, жүк көлігінің жүргізушілері, энергетиктер, экскаваторшы, жалпы техникамен жұмыс істейтін мамандыққа зәрулік бар. Серіктестік директорының айтуына қарағанда, әлі де өндірісте жұмыс істеп төселмеген жас мамандарды тәжірибелі маманның жанына қосып үйрету дағдылы.
Иә, «Шиелі Тас Оңтүстік» ЖШС алып құрылыстар алаңына айналды.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы,
Қаратау бөктері.