Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Сыр елінен 75 мың адам қатысады деп жоспарланып отыр. Облыстан көрмеге теміржол көлігімен 50 мың адам, әуе көлігімен 10 мың адам және автобуспен 15 мың адам жеткізілетін болады.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жаңабаев мәлімдеді.
Көрме өтетін кезеңде Қызылорда қаласынан Астана бағытына 3 жолаушы пойызы ұйымдастырылған. Күнделікті «Қызылорда-Көкшетау» пойызы, жұп күндері «Қызылорда-Петропавл» және тақ күндері «Қызылорда-Астана» пойызы жүреді. «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде Қызылорда облысынан бөлінген квота күніне 536 орынды құрайды.
А. Даутбаев, «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» филиалының Қызылорда участогы басшысының міндетін атқарушы:
- «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде «Көкшетау-Қызылорда» пойызының әрбір құрамына 4 плацкарт вагон және «Петропавл-Қызылорда» пойызының әр құрамына 10 плацкарт вагоннан қосымша тіркеледі. Көрмеге баратын жолаушыларға теміржол билеттерін брондау 2017 жылдың 15 сәуірінен басталды. Пойыздардың сапарға шығатын күніне 5 күн қалғанда барлық билет ашық сатылымға шығарылады. Қазіргі таңда темір жол билеттерін брондауға 12 ұйымдасқан топтан өтінім берген. Бұл – жалпы теміржол көлігімен облыстан жоспарланған жолаушылардың 4,7 пайызы.
Әуе қатынасына келер болсақ, «Қызылорда-Астана» бағыты бойынша «Эйр Астана» АҚ және «Бек Эйр» АҚ әуе компанияларымен аптасына 14 әуе рейсі қатынайды. Бұл уақытта Байқоңыр ғарыш кешеніне шетелдік және отандық туристерді тарту үшін «Астана-Байқоңыр-Астана» және «Алматы-Байқоныр-Алматы» бағыттарына чартерлік әуе рейстері қатынайды деп күтілуде.
Автомобиль көлігімен қатынау мәселесі бойынша Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктерінің меморандумына сәйкес «ТрансТурСервис Қызылорда» ЖШС күнделікті 5 автобус, жеке кәсіпкер Л. Мамитанова 2 автобустан, «Ақжол-2000» ЖШС 1 автобус барлығы 8 автобусты жөнелту жоспарланып отыр.
Бүгінгі күні облыстан 50 автобустың Астана қаласына кіруі үшін рұқсат алуға жүргізушілердің және автобустардың құжаттарының көшірмелері Астана қаласының әкімдігіне жолданып, тиісті шаралар жүргізілуде.