МИКОЛА – МӘКІБАЙ

МИКОЛА – МӘКІБАЙКүні кешеге дейін Қазалы ауданының Кәукей ауылында Мәкібай есімді қария тұрды. Оның ауылға – кіл қазақтың ортасына сіңісіп кеткені сонша, ұлты басқа деп ешкім ойламайтын. 
Ақсақалды қазақ жеріне, Сыр өңіріне тағдыры айдап әкелген еді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, 1941 жылы Қазақстанға күштеп көшірілгендердің арасында ағасы және әкесімен бұл да болған. Арып-ашыққан олар шалғай жердегі Бозкөл ауылына кеп тұрақтады. Аштық қатты әсер етті ме әлде ауырды ма, әкелері көп ұзамай көз жұмды. Жетектеп келген қос ұлы панасыз қалды. Басқа балалармен ауыл сыртына қозы-лақ бағып кеткен екеуі әуелгіде әкелерін іздеп әрі-бері жүгіреді. Ол кезде арбаға артылған астық ауылдардан Қазалы стансасына жөнелтілетін. Бірде жүк тиелген вагондардың стансада тоқтап тұрғанын көрген ағайындылардың үлкені жүргелі тұрған біреуіне қарғып мінеді де, інісі қорқып қалып қояды. Жат жұртта әкесінен өлідей, ағасынан тірідей айырылған оны Қайып Дәрібайұлы бауырына басады. 
Қайып атаның жиен немересі Нағима Алматқызы бұл жайында былай дейді: 
– Микола есімді неміс баласын асырап алған нағашы атам оған өзінің тегін береді. Мәкібай деп отырғаным – сол кісі. Сөйтіп, Қайыпұлы Мәкібай ауылда оқыды. Жасы жеткен соң әскерге алады. Әкесі Қайыпқа хат жазып, әскердегі суреттерін салып тұрады. Азаматтық борышын Ресейде өткізгендіктен Мәкібайды ауылдағылар қайтып келмейді деп ойлаған. Бірақ Мәкібай Қайып әкесі мен Күләбза анасының ортасына, өзін құшағына қысқан қазақ отбасына оралады. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Кейін Жезқазған ба, басқа ма, Қазақстанның бір өңірінен ағасынан хат келеді. Інісін іздепті. Бірақ әбден қазақ болып кеткен Мәкібай оны жауапсыз қалдырған. 
Нағима апаның айтуынша, ержеткен шағында отау құрайын десе, түрі бөтендеу болғасын Мәкібайға ауылдағы қыздар жоламапты. Содан әкесі тарығып жүрген Ұрқаман есімді қызға: «Түрі басқа демесең, ұлым бар, сені келін етіп алайын», – дейді. Қайыптың қайырымды жан екенін сезген қыз келіседі. Сөйтіп, Мәкібай мен Ұрқаман үйленіп, бала-шағалы болып, немере-шөбере сүйді. Екеуі Қайып ақсақалдың қарашаңырағына ие болып, түтінін түтетті. Кейін олардың орнын ұлы Орынбай мен келіні Гүлнар басты. Қартайған кезінде екеуін бағып-қағып, баталарын алды. 
– Мәкібай ата мен Ұрқаман апа бірінен кейін бірі көп ұзамай дүние салды. Ұлы Орынбай текті жердің қызын алды. Гүлнар жан-жақты келін болды, қолынан келмейтіні жоқ. Балаларының бәрі әртүрлі салада еңбек етеді. Немере сүйді. Қайыповтар отбасы бүгінде Кәукей ауылында тұрады. Ата жолымен мал бағып, құс өсіріп отыр, – дейді Нағима апа. 
Мәкібай ата қазақ қана емес, мұсылман да болды. Үлкейген кезінде ислам дініне бет бұрды. Сақал-мұрт қойып, намазға жығылды. Жат жұрттан дәм-тұз бұйырған жан осылайша қазақтың мәрттігі мен кеңпейілдігін бойына сіңіріп өтті. 

Н.САНИЯЗОВА.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 маусым 2017 г. 1 019 0