ДІНДЕГІ ІНЖУ-МАРЖАН ХИКАЯТТАР

                                Ғалам қашан жаралған

Ғалам жаратылғалы қанша уақыт өтті деген сұраққа ғылым әртүрлі тұжырым жасайды. 3, 5 миллиард жылдардың арасын айтады.
Ал, дін не дейді?
... Бірде Мұхаммед пайғамбар Жәбірейіл періштеден:
– Екеуміздің қайсымыз үлкенбіз? – деп сұрайды.
– Кеңістікте бір жарық жұлдыз бар. Отыз мың жылда бір-ақ рет көрінеді. Мен сол жұлдыздың отыз мың мәрте шыққанын көрдім, – дейді Жәбірейіл әлейкі салам.
– Ол жұлдыз менің нұрым еді, – дейді Мұхаммед, – Хақ тағала жаратқан соң менің нұрым кеңістікті елу мың мәрте айналып шықты. Әуелі менің нұрым жаратылып, кейін бүкіл жаратылыс пайда болды. Олай болса, мен үлкенмін.
Пайғамбарымыз осылай деген. Яғни, Мұхаммед нұрының жаратылғанына 1 миллиард 500 миллион жыл, өзге дүниенің жаратылғанына шамамен 900 миллион жыл өткен. Ал, нұрдың кеңістікте кемелденуіне 600 миллион жыл уақыт керек болған. Бұл – Алла ғылымының ақиқаты.


                     Ұлық сипат пен кішік қасиеттер


Бастауы, ақыры жоқ бір Алла. Күллі дүниенің басы да, соңы да өзі. Оның ғажайып асыл заты еш нәрсеге ұқсамайды, серігі жоқ.
Бірақ Алла Адамды өз сипаттарына ұқсас етіп жаратқан. Мысалы Алланың көру, есту, қалау, сабыр, тағы басқа сипаттары Адамда да бар. Осы сипат, қадір-қасиетерді тізіп санай берсек, 999 болып шығады екен. Мыңыншы сапа Періштелерге тиесілі. Мың бірінші сапа Алланың өзіне тән.
Адам бойындағы 999 қасиеттің 900-і дене қасиеттері, 99-ы рух қасиеттері болып келеді. Дене қасиеттері рух қасиеттерінің ұлғайып, күшеюіне қызмет етеді. Дененің әр он қасиеті рухтың бір кішік қасиетін демейді. Рухтың ең ұлық 9 сапасы 900 қасиеттен де, солар арқылы бүкіл сыртқы ғаламнан да нәр алады.
Адам бойындағы 999 жақсы қасиеттің дәл осынша жаман сыңары бар. Мысалы көру-соқырлық, есту-кереңдік, жомарттық-сараңдық, осылай кете береді. Адамдағы қасиеттердің жақсы мен жаман жағы 50 де 50 немесе 70 те 30 пайыз болуы мүмкін. Адам сапасы осы қатынаспен анықталады.
999 қасиеттің біреуі ғана жоғары дәрежеде дамыса, ол адам халық ішінде үлкен құрмет иеленеді.
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі», – деген Абай біз айтып отырған нәрселерді бес саусағындай білген. 


                      Періште мен шайтан туралы

Періште туралы Құранда, діни ғұламалар еңбектерінде өте көп мағлұматтар бар. Оқи бергің келеді. Таңғаласың, тамаша бір күйге енесің.
Періштелер – Алланың тікелей көмекшілері. Жаратушыны жүзбе-жүз көрмесе де, еркін тілдесе алады. Олар өте білімді, егер Алла оларға: «Жердің асты мен үстіндегі судың есебін айт» десе, адам кірпік қағам дегенше айтып бере алады. Сол қас-қағым сәтте жерге түсіп, қайтадан көкке көтеріледі. Ғажап емес пе?!
Егер періштелер жерге түспесе білімі теңіздей терең аталарымыз «айтқаның періштенің құлағына шалынсын» демес еді. Періштелердің құлағы отыз тоғыз күн жабық, бір күн ашық болады екен. Оның осы қырық күннің қай күнінде ашық болатынын адамдар білмейді. Үлкен кісілердің: «Аузыңа абай бол, періште аумин деп жүрмесін» деп кейитіні тегін емес.
Ал, шайтан туралы не айтуға болады? Оның жамандықтары біздің шашымыздан да көп. Бір ғана жақсы жағы бар. Егер шайтан дүниеге қызықтырмаса, адамдар фәни жалғаннан мүлдем түңіліп кетер еді.


                       Кім жұмаққа барады?

Періштелер жердегі адамдардың тірлігін қалт жібермей қарап тұрады. Сосын өзара «Мына кісі жұмаққа лайық, ана кісінің орны тазақ» деген әңгімелер айтысады. 
Осындай бір сәтте Алла оларға: «Араларыңнан біреуің жер бетіне барып, адамдарды сынап қайтыңдар» депті. Алланың осы өкімімен бір періште жарге адам бейнесінде түсіп, талдың көлеңкесінде намаз оқып отырған кісіге жолығады. Ол адам намазын ұзақ оқиды. Періште-адам  да күтіп тұра береді. Әлдебір уақта намазын болған әлгі кісі адам бейнелі періштеге зеки сөйлейді: 
– Неғып тұрсың, селтиіп. Менде алашағың бар ма еді? 
– Жоқ, сізге бір сұрағым бар еді.
– Айт, болса. 
– Мына иненің көзінен түйені өткізіп жіберуге бола ма? – дейді сонда адам-періште қолындағы инені көрсетіп.
–Өзің бір топас екенсің. Түйе саған жіп пе еді! Жоғал» – деп әлгі кісі онан сайын зекіп тастайды.
Адам-періште біраз жер жүріп, тағы бір талдың түбінде ұйықтап жатқан адамға кез келеді. Зорға оятып алады, өзі мас екен.
–Сізге бір сұрағым бар.
–І-і-ім...
–Мына иненің көзінен түйені өткізіп жіберуге бола ма?
–Сен өзі құдайды танитын адамсың ба? –дейді мастығы тарқамаған әлгі адам, – Егер құдай қалап тұрса, иненің көзінен түйені емес, керуенді өткізіп жіберуге болады.
Періште мекеніне қайтып оралады. Аллатағала одан: 
–Екі адамның қайсысы пейішке барады? – деп сұрайды. 
–Менімше, керуен туралы айтқан адам барады.
–Ғайыпты мен ғана білем демеп пе едім. Ақылдарың жетпейтін іске араласпаңдар, – дейді Аллатағала.
 Періштелер тәубеге келіпті.


                    Патшаға құдайды мойындатқан бала

Аллаға сенбейтін бір елдің патшасы мұсылмандарға: «Егер маған сендердің ғұламаларыңның біреуі құдайдың бар екенін дәлелдеп бере алса, онда мен тұтас еліммен сендерге қосылып, мұсылман боламын. Дәлелдей алмаса, ол адамды өз жағыма шығарамын» – депті.
Жарлық бойынша ғұламалар бірінен соң бірі барып, құдайдың бар екенін қанша дәлелдемек болса да, патша олардың дәлелін тән алмайды. Оқымыстылар пұшайман күйге түседі. Осы кезде  мешітте дәріс алып жүрген бір шәкірт «мен барайын» депті. Ұстазы «мен жүрексініп тұрған іске бұл қалай барады» деп ойласа да, баланың бетін қақпайын дейді. Сөйтіп оны патшаға алып келеді. Патша баланы көріп, «бұл басымсынғандарың ба» деп баламен сөйлескісі келмейді. Сонда бала:
 – Сізге үлкен кісі керек пе, әлде сұрағыңызға жауап бере алатын кісі керек пе?– дейді. Баланың батылдығын аңдаған патша:
– Құдай бар ма?–дейді сөзді әдеттегі сұрағымен бастап. 
– Сіздің кеудеңізде жан бар ма, соны айтсаңыз айтар едім. 
Баланың қарсы сұрағы патшаға қызық көрінеді, «жоқ» дейін десе, «онда қылышпен шауып байқайық» деуден тайынбайтын түрі бар. 
–Жаным бар, – дейді патша.
– Оны қалай білдіңіз?
– Ақылмен білдім.
– Ендеше, құдайдың бар екенін де ақылмен білесіз. Құдай бар.
– Құдай бар болса, оның мекені қайда? – дейді патша.
– Бір тостаған сүт алдырыңыз, – дейді бала. Дереу сүт әкелінеді.
– Осы сүттен май шыға ма? – дейді бала.
– Шығады.
– Сол май сүттің астында ма, үстінде ме, әлде бүйірінде ме?
– Оны біле алмаймыз.
– Алланың мекені де осы сияқты. Біз бен сіз оны біле алмаймыз.
Патша жеңіле бастағынын сезіп, үшінші сұрағын қоюға оңтайланады.
–Үшінші сұрағыңызға сіз төмен түсіп менің орныма, мен жоғары шығып сіздің орныңызға отырғанда ғана жауап беремін, – дейді бала.
Патша келісіп, төмен түседі де:
– Қазір сенің бар деген құдайың не ойлап тұр? – дейді.
– Жаңа сіз мен келгенде сәлден соң осы бала таққа отырады, мен алдында тұрамын деп ойламап едіңіз. Ал, құдай соны ойлап тұрды, – деп жауап береді бала. 
Мұнан әрі патша тілсіз қалады. Құдайдың бар екенін мойындайды. Сондағы құдайдың бар екенін мойындатқан бала мұсылман әлемінің атақты төрт имамының бірі болған Әбу Ханифа екен.


                     Алланың жазуы болады

Пайғамбар заманында бір қызы бар кемпір-шал өмір сүріпті. Өздері сіңірі шыққан кедей екен.
Бір күні шал Пайғамбарға келіп: «Уа, Мұхаммед, жоқшылық көріп тарықтым. Менің өтінішімді Аллаға жеткіз, маған байлық берсін» – дейді.
Сол кезде Жәбірейіл періште келіп, Мұхаммедке: «Бұл өмірі еңбек етпеген адам. Жаппар Хақ өзіне шақ несібесін беріп қойған. Осы дәрежесімен өмірден өтеді» – дейді. Пайғамбар сонда да болса: «Алла тағалаға жеткіз, шапағат етсін» – деп өтінеді. Жәбірейіл періште көкке көтеріліп, Раббының жауабын әкеледі. «Өзеннің суына сүңгіп тұрып тілесін. Бір-бір тілектерін беремін» – депті Алла.
Мұны естіген шал қуанып, үйіне барады. Кемпірі, қызы үшеуі құдайдан біреуі патша, біреуі патшаның әйелі, біреуі ханшайым болуды тілейік деп келіседі. Ертеңіне өзен жағасына келеді. Өзеннен қиялы терең шал шешініп, дайындалып тұрғанда, шыдамаған кемпірі оны итеріп жіберіп, суға қойып кетеді. Сәлден кейін сәні келіскен, әшекейлері әр берген сұлу әйел болып қайта шығады. Осы бір сәтті аңдып тұрғандай-ақ өзен басына бір топ атты жігіттер келіп қалады. Бұлар байлықтары тасыған осы елдің еркелері мен серкелері еді. Олар ұсқынсыз шал мен бейшара қыздың қасында тұрған алтау араз болғандай әсем әйелді көріп, «бұл бізге лайық екен» дейді. «Мен сендерді көп күттім» деп әйел оларға  мінгесіп жүре береді. «Сәл шыдасаң етті, мен қазір патша болайын деп тұрған жоқпын ба?» – деп айқайлайды шал. Бұл сөзге аттылар қарқылдай күледі. Ашуға булыққан шал суға сүңгиді де: «Е, Алла, менің әйелімді шошқа қылып жібер» – деп тілек етеді. Шынында сұлу ханшаға айналған әйел ат үстінде шошқаға айналып кетеді. «Мыналар сиқыршы екен ғой» деп атты жігіттер шошқаны домалатып тастап, зыта жөнеледі. Шал судан шал күйінде шығады да, шошқа-әйеліне қарап айызы қанады. Қыз байғұс шешесін қорсылдаған қалпында қалдыруға қимай, суға сүңгіп: «Алла, анамды адам кейпіне қайтара гөр» – деп тіленеді. 
Сөйтіп, үшеуі де бұрынғы шал, кемпір, бейшара қыз қалпында қалады. «Өмірден осы дәрежесімен өтеді» деген Жәбірейіл сөзі сөз еді.
Қасиетті кітаптардағы осы әңгімені кездестіргенде Пушкиннің «Алтын балық» ертегісі есіме түсті. Жарықтық Александр Сергейіштің де біздің дініміздегі әңгімелерден хабары болған сияқты.


                     Батин көзді білесіз бе?

Жаратылысы өте керемет адамдардың «батин көзі» ашылады екен. Қазақ мұны «көкірегінде көзі бар» дейді. Бірақ, батин көз көкіректе емес, қолтықтың астында болады делінген кітаптарда. Батин көзге жер үсті, жер асты, бүкіл ғарыш көрінеді.
Ақсақ Темір заманында Баһауаддин деген әулие өтіпті. Осы кісінің батин көзі болған. Мұндай адамдар өз құпиясын айтпаған.
Хазіреті Қыдыр әлейкі салам бұл кісінің аса білімді екенін біліп, сынамақ болады. Ересек бала бейнесіне еніп, бір жиында қолына су құяды. Сол жерде сөзге тартып:
– Әулие, бұрынғының пайғамбарлары абзал ма, Мұхаммед пайғамбардың үмметтері абзал ма? – деп сұрайды.
– Әрине, Мұхаммед пайғамбардың үмметі абзал. Бұрынғының пайғамбары Мұхаммед пайғамбардың үмметіне су құйып тұрған жоқ па? – депті сонда Баһауаддин.
Қыдыр ата ұялыс тауып, үнсіз қалыпты.
Бір ойланатын нәрсе, бүгінгі заманда батин көзі бар деп біреуді көрсету үшін, өзіңнің батин көзің болуы керек-ау.
 
Жиып-терген
Д.АЯШҰЛЫ.





 




НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 маусым 2017 г. 1 179 0